12 Қаңтар, 2010

МЫРЗАҒАЛИ ЖӘНЕ ОНЫҢ КОМАНДАСЫ

2955 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін
Астанадағы “Дәулет” спорт кешенінде 15-23 қаңтар аралығында ересектер арасында бокстан Қазақстан чемпионаты жалауын көтереді. Бұл – Миландағы әлем чемпионаты­нан кейін елімізде өткізіліп отырған ең үлкен әрі ең елеулі жарыс. Өйткені, бокстан ел намысын шет ел рингтерінде, оның ішінде, үстіміздегі жылдың қоңыр күзінде болатын Азия ойындарында қорғайтын команданың №1 мүшесі болу бақыты осы “жан алысып, жан беріскен” сын сағаттарда айқындалмақшы. Сын сағаттар демекші, қазақ боксындағы өткен жылдың үлкен сәтсіздігі – Миландағы сүреңсіз ойынды сынау, әрине, оңай. Әсіресе, ауыз жаппастың бәрі “айтқыш” атанған қазіргідей кезде. Бірақ сол бір сәтсіздікке сараптама жасай отырып: “Орын алған олқылық пен қапы қалған қателіктердің сыры неден болды?” деген сауалдың тоқетер жауабын дәл табу әй, қиындау-ау, қиындау. Өйткені, біраз жылдардан бері қордаланып қалған сан алуан себеп бір-бірімен байланып қалған. Сондықтан болар, еліміздің бокс қауымдастығы өнбейтін дауды қозғап, бекерге жүйке жұқартпастан бірден бас бапкерді ауыстырды. Сөйтіп, ел командасының басшылығына Мырзағали Айтжанов деген азамат келді. Мырзағали еліміздің абыройын Азия, әлем және Олимпиада рингтерінде қал-қадерінше қорғап жүрген талантты боксшылар Біржан Жақып пен Еркебұлан Шынәлиевтің жеке бапкері. Ұлттық команда табысында да үлесі бар. Демек, қауымдастық басшылары оған команда жауапкершілігін жүктеген кезде оның осы еңбегін де ескерген болуы керек. Сәті түсіп сәлемдескенде, орайы келіп сұхбаттасқанда байқап жүрміз, Мырзағали, зады, салмақты азамат. Бөстекі мақтанған жоқ. Байбаламды да жаратпайды. Тіпті, талантты шәкірті Біржан Жақыпты (48 кг) Милан біріншілігіне апармай, елде қалдырып кеткен кезде де ашу шақырған жоқ. Сабыр сақтап, әліптің артын бақты. Міне, сол Біржан Жақып жақында Әзірбайжанның астанасында өткен халықаралық жарыста жақсы өнер көрсетіп, бірінші жекпе-жегінде бразилиялық, жартылай финалда марокколық және финалда доминикандық боксшыларды жеңіп, чемпион атанды. Сөйтіп, өткен жылғы Азия чемпионатында алғашқы жекпе-жегінде ұтылып қалды деп, команда мүшелігінен біржолата “сызып” тастағасы келгендерге өзінің әлі де аттан түспегенін дәлелдеді. Миландағы алғашқы жекпе-жегінде “сүрінген” Ғани Жайлауов (60 кг) жақында Ханты-Мансыда өткен халықаралық жарыста Ресей елінің екі дүркін Олимпиада чемпионы Алексей Тищенконы 6:1 есебімен жеңді. Бұл белгілі бапкер Нұрлан Ақүрпековтің шәкіртіне ғана тән шеберлік болса керек. Демек, спортта, оның ішінде, дау-дамайы көп бокста ылғи өзекті өртер сәтсіздіктер ғана емес, сонымен бірге көңілді марқайтар сәтті ойындар да болып тұратынын естен шығармау керек сияқты. Белгілі спорт журналисі Леонид Юрьев Миландағы жолы болмаған қазақ боксы туралы жанашырлықпен толғана келіп “В команде появились молодые и одаренные Олжас Саттибаев, Гани Жайлауов и в особенности Рустам Сваев, Василий Левит и Иван Дычко. В этой сборной заблистал Канат Абуталипов, превратившись в боксера почти планетарного класса. У этой team есть Серик Сапиев, за что нужно миллион раз сказать “спасибо” как его родителям, так и его личному тренеру Алек­сандру Стрельникову. Да и самому Серику. У нашей боксерской команды действительно есть неплохое будущее” депті. Бұл – нағыз жана­шыр адамның сөзі. Бұл – бапкерлерді де, боксшыларды да ағаш атқа теріс мінгізіп, “мақтамен бауыздап” жатқан қыркүйек айында айтылған бірден-бір жылы пікір. Өйткені, өз боксшыларымызды өзіміз “жаман” деп, жерге тыққанда жақсыларды қайдан аламыз? Ең бастысы, бізге жақсысын кім береді? Мұны не үшін айтып отырмыз? Себебі, қазақ боксын қайтсек көтереміз деген ұранмен, кейбір аймақтардағы бокс қауымдастықтары­ның құлағына алтын сырға, “асыра сілтеуге” жол беруге болмайды. Сосын “Миланда ұтыл­ған боксшының бәрін ұлттық командадан аластау керек” деген ұшқары ойдың жетегіне еріп, олардың орнына өз боксшыларын “тығудың” неше түрлі қитұрқы жолдарын қарастырудың соңы да жақсылыққа апармайды. Бұл қулық-сұмдықтың басқа басқа, қазақ боксына қаупі зор болмаса, пайдасы жоқ. Ұлттық команда – ел намысы. Ұлттық команда – ел мерейі. Оған шын мәнінде лайықтылар ғана іріктеліп алынуы керек. Оған дәреже-дәргейі бар қалалар мен атақ-даңқы аспандаған ақшалы ағалардың беделі салынбағаны жөн. Мұндай сорақылықты болдырмау үшін Туризм және спорт министрі, Ұлттық Олимпиада комитетінің президенті Т. Досмұхамбетов, Спорт комитетінің төрағасы А. Құлназаров және еліміздің бокс қауымдастығы­ның президенті Тимур Құлыбаев бастаған бір қауым жанашырлар Астанада өтетін ел біріншілігінің алғашқы күнгі жекпе-жегінен бастап соңғы күні болатын шешуші айқасына дейін жіті бақылап, кімнің кім екенін өз көздерімен көргендері абзал. Күзде болатын Азия ойындарында Қытай елінің бокс рингіне аймақ пен өңірдің әсіренамысы емес, исі қазақтың ұраны көтеріліп, намысы қорғалады. Ал оны қорғау үшін шаршы алаңға жүрегі лүпілдемей, тізесі дірілдемей шыға алатын, жүйкесі мықты, шеберлігі толысқан жаужүрек боксшылар аса қажет. Сондықтан, ел бірінші­лігінде осындай оғыландарға қиянат жасалмау жағын осы бастан ойластырған жөн. Әсіресе, рингтегі және қапталда отыратын төрешілерге қатаң талап қойылуы қажет-дүр. Міне, бас бапкер Мырзағали Айтжановты мазалап жүрген басты сауалдың бірі осы бүгінде. Шет ел боксшыларын шақырып, бірге жаттығу жасау, жолдастық кездесу өткізу білікті бапкер Тұрсынғали Еділовтің кезінен басталған өте жақсы дәстүр. Ол кезде қазақ боксшылары үшін Куба сайыпқырандары “кедергі” болатын. Бірақ олардың №1 боксшылары мұхит асып, АҚШ өтіп кеткелі бері бастарынан бақ тайып тұр. Астана мен Қарағандыға келген сол мықтылардың “сарқыты” ғана. “Сарқыты” дейтініміз, Бейжің Олимпиадасында кешегі азуымен ай білеген Куба боксшылары бір алтынға да зар болып қалды. Миланда да бағы жана қойған жоқ. Сондықтан алдағы уақытта тек қана Куба емес, қазақ боксшыларына қауіпті қарсыластар санала бастаған Еуропа елдерінің боксшыларын, оның ішінде дүние жүзінде №1 делінетін Ресей боксшыларын шақырып, бірге жаттығу, жолдастық кездесу өткізу өте дұрыс болар еді. Өйткені, Ресей боксшыларының орны бәрібір бөлек. Олар біздің боксшыларға бармақ тістеткен Миланда бірінші орынды иеленді. Сол сияқты, мүмкіндік болып жатса, Қытай, Тайланд, Моңғолия, Үндістан мен Өзбекстан боксшы­ларынан да үлгі алуға әбден болады. Тым “шет елшіл” болу да жақсы емес, әрине. Бұлай дегенде бас тартатын нақты мы­сал­дар да бар. Қарағандыда өткен Ғ. Жарыл­ғапов атындағы халықаралық турнирдің бас төрешілігіне Ресей азаматын таңдапты. Рас, Ресей құдайы көршіміз, рас, Ресей спортшы­лары­ның керемет жетіс­тіктерін бағалаймыз, бірақ қазақ спортына, оның ішінде қазақ боксы­на тек қана қазақ бапкерлері мен қазақ төрешілерінің ғана жаны ашитынын ұмыт­пайық, ағайын. Сондықтан мұндай өрескел­дік­тің болмауын ел біріншілігінде қатаң ескерген жөн сияқты. Сонымен, алда үлкен жекпе-жек. Боксшы оғыландарымызға ақ жол тілейік, көрермен! Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ, Астана.