Тамызда Алматы қаласындағы мамандандырылған қаржылық соты (бұдан әрі – мамандандырылған қаржылық соты) өзінің бес жылдығын атап өтеді. Ол «Алматы қаласында мамандандырылған қаржылық сот құру туралы» Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 17 тамыздағы № 158 Жарлығымен Алматы қаласының өңiрлiк қаржы орталығы (бұдан әрі – қаржы орталығы) қатысушыларының азаматтық-құқықтық дауларын қарауға уәкiлеттi, облыстық сотқа теңестiрiлген сот ретінде құрылған болатын. Осы сот Президенттің 2009 жылғы 29 желтоқсандағы Жарлығымен таратылды. Заңнамаға бірқатар түзетулер енгізілгеннен кейін, 2010 жылғы 1 қаңтардан бастап, аудандық сотқа теңестірілген, бірінші инстанциядағы сот болып табылатын Мамандандырылған қаржылық сот ретінде қайта құрылды.
Қолданыстағы заңнамаға сәйкес бұл сот қаржы орталығы қатысушыларының қаржы орталығының лауазымды тұлғалары мен органдарының әрекетіне (әрекетсіздігіне) шағымдануды, екінші деңгейдегі банктердің қайта құрылымдау туралы істерді, сондай-ақ қаржы орталығының қатысушысы тараптардың бірі ретінде қатысатын басқа да азаматтық істерді қосқанда, қаржы орталығы қатысушыларының дауларын қарайды. Қаржы орталығының қатысушылары деп бағалы қағаздар нарығының:
• қаржы орталығының қызметін реттеу жөніндегі уәкілетті орган берген заңды тұлғаны мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы куәлігі не қаржы орталығының қатысушысы ретінде аккредиттеу туралы куәлігі;
• қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау жөніндегі мемлекеттік орган брокерлік және (немесе) дилерлік қызметті жүзеге асыруға берген лицензиясы бар кәсіби қатысушыларын айтады.
2010 жылы Мамандандырылған қаржылық соты 29 талап-арызды, 2011 жылдың бірінші тоқсанында – 4-еуін қарады. Бүгінгі күні Мамандандырылған қаржылық соттың құрамы үш судьядан және Жоғарғы сот кеңесінің ұсынымы бойынша ел Президенті тағайындайтын төрағадан тұрады. Республика тәжірибесінде алғашқы рет іс-қағаздарын тек қана мемлекеттік және орыс тілдерінде емес, ағылшын тілінде жүргізу заңнамалық жағынан бекітілді, бұл қаржы орталығының қатысушылары – шетелдік компаниялар өкілдерінің де осы сотқа өтініш жасауларына мүмкіндік туғызатын болды.
Кеңестік дәуірден кейінгі кеңістікте осы сияқты қаржылық соттар әзірше жоқ екенін атап өткен жөн, бұл Қазақстанның – ТМД елдері арасындағы бағалы қағаздар нарығы және банк секторын дамытуда ғана емес, сонымен бірге сот жүйесін дамытуда да танылған көшбасшы екендігін білдіреді. Қаржылық соттар Нью-Йорк, Дубай, Сингапур, Дублин және Лондон (Лондон Коммерциялық соты) қаржы орталықтарында жұмыс істеп отыр.
Мамандандырылған қаржылық сотты құру еліміздің Үкіметі Алматы қаласында қаржы орталығын құру жобасына байланысты ынтымақтастық үшін тартқан Бостон Консалтинг групптың ұсынымына негізделген. Ол бұдан әрі халықаралық қаржы орталықтарын құру саласындағы әлемнің алдыңғы қатарлы тәжірибе жетістіктерінің тұжырымдамасын әзірлеуге және пайдалануға, нарық сегменттеріне түрлі қатысушылардың әлеуетін баға беруге қатысты. Бұл басқа қаржы орталықтарының институционалдық органдарымен қатар, қаржы орталығы қатысушыларының дауларын шешетін дербес мамандандырылған сот құрудың қажеттігі көрсетілген, жұмысқа арналған тиісті ұсынымдар дайындауға мүмкіндік берді. Сонымен қатар шешімдері тікелей ҚР Жоғарғы Сотында қайта шағымдалуы үшін, мәртебесі облыстық сотқа теңестірілді.
Мамандандырылған қаржылық сот істерінің сотта қаралуын айқындауға жұмыс істеп отырған Дубай, Дублин, Сингапур және Лабуан қаржы орталықтарының сот және реттеу жүйесін зерттеу бойынша алдын ала жұмыс жүргізілгенін атап өткен жөн. Мәселен, Сингапур мен Дублиндегі қаржы орталықтары соттарының мейлінше кең ауқымды заңды құқықтары бар және олар тұрып жатқан елдің заңнамасын, не келісімшартқа қатысушылардың таңдаған заңнамасын қолдана алады. Бұл соттарға қаржы орталығының аумағында туындаған немесе оның қатысушыларының бірімен болған коммерциялық заңнама аясынан тыс басқа да мәселелерді сотта қарау мүмкіндіктері берілген. Осындай сотта қаралатын істер аясына, мысалы, еңбек заңнамасына байланысты, жеке мүлік және дене зақымы және тағы басқалар туралы мәселелер жатады.
Сингапурдағы халықаралық қаржы орталығының соты (мәртебесі Дублин сотына ұқсас) жалпы заңды құқықтары бар соттармен салыстырғанда мейлінше кең ауқымды заңды құқықтарға ие және тұрып жатқан елдің заңнамасын не келісімшартқа қатысушылардың таңдаған заңнамасын қолдана алады. Бұл соттың Мамандандырылған қаржылық соттан негізгі өзгешелігі: тараптар таңдап алған елдің заңнамасы негізінде дауларды қарау мүмкіндігі және қаржы орталығының аумағында туындаған дауларды қарау болып табылады.
Өз кезегінде, Дубай халықаралық қаржы орталығының (ДХҚО) соты Бірінші инстанциядағы Сотқа және Апелляциялық Сотқа бөлінеді. ДХҚО Бірінші инстанциядағы Соты бір құрамды болып табылады. Ол мынадай айырықша сот істерін жүргізеді: орталық, оның органдары немесе мекемелері тартылған, сондай-ақ оның алаңында ішінара немесе тұтастай жасалған немесе олар бойынша транзакциялар орындалған келісімшарттардан туындайтын немесе ДХҚО аумағында болған оқыс оқиға салдарынан туындаған азаматтық немесе коммерциялық істер мен дауларды.
Апелляциялық Сот мынадай сот істерін қарайды: орталықтың Бірінші инстанциядағы Соттың шешімдері мен қаулыларына орай берген апелляциялық өтініштерді; соттардың бас судьяның қаулысымен қамтамасыз етілетін олардың қанағаттандырған шағым-талаптарына немесе ДХҚО органдары мен мекемелерінің қоятын талаптарының туындауына қатысты ДХҚО заңдарының қандай да бір нормаларын түсіндіру. Бұл түсіндірулердің заңды күші болуы тиіс. Апелляциялық Соттың шешімі қайта шағымдануға жатпайды.
ДХҚО сотының біздің Мамандандырылған қаржылық соттан негізгі ерекшелігі: екі деңгейлі жүйеде болуы; істердің басқа жоғарғы соттарда қайта шағымдануға жатпауы; ДХҚО алаңында және аумағында жасалған мәмілелерден туындайтын істер қаралады; апелляциялық инстанция ДХҚО заңдарына түсінік беруге құқылы болып табылады.
Осылайша, халықаралық қаржы орталықтарының жоғарыда аталған соттары елдерінің құқықтық жүйесінің ерекшеліктеріне қарай басқа елдердің заңнамаларын қолдана алады. Қаржылық соттардың құқық қолдану тәжірибесі оларды құрудың өзін өзі ақтайтындығын дәлелдеп отыр. Осы соттар қызметкерлерінің біліктілігі және қаржылық қарым-қатынастардың күрделі саласындағы олардың тәжірибелері мен білімдерін шоғырландыру даулардың шұғыл және тәуелсіз шешілуін қамтамасыз етеді.
Алматы – Қазақстанның ірі іскерлік белсенді орталығы екендігін, сондай-ақ мұнда азаматтық және әкімшілік істер санының үнемі өсіп отырғанын ескерсек, Мамандандырылған қаржылық соттың мүмкіндіктері мұнда мейлінше ауқымды түрде іске асырылуы мүмкін деген болжам айтуға болады.
Осыған байланысты, ҚР қаржылық тұрақтылығы және қаржы нарығын дамыту жөніндегі кеңестің шешімімен құрылған жұмыс тобы аясында азаматтық іс жүргізу заңнамасына Мамандандырылған қаржылық соттың қарайтын істеріне бағалы қағаздар нарығына кәсіби қатысушылардың қызметінен туындайтын, сондай-ақ бағалы қағаздар ұйымдастырылған нарығында мәмілелер (операциялар) жасауға байланысты істер санаттарын жатқызу бөлігінде түзетулер енгізу мүмкіндіктерін қарау жөнінде ұсыныс жасалды.
Бұл ұсыныстар осы санаттағы істер бойынша сот істерінің әдетте, аса күрделі және белгілі бір ерекшеліктерімен сипатталатындықтан, қаржы нарығындағы кәсіби қызметті жүзеге асыруға байланысты дауларды жан-жақты және құзыретке сай қарау қажеттігіне байланысты. Бұл өз кезегінде, соттың тиісінше мамандығының және осындай істерді қарайтын соттардың іс-тәжірибелерінің болуын талап етеді. Сонымен қатар, жоғарыда аталған түзетулерді енгізу инвесторлардың мүліктік мүдделерін қорғау қажеттілігіне байланысты туындап отыр.
Ғалия КОКПАНБАЕВА, АӨҚО дамыту комитеті Мемлекеттік қызмет көрсету басқармасының бастығы.