13 Тамыз, 2011

Тәуелсіздікпен құрдас кәсіпорын жиырма жылда 132 нысан тұрғызды

345 рет
көрсетілді
19 мин
оқу үшін
1991 жыл. Сірә, бұл кезең, нақ осы жыл Кеңестер Одағы делінетін ұшы-қиы­ры жоқ кеңістікті мекендеп келген тұр­ғындардың сана-сезімдерінен өше қой­майтын шығар. Біз бұл жерде сол тұстағы саяси және әлеуметтік күйзелістер тура­лы айтайын деп отырған жоқпыз. Мыз­ғымастай көрінген Одақтың ыдырауы өзгесін айтпағанда бір­ың­ғай экономи­ка­лық мәшиненің де тас-тал­қаны шығуына әкеліп соқтырды. Дүниедегі ең жаман нәр­сенің бірі – белгісіздік. Алды-артың­ды болжай алмай, ойыңды сан-саққа жүгірту. Осындай белгісіздік адамдардың санасында белгілі бір деңгейде үрей, қорқыныш сезімін де туғызбай қалмайды. Алайда, оралдық құрылыс маманы А.Потиченко мұндай жүгері құм адам­дардың санатынан болмай шықты. Бұған дейін әртүрлі құрылыс трестерінде тиісті тәжіри­бе жинақтаған ол осы 1991 жылы өз ісін бас­тауға бекем бел буды. Ірі мемлекеттік кәсіп­орындар бірінен соң бірі күйреп, баудай түсіп жатқанда мұндай қа­дам­ға бару шын мәнінде жүрек жұт­қан­дық болатын. Бүгінде жиі айтылып, жиі жазылатын жауапкершілігі шектеулі серіктестік деген ұғым мен атау ол кезде өн­ді­рісшілердің сөздік қолданысына ене қой­ма­ған еді. Осылайша оның жаңа бас­таған ісі Орал қаласының әділет орга­нын­да «Аль­таир» шағын кәсіп­ор­ны деген атаумен тіркелді. Оның дәл бұ­лай­ша ата­луы­ның сыры неде? Бұған кейінірек, ма­қала соңында тоқталғанды орынды көреміз. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында қираған кеңестік экономикалық мәшине­нің үйіндісінің үстінде шағын кәсіп­ор­ындар жауыннан кейінгі көктей дүркіреп шыға келді. Біздің бүгінгі кейіпкеріміз құрған шағын кәсіпорын да сол жүздеген жаңа экономикалық ойлау жүйесіне тал­пыныс танытқан қарлығаш – кәсіп­ор­ындардың бірі еді. Жылдар жылжып өтіп жатты. Бүгінгі күн биігінен қарағанда сол жылдарда қап­таған шағын кәсіпорын­дардың көпшілігі­нің ізін де таба алмай дал боласыз. Өйткені, олар алғашында өз өндіріс­терін құруын құрса да, кейіннен уақыт сынына төтеп бере алмады. Жаңа эконо­микалық қарым-қатынастар жағдайында істі алға жылжытудың тиісті тетіктерін таба алмай, бастарын тауға да, тасқа да соқты. Жанбай жатып сөну деген осы да. Оның үстіне егемендіктің елең-алаңында жаңа тәртіппен жұмыс істеуге ерік беретін тиісті норматив­тік-құқықтық актілер­дің болмауы да олар­дың өзінен-өзі ертерек жұтылып кетуіне әсер етті. Ал кәсіби құрылысшы Александр Андреевич осы уақыт аралығында шын мәні­сін­де тыңнан түрен сала білді. Ол өзі құр­ған шағын кәсіпорынды одан әрі дамыту­дың жолдарын іздеп шарқ ұрумен болды. Ізденген қай кезде де мұратына жетеді емес пе? Көп кешікпей жаңашыл жетекші кәсіп­орынның тиімді стратегия­лық бағытын тә­жірибеге батыл енгізе бастады. Осылайша ол құрылыс рыно­гын­дағы өз ұстанымын күннен-күнге, айдан-айға, жылдан-жылға нығайта түсті. Фирманың төрт аяғынан тік тұрып кетуі үшін ең алдымен үнемділік тәртібі қатаң жолға қойылды. Өйткені, кеңестік құрылыс тәжірибесінде орын алған шаш­пашылдық пен ысырапқорлық, материал­дардың талан-таражға түсуі секілді кө­ріністер кейіннен осы саланың біржолата тып-типыл болуына әкеліп соқтырғаны А.Потиченкоға белгілі болатын. Өткен­нен сабақ ала білудің бір мысалы осы да. Кез-келген өндірістік кәсіпорын ең ал­дымен пайда табуға ұмтылатыны белгілі. Осы пайданы кім қалай жаратады? Ол меншік иелері мен қожайындарының жеке ісі ғой дей салуға болар еді. Бұл жерде әлдебір коммерциялық құпиялар жатуы да мүмкін. Ал «Альтаир» құрылыс ком­паниясы бас­шы­сының пайда жөніндегі көзқарасында еш­қандай кұпия жоқ. Ол о бастан пайда мен алынған табыстың елеулі бөлігін өндірістік қуаттарды кеңейту мен жаңғыртуға және жаңа құрылыс техникаларын сатып алуға жұмсап келеді. Сонымен бірге, пайданың тағы бір бөлігі жұмысшылар мен инженер-техник қызметкерлердің мамандықтары мен кә­­сіби шеберліктерін көтеруге бағытталды. Сөзіміз жалаң болмауы үшін бұрынғы шағын кәсіпорыннан бүгінгі ірі құрылыс компаниясына айналған «Альтаир» жө­нін­дегі кейбір деректер мен дәйектерді келтіре кеткенді жөн көреміз. Аталмыш кәсіпорын ұжымы мақаланың қосымша тақырыбына шығарып отырғанымыздай жиырма жыл­дың ішінде 132 нысан тұрғызыпты. Оның бәрін тізбелеп жату еш мүмкін емес. Бір сөзбен айтқанда ол Ақжайық алқабының аж­арына ажар, сәніне сән қосқан, әрі сәу­ле­ті мен сапасы өзара келісім тапқан – әкім­шілік ғимарат­тары мен тұрғын үйлер, сауда кешендері, оқу, денсаулық сақтау, өнер­кә­сіп, комму­налық шаруашылық нысандары, коттедждерден тұратын қалашықтар, жеке шағын қос қабатты үй құрылыстары және жүз­деген шақырымдарға созылатын инженерлік жүйелер деген сөз. Мұның өзі құрылыс фирмасы бір жылда орташа есеппен 6-7 құрылыс нысанын салып пай­далануға беріп отырды деген түсінік­пен парапар. Бұл айтуға ғана жеңіл. Тағы да шегініс жасар болсақ кеңес­тік жүйедегі үй салу тәжірибесінен бізге тек бір ғана ірі панельді көп қабатты тұрғын үйлер тұрғызу «мұраға» қалған болатын. Ол кезде кірпіштен қаланып са­лынған көп қабатты үйлер сирек ұшыра­са­тын. Тәуел­сіздіктің алғашқы жылда­рын­да республикада тұрғын үй құры­лысы жүргізілген жоқ. Өйткені, оның уақыты әлі келмеген еді. Әйтсе де егемен ел бұл мәселені қалай шешер екен, оған мүмкіндігі бола ма деген сауал барша қазақстандықтардың кө­кей­інде жүрген-ді. Бұл мәселе жөнінде сырттан, көрші мемлекеттерден осылар қайтер екен деген пиғылмен сынай қарау­шылар да аз болмайтын. Елбасының бастамасымен өмірге келген Мемлекеттік тұрғын үй бағдарламасы күпті күйінде қалып келген осы мәсе­ленің кілтін ашып берді. Аталған бағ­дар­ламаға сәйкес ірі панельді кеңестік кезең­нен қалған «мұ­радан» бірден бас тар­тылды. Аз уақыттың ішінде республика қалаларында жаңа құ­рылыс жобаларына сәйкес қызыл және ақ кірпіштерден өрі­ліп қаланған 5, 6, 7 және 9 қабатты үйлер бой түзеді. Бұл істің Батыс Қазақстан облысындағы бас мерді­гер­лері­нің алдың­ғы сапында «Альтаир» құрылыс компа­ниясы жүрді. Бұған қоса бұл кәсіп­орын құрылыстың тапсырылу мерзімі мен са­па­сы бойынша өзі секілді құрылыс кә­сіпорындары арасында көш бастай білді. Сөйтіп, өзінің тұрақты да әлеуетті сұ­раныс­шыларын тапты. Тағы да нақты деректерге сүйенсек, тұрғын үй бағдар­ла­ма­сына сәйкес «Альтаир» құрылыс ком­па­ния­сы жалпы ала­ңы 36 000 шаршы метр көлеміндегі 527 пә­терді салып пай­далану­ға берген екен. Бұл, сөз жоқ, бағ­дар­ла­ма­ны іске асыруға қосыл­ған сүбелі үлес бо­лып табылады. Мұндай ауқымды да сапа­лы құрылыс көлеміне өзге отан­дық мерді­герлердің көпшілігі қол жеткізе алмағаны кәміл. Бұған қоса олар бірнеше құрылыс нысандарын қатар бастап оны өз уақы­тында, тіпті белгіленген кестеден бұ­рын аяқтап отырды. Бұған қалай қол жетті? Осы материалды баспасөзге әзірлеу ба­ры­сында «Альтаир» құрылыс комп­­а­ния­­сы­ның бас директоры, ҚР еңбек сіңір­ген құры­лысшысы Александр Потиченко газет тілшісіне мәлімдегендей оның бас­ты сыры – өздерінің меншікті базаларын дамытуға бірінші кезекте көңіл аудары­лып келгендігінде. Мұндай меншікті ба­за­ның қалыпта­су­ын өндірістік және қар­жы­лық тұрғыдан екі бөліп қарастыруға болады. Біріншіден, мұнда құрылысқа қажетті материалдардың дені фирманың өзінде өндіріледі. Кәсіп­орын жанында бетон, ерітінді зауыттары, пенопластирол, пластика­лық терезелер жасау, ағаш пен металл өңдеу цехтары осы пікіріміздің дәлелі. Осынау қосымша өндірістік ор­ын­дар­дың ішкі мүмкіндігі мен қуаты үл­кен құрылыс кәсіпорнына қажетті мате­ри­алдарды өтеу­ге толығымен жетіп ар­тылады. Бейнелеп айтқанда, компания жа­нында шағын бір құрылыс индус­трия­сы іске қосылған. Міне, осындай өзіндік қосымша өн­ді­ріс­­тің есебінен нарықтағы бағаны екі-үш есе төмендетуге мүмкіндік туып от­ыр. Яғ­ни, мұндай жағдайда құрылыс тау­арлары өзін­дік құн категориясына сәйкес компа­ния­ға мол пайда түсіруге септігін тигізеді. Кә­сіп­орынның дербес қаржылық базасын жасау­дың да осындай жолдары іске асы­рылған. Құрылыс нысандарын белгіленген мерзімнен әлдеқайда ерте тап­сыру арқылы да аталмыш базаның қоры молая түседі. Уа­қыт – ақша, қа­ражат делініп жүрген тір­кес­тің бір мәнісі осында болса керек. Осы қыс­қартылған уақыт есебінен бұл кезде ке­лесі кезектегі нысандар құ­рылысы бас­та­лып кетеді. Сайып келгенде, мұның бәрі еңбекті ұй­ым­дастырудың ұтым­ды да тиімді әдістері жолға қойылды деген сөз. Та­быс­тың тағы бір кілті – татулық пен тұ­рақ­тылықта, тәр­тіпте, тапсырылған іске деген жауап­кер­шіліктің молдығында деуге әбден болады. Әрине, А.Потиченко өз қарамағын­дағы жұмысшылар мен инженер-техниктер құра­мына биік талаптар қоймастан бұрын олар­ға жан-жақты өндірістік және тұрмыстық жағдайлар туғызуды бірінші кезекке қояды. Бұл еңбек етуге қолайлы факторлар – жылы шеберханалар мен гараждар, елу пайыздық бағасы фирма есебінен төленетін жұмыс­шы­лар асханасы, еңбек қауіпсіздігі жөнін­де­гі кешенді шаралар, құрылыс маманды­ғы­на бейімі бар талапкер жастарды компания есебінен оқыту жүйесі болып табылады. Республикада Елбасының тікелей тап­сыр­масына сәйкес «100 мектеп, 100 аурухана» құрылысы жобасы кейінгі жыл­дарда қолға алынғаны белгілі. Ал Тәуел­сіз­діктің алғашқы бес жылдығында мұн­дай жобаның он екіде бір нұсқасы жоқ бо­ла­тын. Осындай өтпелі кезеңде рес­публи­ка­ның ең шалғай аудандарының бірі Казталовта жаңа үлгі жобадағы аурухана ғима­ра­ты кешенінің салынып пайд­а­лануға берілгені әлі ұмытыла қойған жоқ. Перзентхана үйі де аурухананың жаңа қонысы жанынан қоса салынды. Осында аман-есен өмірге сәби әкелген жергілікті жас ана өз перзентіне Александр деген есімді беруді құп көр­ге­нін де қалайша айтпай кете аламыз. Бұл адамдарға қашан да қуаныш сыйлау мен жақсылық жасау­ды басты адамгершілік парызы санайтын Александр Потиченкодай үлкен жүректі азаматқа деген елдегі ата-ананың шын ықыласы деп қабыл­дағанымыз орынды. Оның кісілік келбеті жөнінде есімі Ақ­жайық өңіріне кеңінен танымал азамат, шал­ғайдағы Жаңақала ауданын табан аудармастан жиырма жылға жуық уақыт басқа­рып келген Төлеген Мерғалиев былайша пікір білдірді. – Александр – менің түсінігімде іс, жұ­мыс үшін жаратылған жан. Тынымсыз ең­бек оның өмірінің ең басты өлшемі, критерийі. Осындай еңбекқорлық қасиет­ті өз ұрпақтарына атап айтқанда ұлдары Сергей мен Славаның бойына да дары­тып келеді. Ол көршілес Ресейдің Орын­бор облысында дүниеге келгенімен Орал өңірінде мектепке барды. Осында тәлім-тәрбие алды. Азамат болып қалыптасты. Оның араласып-құрала­са­тын достары­ның көпшілігі өзіміздің ағай­ын­дар. Сон­дықтан да болса керек, Алек­сандрдың бойында халқымызға тән қонақ­жайлық, мәрттік, дархандық, жомарттық секілді қасиеттер мол. Не істесе де жүрегінің қалауымен, шын ықылас пейілімен істеуге тырысады. «Альтаир» компаниясы бұ­дан үш жыл бұрын Жаңақала ауданының орта­лы­ғында Елбасы тапсырмасына сәй­кес Ка­пус­тин-Яр полигонынан зардап шек­кен­дер­ге арналған орталықты тұрғыз­ған кезде оның бұл іске жүрек қалауымен беріле кіріскенінен куә болдым. Бұл кезде ол демалыс дегенді мүлдем ұмытты. Күндіз-түні бір тыным тапқан жоқ. Нәти­жесінде үлкен кешен құрылысы белгіленген мерзімнен бұрын іске қосылды. Қазір оның игілігін Ақжайық өңірі тұрғын­да­рымен қатар көршілес Атырау, Маңғыс­тау және Ақтөбе облыстарының азамат­та­ры да көріп отыр. Александр жөнінде жазамын деп от­ыр­сың ғой. Қалай жазамын десең де ол оған әбден лайықты. Шын мәнісінде Ал­ександр Андреевич секілді өз бақытын еңбектен тапқан өз мүмкіндігі шеңберін­де адамдарға жақсылық жасаудан аянбай­тын, сонысынан өзі шексіз қанағат таба­тын өндіріс жетекшілері сирек кездеседі. Құрылыс саласының өңірдегі көш­бастаушысы, қашан да ел ішінде мерейі үстем, шоқтығы биік мердігер биыл Орал қаласында көктемгі су тасқынынан зардап шеккендерге арналған тоғыз қабатты 240 пәтерлік тұрғын үйдің құрылысын үш ай алты күн мерзімнің ішінде толық аяқтап шықты. Биыл «Альтаир» құрылыс компа­ния­сы бұған қоса дәл осындай 240 пәтерлік үш үйдің құрылысын бір мезгілде аяқта­ғанын ескерсек А.Потиченко бас­қарған фир­маның алымдылығы мен ша­лымды­лығына терең көз жеткізе түсеміз. Жоғарыда Т.Мерғалиев айтып өткен­дей, А.Потиченко Қазақстанға жеті жасар бала кезінде ата-анасымен бірге қоныс ау­да­рып­ты. Ол дүниеге келген Озерный кенті Орал қаласынан небәрі сексен километр қашық­тықта екен. Бұл жөнінде ол былай деп еске алады. 1954 жылдың жазы еді. Ту­ған жеріміз бен қалыптасқан өмір дағ­дысын қиып кету біздің отбасына оңайға тимесе керек. Ата-анамызда бұдан басқа таңдау да қалмаған секілді. Оларға перзенттерін оқы­ту, одан әрі тәрбиелеу міндеті тұрған-ды. Осылайша мен Қазақ­станда өсіп, ержеттім. Жоғары білім ал­дым. Мұн­да маған өзімнің қарым-қа­бі­летім­ді көр­се­туге мүмкіндік жасалды. Менің отаным – Қазақстан. Мен өз елім­нің шетсіз де шексіз дархан даласын, Жайық өзенін, тарихы терең топырақтың тірі куәгерлерін жаным­дай жақсы көре­мін. Әрі өз Отаным Қазақ­станның одан әрі өркендей беруі үшін оған өз үлесімді қосуға қашан да әзірмін. Ал туған жерім Ресей мен өз отаным Қазақстанның өзара қарым-қатынасы ту­ра­л­ы айтар болсам бұған дейінгі жылдар­да мызғымастай көрінген екі жақты мемлекеттік шекаралар бүгінде адамдарды алыстат­пай, керісінше біріктіре, топтас­тыра баста­ғаны көңілге қуаныш сезімін ұялатады. Әйтеуір қазір бұл жағдай оң жағына қарай өзгеріп келеді. Кедендік тексерулер әжеп­тәу­ір жеңілдетілді. Бұл ежелден достығы мен ынтымағы жа­расқан қос елдің эконо­микасы үшін де тиімді деп санаймын. Сондай-ақ «Альтаир» компаниясы­ның бас директоры, Орал қалалық мәс­ли­хаты­ның депутаты Александр Потиченко жас мемлекетіміздің Тәуелсіздіктің жи­ыр­ма жы­лы ішінде қол жеткен табыс­та­рын бірінші кезекте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев­тың сарабдал саясатымен бай­ланыстыра қарай­ды. Әсіресе, ол Мемлекет басшысының бо­ла­шақты кеңінен болжай білетін көрегенді­гіне, көп ұлтты Қа­зақстан халқын жұмыл­ған жұдырықтай тас-түйін күшке – тәу­ел­сіздікке қызмет етуге жұмылдыра білетініне қашан да тәнті болып келе жатқанын қай­талаудан танбайды. Бұл ретте біздің бүгінгі әңгі­ме­міздің кейіпкері Елбасының төл перзенті іспеттес – Қазақстан халқы Ассам­блея­сы елеулі рөл атқарып келеді деп санайды. Жиырма жыл кәрі тарих үшін қас-қағымдай уақыт. Алайда осы кезеңде Қа­зақстан азаматтарының бойында ертеңгі күнге, алдағы болашаққа деген сенім то­лығымен орнықты. Республика тұрғын­да­ры өз қарым-қабілеттерін жан-жақты жа­р­қы­ра­та ашып көрсетуге мүмкіндік алды. Ең бас­тысы, олар бүгінгі нарықтық қарым-қаты­настар жағдайында өмір сү­ріп еңбек етуіне бейімделе түсті. Бұл сөз жоқ үлкен жетістік, өте жақсы ны­шан, – деп түйін жасады бізге құрылыс сала­сы­ның майтал­маны Александр Потиченко. Біз әңгіме басында ірі құрылыс комп­а­нясының «Альтаир» аталуының сыры неде деген сауал тастаған едік. Оған жауап қай­тарудың орайы енді келіп тұр­ған­дай. Альтаир жерге ең жақын орналасқан жа­рық шоқжұлдыздардың бірі екенін жұрт­­тың бәрі біле бермеуі де мүмкін. Әрі бұл атау араб тілінен аударғанда ұшып келе жатқан қыран ұғымын да білдіреді екен. Көлемі күннен екі есе үлкен сана­ла­тын Альтаир­дың өзге жұлдыздарға қара­ған­да шоқтығы биік екені де ғылыми-ас­тро­но­миялық тұр­ғы­дан дәлел­денген. «Аль­таир» атауы құры­лыс компа­ниясына жұл­дыз­құ­марлық пи­ғыл­дан емес, биікке ұм­тылу, алға қойылған мақсаттарға жету ние­тінен туған еді, – дейді бұл жөнінде компания жетекшісі Александр Потиченко. «Жаман иттің атын бөрібасар қояды» деген нақылға бергісіз сөз бар хал­қы­мызда. Әрине, бұл тіркестің «Альтаирға» мүлдем қатысы жоқ екені анық. Өйткені, оның атына заты сай кәсіпорын екеніне елдің бәрі қанық. Темір ҚҰСАЙЫН, Батыс Қазақстан облысы. Суреттерде: «Альтаир» құрылыс ком­паниясының бас директоры А.Потиченко; кәсіпорын тұрғызған ны­сандар. Суреттерді түсірген Рафхат Халелов.