Жайқалтып егін, мыңғыртып төрт түлік мал өсіруге таптырмайтын жер, қолайлы өңір «Қазақтың Швейцариясы» Көкшетаудай-ақ болсын! Ақындар жырға қосқан табиғаты сұлу, суы балдай жер жәннаты құнарлы топырағымен ғана емес, қазақ тарихы мен мәдениетіне, экономикасының өркендеуіне өлшеусіз үлес қосқан, өшпес із қалдырған, жұртшылық жадында ұмытылмастай сақталып қалған ел азаматтары, намысты ұл-қыздарымен де мақтана алады. Солардың бірі — белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Еркін Әуелбеков. Ерекеңнің ерен қажыр-қайраты, адамгершілік асыл қасиеттері, ұйымдастырушылық зор қарым-қабілеті, мәрт мінезі жайлы туралы көп айтуға болады. «Тау алыстаған сайын биіктейді» демекші, арада қанша уақыт өтсе де, оның нар тұлғасы алмастай жарқырай түсері анық. Қарапайым агрономдықтан облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы, министр лауазымына дейінгі еңбек сатыларынан өтіп, ғұмырнамасы соқтықпалы, соқпақсыз бұралаңдарға, асу-белдерге толы болса да, адалдық, әділдік бағытынан еш айныған емес. Мен шағын естелігімде осынау жаны жайсаң замандасымның, ұстазымның біз сияқты шәкірттерін қанатымен су себелеген қарлығаш құсап жетелеп өсіргені, зор ағалық қамқорлық көрсеткені, білікті маман, азамат қатарына жеткізгені жайлы әңгімелемекпін. «Жақсының жақсылығын айт-нұры тасысын» дегендей кейінгі ұрпақ үлгі алатын өнегелерін айту артықтық етпес.
Өткен ғасырдың 50-жылдары қазақтың қарадомалақ балаларының Мәскеудің Тимирязев атындағы ауыл шаруашылығы академиясына оқуға түсуі өте сирек-тін. Ерекең Кеңес Одағындағы іргелі оқу орнын 1953 жылы агроном мамандығы бойынша ойдағыдай тәмамдап, Николаев МТС-на жұмысқа келді. Мен Алматыдағы Қазақ ауыл шаруашылығы институтын 1954 жылы аяқтап, агроном мамандығы бойынша жұмысқа орналастым. Ұжымшарлар жаппай кеңшарларға айналдырылып, тың және тыңайған жерлерді игеру науқанының жаппай басталып кеткен сәті. Бір жыл болмай жатып Ерекең МТС директорына жоғарылатылды. Бір кезде Октябрь ауданында «Марьевка» кеңшарын ұйымдастыруға жіберіліпті деген сөзді естіп, атақ-даңқына сырттай қанық біз бір көруге ынтық болып жүрдік. Аз уақыт ішінде жаңадан шаңырақ көтерген кеңшарды алдыңғы қатарлы шаруашылық қатарына қосты. Айрықша атап өтетін бір қасиеті, кеңседе отыруды білмейтін. Үнемі қиын учаскелерден табылып, күрделі мәселелердің тез де жедел шешілуін өзі бас болып қадағалайтын. Тез арада әлеуметтік-мәдени нысандар мен ғимараттар бой көтерді. Жас мамандардың орнығуын, бірінші кезекте баспаналардың тұрғызылуын басты назарда ұстады. Бір көз жеткізгенім, әкімшіл-әміршіл режімнің, өктем уақыттың талаптарына мойынұсына бермейтін. Әр істі барынша ашық, жариялылықпен шешіп, халықпен ақылдасып отыратын. Демократқа тән кеңдігі кесіп айтатын кесек мінезімен толығып, өзгелерден ерекшелендіріп тұратын. Жұмысының бастан асып жатқанына қарамастан жастарға деген қамқорлығы ерен болатын. 1961 жылы Ерекең облыстық ауыл шаруашылығы басқармасын басқаруға, сонымен қатар облатком төрағасының бірінші орынбасарлығына жіберілді. Мен облыстық комсомол комитетінің бірінші хатшысы қызметіндемін. Жастар мәселелері түрлі бағыттарда өрбіп жататын. Ол кездері тыным дегенді көрмейтінбіз. Тың игерушілер сырттан ағылып келіп жатқандықтан, үй-жай, мәдениет, спорт орындары жетіспей жататын. Мәселелердің бірде-біреуі ұжымшарлардың қатысуынсыз шешілмейтін. Мүйізі қарағайдай директорларды тыңдату да оңайға соға бермейтін. Осындайда Ерекеңнің көп көмегі тиді. Облысты аралап келгеннен кейін мені жастар жетекшісі ретінде шақырып алып жергілікті жағдайдан мол мағлұмат беретін. Жастар жайына қатысты проблемаларды қозғап, толғақты мәселелерді қолмен қойғандай саралайтын. Ой-пікірлерімді сұрастырып, ақылдасып отыратын. 1963 жылы Тимирязев ауданы отау тігіп, мені ауатком төрағасы етіп жіберді. 2 кеңшар Көкшетау, екі кеңшар Қостанай облысынан, бір кеңшар Преснов, сегіз кеңшар Октябрь ауданынан қосылды. «Қырық құрақ» ауданның қиындығы жетіп артылатын. Аупартком, өндірістік ауыл шаруашылығы басқармасы Сулы стансасындағы ПМК-ның жатақханасында, ауатком Сулы элеваторының зертханасында орналасқан. Бірде ауданға Ерекең іссапармен келді. Обкомның екінші хатшысын қарсы алып, аудан орталығымен таныстырдық. Жұмыс орнымызды көргеннен кейін ойланбастан: «Жақсылық, жүр, элеватордың директорына барайық», деді. В. Турищев кабинетінде екен. Ерекең амандық-саулықтан соң: «Сіз кімсіз?» деп сұрақты төтесінен қойды. Анау сасып қалып, жөпелдемеде не деп жауап берерін білмеді. Бір кезде: «Элеватордың директорымын» деді. «Элеватор кімдікі?» «Мемлекеттікі». «Олай болса, деді, Ерекең оған мені нұсқап, мына аудан басшысы мемлекеттің өкілі. Оның зертханада отыруы дұрыс па?» «Еркін Нұржанұлы, мен бәрін түсіндім», деді ол генерал алдында қалт тұрған сарбаз құсап. «Біз қазір шаруашылықтарды аралаймыз. Қайтып келгенше кабинетті босатып қойыңыз. Бірде-бір жиһазға тиісуші болмаңыз», деп әңгімені келтесінен қайырды. Айтпағым, Ерекеңнің екі сөйлемейтіні, кесіп айтатыны, уәдеге беріктігі, мәселені төтесінен қоятыны.
Ерекең үшін үлкен, кіші деген мәселелер болмайтын. Оған тән мемлекеттік көзқарас пен адамгершілік қасиеттердің небір тылсым сырлары нақты іс арқылы өріліп жататын. Әсіресе, жаны да, ары да таза, жұмысқа берілген, өз кәсібіне білікті мамандарды таңдауға мейлінше талапшыл болатын. Темірдей тәртіпті бірінші орынға қоятын ол өтірік айтуға, жалған сөйлеуге жаны қас еді. Дүниеге қызықпайтын. Еңбектегі, өмірдегі ұстазымыз бойымызға дарытып кеткен жақсы мінез мен қасиеттерді одан әрі ұштай түсуге ұмтылатынбыз. Көкшетау, Қызылорда облыстарында басшылық қызметте жүргенде елге, халыққа жасаған жақсылығын айтып-жеткізу қиын.
Адамгершілік құндылықтар кері ысырылған бүгінгідей заманда Ерекең секілді біртуар азаматтың нар тұлғасын, мәрт мінезін, өзгеге ұқсамайтын болмыс-бітімін аңсайды екенсің.
Жақсылық ЫСҚАҚОВ, Солтүстік Қазақстан облысының құрметті азаматы.
Петропавл.