Кино • 12 Мамыр, 2017

Ясауи туралы фильм түсірмекші

351 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жақында Ш.Айманов атындағы «Қазақфильм» киностудия­сына түріктің танымал режиссері Кәміл Коч және «Қожа Ахмет Ясауи білім және парасат» қоғамдық қорының президенті Ахмет Яхши келді.

Ясауи туралы фильм түсірмекші

«Eskimez Film Production Company» компаниясының директоры Кәміл Кочтың фильмографиясында «Асфальт гүлдері», «Темір етік, темір таяқ», «Біздің ауылдың әйелдері» көркем фильмдері мен «Түрік фильмінің ғасыры», «Соңғы кезеңдегі түрік фильмі» деректі фильмдері бар.
 «Қазақфильм» киностудиясымен, жалпы, қазақ кинематографиясымен танысу мақсатында келген қонақтарды «Қазақфильм» киностудиясының президенті Бақыт Қайырбеков қабылдады. 
Кездесу барысында Кәміл Коч түркі халықтары фильмдерін түсіру мен қаржыландыруға бағытталған Қор құру туралы ұсыныс тастап, Қожа Ах­мет Ясауи жайында фильм тү­сіруге қызығушылық танытатынын және бұл жобаны «Қазақфильммен» бірлесіп іске асырғысы келетіндігін айтты. 
Бақыт Қайырбеков ұлттық киностудия шетелдік студиялармен бірлескен жобаларды іске асырып жүргендігін айта келе: «Келешекте түсірілетін мұндай фильмдер ортақ тарихымыздан хабар береді. Киностудияның меншігінде Смағұл Елубай жазған «Ясауи» атты дайын сценарий де бар. Бірлесіп жұмыс жасайтын жағдайда сіздерді автормен таныстырамыз. Сондай-ақ, біздің фильмдер Түркияның кинофестивальдарына, атап айтқанда, қонағымыз Кәміл Коч мырза басқаратын «Босфор» фестиваліне жылда қатысып, жүлдемен оралатынын айтқым келеді», деді.

Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
АЛМАТЫ