13 Тамыз, 2011

Құлагер – қазақ рухының қанаты

4614 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін
Көкшетау жұртшылығы ша­Һар­дың кіреберіс қақпасында кермаралдай керілген атақты Құлагер ескерткішінің ашылу салтанатына қатысып, жүрекжарды мүбәрәк тілектерімен бөлісті. – Халқымыздың тарихы мен дала мәдениетінің ажырамас бөлі­гі саналатын Құлагер бейнесі біз үшін аса қымбат, – деді облыс әкімі Сергей Дьяченко құттықтау сөзін­де. – Қасиетті Көкше жерінде Ақан серінің әні, Құлагердің ізі қал­ған. Ол – қалың қазақтың ар­ғы­мағы, баршамыздың рух қа­на­ты­мыз. Әсем безендірілген ескерткіш халықтың, жастардың сүйік­ті орнына айналып, ел салтанаты­ның, қызық-қуанышымыздың бай­­рағындай желбірейді. Ұшқыр­лық­тың, сұлулық пен тектіліктің сим­волы саналатын қымбат жәдігер ел рухының беріктігін де айғақтайды. Міне, ақжайма да ағытылып түсті. Биіктегі 8,5 метрлік құс­қа­натты Құлагер Сарыарқаның керімсал самалымен екпіндеп, ұшып кеткелі тұр. Жүрек желпінісіндегі тұлпарымыздың жер жарған даң­қы мен қиын тағдырының тәлім­дерін түйіп өскен жасампаз хал­қы­мыз да жарқын болашағына самғай түскендей тәтті күй кешті. Осындай толғаныс­ты сәтте Қазақ елі ұлт­тық ат спорты түр­лері ассоциация­сы­ның вице-президенті, былтыр Көк­шетау-Астана авто­ба­нының бойында Құлагерге орнатыл­ған ескерткіш идея­сы­ның авторы әрі ұйымдастырушысы Сәдібек Түгел облыс әкімінің иығына шапан жапты. Көкше­нің қадірлі ақса­қал­дары Бүркітбай Ба­тыр­ханов, Қасқыр­бай Әбуов, Моисей Чжен ел қуанышына ортақ­та­сып, бата­ла­рын бер­ді. Бүгін­гі­нің серісі атанған Иран Тасқара ағамыз Ақанның «Құ­­­лагерін» тербетіп, жұртшы­лық­ты теңселтіп тастады. Алақай шашу шашылып, телегей ән-күй төгілді. Дәл осы күні дес бергендей қала іргесіндегі ипподромда ұлт­тық спорт түрлері – көкпардан, қыз қуу мен теңге алудан, ауда­рыс­пақтан Қазақ елі Тәуел­сіз­ді­гі­нің 20 жылдығына арналған 7-ші республикалық чемпионаттың жа­лауы көтерілді. Додалы жа­рыс­қа барлық облыстардан, Астана мен Алматы қалаларынан 300-ге жуық спортшы қатысуда. Көкше жерін бес күн бойы думанға бө­лей­тін жарыстың алғашқы күнінде көкпаршылар бақ сынасты. Бақберген АМАЛБЕК, Ақмола облысы.     Суретті түсірген  Төлеген Қосшығұлов.