Астанадағы Сирия жөніндегі кездесу қорытындысы бойынша Қазақстан Республикасы Сыртқы істер министрлігінің баспасөз қызметі түсініктеме берді.
Онда былай делінеді: «Астанада Ресейдің, Түркия мен Иранның жоғары деңгейдегі сарапшылары бұрнағы күні Астана процесі аясында Сирия үкіметі мен әскери оппозициялық топтар арасындағы келіссөздердің бірлескен техникалық тобының алғашқы отырысын өткізді. Сонымен қатар, оған Біріккен Ұлттар Ұйымы мен Иордания делегациясы қатысты.
Іскерлік және сындарлы жағдайда өткен бұл кездесу Сириядағы соғысты тоқтату режімін орнықтыру мәселелерін талқылау үшін құрылған Астана платформасының қажеттілігін көрсетті, оның Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың қолдауы мен беделінің арқасында құрылғаны белгілі. Елбасының бітімгершілік бастамалары мен шиеленіскен жағдайларды реттеу мен әлем елдерінің арасындағы текетіресті жұмсартуға қосқан сүбелі үлесі халықаралық аренада кеңінен танымал».
Қазақстанның Сыртқы істер министрлігі, сондай-ақ, БҰҰ Бас хатшысының Арнайы өкілі Стаффан де Мистураның қолдауымен және оның белсенді қатысуымен ұйымдастырылған Сириядағы ахуалды реттеу жөніндегі Астанадағы кездесу Женева процесін қолдауға бағытталғанын атап өткен. Осы орайда, техникалық топтың шамамен үстіміздегі жылғы 15-16 ақпанға жоспарланып отырған келесі отырысы БҰҰ аясында Женева бейбіт келіссөздерінің кезекті раундын өткізуге қажетті жағдай жасауға мүмкіндік береді деп сенеміз, делінген түсініктемеде.
Түсініктеменің қорытындысында мүдделі тараптардың кездесуі үшін Қазақстанның алаң ұсынуы және Астананы бітімгершілік кіндігі ретінде көрсету біздің еліміздің 2017-2018 жылдардағы БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшесі ретінде Сирия ахуалын реттеу процесіне қосқан нақты үлесі болып табылатыны атап көрсетілді. «Қазақстан өңірлік және жаһандық қауіпсіздікпен байланысты мәселелерді іс жүзінде шешу үшін барлық күш-жігерін жұмсап, дәйекті түрде қадам жасайтын болады», делінген түсініктеменің соңында.