13 Тамыз, 2011

Роза Бағлановаға қойылмаған ескерткіш Виктор Цойға бұйырайын деп тұр

351 рет
көрсетілді
7 мин
оқу үшін
Кімдердің табанының ізі қал­маған топырақ бұл?! Тағ­дыр­дың айдауымен талай жай­саң жерін басып, ауасын жұ­тып, суын ішіп, отын оттаған ғой. Кейбірі бізді зерттеу үшін келсе, енді бірі айдауға түсіп келді. Қазақ топырағында та­лай­дың ізі сайрап жатыр. Сондай адамның бірі – Вик­тор Цой. Білетіндер, бала Ви­тя­ның Сырдың суына сирағын батырып, ыстық күніне арқасын қыздырғанын айтады. Шаңына аунап, қаратірсектермен қағы­сып ойнағанын жеткізеді. Бала­лық шағының біршама бөлігі Ақмешіт алқабында өтіпті. Қау­ы­­н-қарбызын жепті. Балы­ғын аулапты. Кейіннен Виктор Цой сол кездегі Кеңес Ода­ғын­дағы жастардың кумиріне айналды. Ол айтқан ән ауыздан-ауызға тарап жататын. Ол түс­кен кино аншлагпен өтетін. Кей­де «Оның әнді нақышына келтіріп айтуы Сырдың суын ішкенінен емес пе?» деген ой­дың келетіні де жасырын емес. Ғұмыры ерте үзілді демесеңіз, атақ-даңққа кенде болмады. Оның аруағына табынатындар әлі де бар. Цой туралы дерек көр­сетсе, теле­жәшіктің ішіне кіріп кетердей болып отыра­тын­дарды бүгін де кездестіреміз. Тіпті, әр үйдің сыртына «Цой жив» деген сөзді қашап жаз­ған­дарды да көр­генбіз. Қысқасы, бүгінде ән­шінің екінші өмірі дүркіреп өтіп жатыр. Оны енді жасыра алмаймыз. Осыдан біраз бұрын біздің құлаққа «Қызылордада Виктор Цойға ескерткіш орнатылайын деп жатыр» деген әңгіме жеткен. «Бұ қалай?» деп елеңдеп қал­дық. «Жел тұрмаса, шөптің басы қимылдамайды» демейтін бе еді? Сол әңгіме расқа ай­нал­ғалы тұр. Ескерткіштің авторы Рүстем Әлжанов деген азамат екен. Оның айтуынша, Қызыл­ор­дада Цойдың туған-туыстары мен атасы Максим тұрады екен. Әлжанов Цой әулетімен етене араласқан көрінеді. Виктордың Петербургте инженер болған әке­сін де, мектепте дене шы­нық­тыру пәнінен сабақ берген шешесін де білетін сияқты. – Ескерткіштің жобасын тек қалалық құрылыс басқармасы ғана емес, әншінің бар туысы, достары да қолдады. Тек «Кино» тобының гитарашысы Юрий Кас­парян мен Виктордың әкесі ескерткіштің Петербургте болға­нын қалады. Бірақ мен келіспедім. Қазақстанға орнатылады деген ойымнан қайтпадым, – дейді Әлжанов. Гитарасын ұстап, қасқайып тұрған әншінің қоладан құйыл­ған бейнесін қала басшылығы қай­да орналастыруды ойлап жа­тыр екен. Ескерткіштің орталық алаңның қақ төріне орналасуы мүмкін екені де айтылып қалды. Қош деп әңгімемізді осы жерден бір түйіп қоялық. Осы біздікі не? Неге алдымен өзімізді жарылқамаймыз? Ескерткіш қойсақ, өзіміздің мық­ты­лар жоқ па? Біздің пайым былай: ұлт алдымен өзін біліп, тануы керек. Өз тұлғаларына құрмет көр­сету­ге тиіс. Сонан кейін барып қана өзгелерге бет бұруы қажет. Қараңыз, қайбір жылы Алматыда атақты «Битлз» тобына ескерткіш қоямыз деді. Бір кездері «Битлз­дың» әніне билеген бозбалалар, бүгінгі бизнесмендер өздері пір тұтатын топқа сондай құрмет көр­сетпек болған екен. Бұл бас­та­маны естіген зиялылар қатты қар­сылық танытты. Дегенмен, «Битл­зыңыз» қазір Көктөбеде қас­қайып тұр. Алматыдан орын табылма­ғаннан кейін ақшалы «жомарт» жігіттер Көктөбеден орын сатып алып­ты. Сөйтіп, сонда орнатыпты. Қателеспесек, Таразда да сондай бір ескерткіш бар. Ол «Джентельмены удачи» фильмінің кейіпкерлеріне қойылған. Оның не керегі бар еді? Мәселен, Ақ­төбеде Әбдіжәміл Нұрпейсовтің атақты шығармасы «Қан мен тердің» кейіпкерлеріне орна­тыл­ған композиция тұр. Қарасаң, көз тояды. Көңіл марқаяды. Енді бізге «Джентельмены удачи» кейіпкерлері жақын ба, әлде «Қан мен тер­дегі» Еламан мен Ақбала жа­қын ба? Біздіңше басы артық сұрақ. Бүйректен сирақ шығарып отыр демеңіз. Болмаса, тырнақ астынан кір іздеушілердің де қатарынан емеспіз. Біздікі жан­ашыр­лық. Ұлтқа деген жанашыр­лық. Ақшалы азаматтар аз емес Алашта. Дегенмен, бір қынжы­лыс бар. Олардың дені өзге елдің мәдениетімен, руханиятымен тәр­биеленген. Ащы да болса ай­тайық, тамырынан үзіліп қалған. Сондықтан өзгеге қарап елеңдеп, соларға құрмет көрсетіп, құрақ ұшуға дайын тұрады. Енді дейміз, Қызылордада ескерткіш қоятын тұлға туған жоқ па? Әдебиет пен мәдениеттің, қоғам мен мемлекеттің қайрат­кер­лерін айтпай-ақ қоялық. Өнер­де бағы жанған, тұтас ха­лықтың көзайымына айналған ән­шілер Сыр топырағынан көп­теп шыққан жоқ па? Халқы «Ақ­баян» атап кеткен Мәдина Ера­лиева­ға неге ескерткіш қоймай­ды? Ал қойғыш екен, Мәдинаға қойсын. Сырнай сазды сың­ғыр­лаған дауысымен тұтас халықты тербеткен Мәдина кімнен кем? Сәукелесін жел тербеп ән айтып тұрған Мәдинаның ескерткішін қою қиын ба? Өле-өлгенше сахнадан түспеген, кеше ғана ара­мыздан озған Роза Бағлановаға неге қоймайды? Цойдан бұрын Роза дүрілдетпеді ме, әрісі төрт­күл дүниені, берісі Кеңес Ода­ғын? Мүйізі қарағайдай делінетін бірінші хатшы біткеннің бәрі оның әнін ұйып тыңдамады ма? От пен оқтың арасында ән салып, сарбаздарды жігерлендірген де Бағланова емес пе еді? Әрі-бері­ден соң Роза Бағланова Отаны­мыздың Халық қаһарманы ғой. Ескеркіш қоюға лайық адам жоқ емес, бар. Тек көз болғанмен ұлт­тық рух кемшін соғып, оны қоя алмай жүрміз. Сыр өңірінен соң­ғы жылдары жарқырап шыққан бір жігіт болды. Есім-сойы – Нәби Аймұратов еді. «Ең ал­ғаш­қы махаббат» деп танылып, «Мүм­кін емес» деп дүниеден озды. Алып ескерткіш демейміз, осы Нәбиге ең болмаса бір бюст орнатуға болады ғой. Оған не кедергі? Цойға деген ешқандай қарсылығымыз жоқ. Қасиетті кітапта: «Алдымен өзіңді жарылқа, сонан соң барып қана өзгеге қолұшын соз», деп жазылған екен. Сол секілді алдымен өзіміздің ардақтыларға құрмет көрсетілсе деген тілек біздікі. Басқа ниеттен адамыз. Ержан БАЙТІЛЕС, Қызылорда.