– Мәдіғали Әбдіғалиұлы, Универсиадада өнер көрсеткен шәкірттеріңізге баға берсеңіз...
– Күткен нәтижеміз орындалмаса да, барлығы ойдағыдай деп айтуға болады. Себебі, шорт-тректе миллиметрлер рөл ойнап кететінін ескерсек, шәкірттерімнің жеңіп алған медалы көңілді көншітеді. Біздің негізгі жоспарымыз – Әлем кубогы кезеңдерінде тәуір нәтиже көрсетіп, әлем чемпионатына жолдаманы көбірек иемдену. Әрі қарай Олимпиададан олжалы оралу. Басты мақсатымыз осы.
– Жанкүйерлер сіздерден алтын күтіп еді...
– Өзім де шәкірттерімнен алтын күттім. Алайда, жағдай басқаша өрбіді. Мүмкін болған 8 алтынның алтауын кореялықтар, екеуін қытайлықтар жеңіп алды. Олар мұнда кілең мықтыларын әкелді. Сөйтіп, мықтылығын тағы бір дәлелдеді.
– Осындай нәтижемен Олимпиадада жүлде алу оңайға соқпайтын сияқты.
– Олимпиада тұғырынан көріну кез келген спортшының арманы емес пе?! Біз 2014 жылы Сочи Олимпиадасында үздік бестіктен көрінгеннен кейін, соңғы екі жылда Нидерланд елінің конькишілерімен тығыз байланыс орнаттық. Яғни, олармен бірге жаттығу жасау мүмкіндігіне ие болдық. Алғашында голландықтар ешкіммен шеберлік бөліскісі келмейтіндіктерін бірден айтты. Алайда, спорт саласындағы басшыларымыз жақсы жұмыс істеп, көздеген мақсатымызға жетуге бар жағдайды жасады. Содан кейін тәжірибе жинақтала берді. Қазіргі деңгеймен Сочидегі деңгейді салыстыруға келмейді. Сондай бірлескен жаттығулардың арқасында АҚШ-тың Солт-Лейк-Сити қаласында өткен Әлем кубогында Абзал Әжіғалиев 500 метр қысқа қашықтықта чемпион атанды. Командалық есепте де жақсы нәтиже көрсетіп, үшінші орын алдық.
– Абзал Әжіғалиевтің жеңісіне спорттан хабары бар жандардың барлығы қуанды десек артық айтқанымыз емес. Абзал туралы аз-кем айтып берсеңіз.
– Кубок алдында Абзалға эстафетада сенім артқан едік. Ал 1000 және 1500 метрде Нұрберген Жұмағазиевтің, 500 метрде Денис Никишаның мүмкіндігі мол болды. Калгари қаласында өткен кубоктың алғашқы кезеңінде Никиша финалға дейін жетіп, төртінші орыннан көрінді. Әжіғалиев болса, үздік сегіздікке кірді. Араға бір апта салып, Солт-Лейк-Ситиде 54 спортшының арасынан Абзалға тең келер ешкім болмады. Ол төрт кезеңде де (1/8 финал, 1/4 финал, 1/2 финал және финал) бірінші келді. Сенесіз бе, одан мұндай көрсеткішті ешкім күткен жоқ. Кішігірім сенсация болды! Оның мықтылығы сол – қарсыласының қателігін күтіп, орайы келгенде шабуылға шығады. Соның арқасында ол жеңіске жетті. Оның бұл тәсілі 5000 метрлік командалық эстафетада көмегін тигізіп, қола медальға ие болдық.
– Сонда Әжіғалиевке 500 метр қолайлы болып тұр ғой?
– Иә, 500 метр оның қашықтығы, ал 5000 метрді шыдамды жігіттер ғана жылдам жүгіріп өтеді. Бұл қасиет те оның бойынан табылады.
– Әлем кубогы неше кезеңнен тұрады?
– Кубок алты кезеңге дейін жалғасады. Бесінші кезең артта қалды. Германияның Дрезден қаласында өткен сайыста командамыздың екінші құрамы өнер көрсетті. Бұйыртса, соңғы кезеңнің жалауы Минск (Беларусь) қаласында желбірейді. Ол жаққа негізгі құрамдағы жігіттермен барамыз деп отырмыз.
– Бұл кубок сыны бізге не береді?
– Әлем кубогына бір командадан 6 ер, 6 қыз баланың қатысуға мүмкіндігі бар. Ал әлем және Азия чемпионаттары, Азия мен Универсиада ойындарына 10 (5-5) спортшыға дейін қатыса алады. Әлем кубогы кезеңдерінде командалық есепте үздік ондыққа кірсек, наурыз айында Роттердамда (Голландия) өтетін әлем чемпионатында толық құрамда өнер көрсете аламыз.
– Негізгі құрамның ізін басатын жастарымыздың жағдайы қалай?
– Бүгінде ерлер құрамасының жастары мақтауға тұрарлық. Олар 2018 жылдан кейін негізгі құраманың мүшелері атанатыны сөзсіз. Себебі, қазірдің өзінде жақсы нәтиже көрсетіп жүрген Жақсыбаев, Қажығали, Шамұханов, Ғалиахметов, Сүлейменов сынды 18-20 жастағы сайдың тасындай іріктелген шәкірттерім бар.
– Ал қыздарымыздың жағдайы қалай?
– Қыздардың көрсеткен нәтижесі көңіл көншітпейді. Соған қарамастан, Универсиадада қыздар құрамасы командалық есепте үшінші орын алды. Бұл жаман көрсеткіш емес. Кұраманы күшейту үшін Оңтүстік Кореядан Ким Енг А деген спортшыны шақырдық. Ол Азия чемпионаттарында қатысып жүрген талантты қыз. 3000 метрде Кореяның чемпионы. Сондай-ақ, Крестова, Тихонова, Нагай секілді тәуір өнер көрсетіп жүрген спортшыларымыз бар. Бірақ, олардың ізін басатын жастарды дайындауымыз керек.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Алмас МАНАП, «Егемен Қазақстан»
Алматы