Кеңес Одағы кезінде Тәжікстан мен Өзбекстан Орталық Азиядағы ең тығыз экономикалық ынтымақтастықта болған елдер еді. Кеңес Одағы ыдыраған соң Орталық Азия республикалары оның әсерін экономикалық құлдырау, инфрақұрылымдық ыдырау және саяси шиеленіс тұрғысынан сезінді. 1992-1995 жылдары Тәжікстандағы азамат соғысынан кейін Ташкент пен Душанбе арасындағы екіжақты қарым-қатынастар үдемелі нашарлай бастады және онсыз да төмен деңгейде болған сауда айналымы міндетті визалық режім мен шектелген жол, әуе және темір жол байланысы салдарынан біртіндеп өте төмен деңгейге түсіп кетті.
2000-жылдардың басында Өзбекстан өзінің көршісімен визалық режімді бастап, 2010 жылы Тәжікстанмен темір жол байланысы желілерін біржақты тәртіппен бұғаттады. Тәжікстанның темір жол арқылы импорты мен экспортының басым бөлігі Өзбекстан аумағы арқылы өтетіндіктен, ел сыртқы әлемнен оқшауланып қалды. 2011 жылдың соңында Ташкент, әсіресе, қысқа мерзімде ішкі тұтынудың жоғары деңгейіне байланысты Тәжікстанға газ жеткізілімін азайтып, 2013 жылдың қаңтар айында толығымен тоқтатты. Осының салдарынан тәжік компаниялары көмір пайдалануға мәжбүр болды және бұл жағдай өзара сауда айналымының одан әрі төмендеуіне әкеліп соқтырды. Мәселен, екі ел арасындағы тауар айналы-мы 2000 жылғы 500 млн доллардан 2014 жылы 2,1 млн долларға дейін күрт түсіп кетті.
Сонымен қатар, этностық азшылықтарға байланысты артқан шекара дау-дамайлары, елдердің ортақ шекарасы арқылы өтетін лаңкестерге қатысты алаңдаушылық және энергетикалық саясаттан туындаған мүдделер қақтығысы екі ел арасындағы ынтымақтастыққа кедергі болды. 1999 жылы Өзбекстан Тәжікстанмен шекарасына мина қоя бастады. Бұл әрекет көптеген азаматтың құрбандығына соқтырды. Ташкент мұны Өзбекстан ислам қозғалысының Ауғанстаннан Өзбекстан аумағына таралуына байланысты алаңдаушылықтан туындаған іс-әрекет деп түсіндіруге тырысты.
Алайда, соңғы бірнеше жыл ішінде екі ел де ұқсас ішкі экономикалық мәселелерге тап болып, «Талибан» қозғалысының Ауғанстанда толастамаған шабуылдары мен ИЛИМ-нің (ДАИШ – Қазақстанда тыйым салынған) Орталық Азияның радикал топтарын тартуы сияқты сыртқы қауіп-қатерлерге ұшырағандықтан, жақындасу жолында бірқатар әрекеттер басталды. Шын мәнінде, Тәжікстан-Өзбекстан қарым-қатынастары Душанбеде өткен Шанхай ынтымақтастық ұйымы (ШЫҰ) саммитінде екі ел басшысының 2014 жылы күзде өткен отырысынан кейін нығая түсті. 2014 жылы екі ел арасында 2,1 млн доллар болған тауар айналымы 2015 жылы 12 млн долларға жеткенін және 2016 жылдың алғашқы сегіз айында 41,9 млн долларды құрағанын атап өткен жөн.
Алайда, Душанбе мен Ташкенттің екіжақты қарым-қатынастарына серпін беріп, өзара ынтымақтастығын өрбітуге негізделген оң қадамдар Өзбекстанда биліктің ауысуына тұспа-тұс келгенін атап өткен абзал. 2016 жылғы 2 қыркүйекте Өзбекстанның бірінші президенті Ислам Каримов қайтыс болғаннан кейін билік тізгіні үкімет басшысы Шавкат Мирзиеевке өткен болатын. Ш.Мирзиеев Өзбекстанның уақытша президенті болып тағайындалып, 2016 жылғы желтоқсанда президенттік сайлауда жеңіске жеткен соң, ресми түрде қызметіне кірісті. 2016 жылдың 3 қыркүйегінде Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон Самарқанд қаласында Ислам Каримовтің жерлеу рәсіміне қатысып, Өзбекстанның болашақ президенті Шавкат Мирзиеевпен кездесті. Тараптар Ислам Каримов билік басында болған кезде туындаған мәселелерді бірлесіп мәмілеге келу арқылы бейбіт жолмен шешуге уағдаласты.
Визалық режімді жеңілдету және шекарадан өткізу пункттеріндегі рәсім талаптарын жұмсарту Тәжікстан президенті мен Өзбекстанның жаңа президенті арасындағы сындарлы үнқатысудың нәтижесінде жүзеге асты. Басқа да маңызды қадам 2017 жылдың бірінші жартысында, 20 жылдан астам кезеңнен кейін Ташкент пен Душанбе арасындағы тұрақты әуе қатынасын қалпына келтіру туралы келісім жасады. Тараптар шекараны делимитациялау және демаркациялау мәселелерін талқылауға қайта оралу үшін бар күш-жігерін жұмсады. Себебі, әлі де шекараның кейбір бөліктерін реттеу қажет.
Екі ел арасындағы тағы бір маңызды қадам Рогун бөгетінің құрылысына қатысты жасалды. Осы орайда, он жылдан астам уақыт бойы Рогун бөгетінің құрылысына қарсы болған Ташкенттің бұл құрылысты аяқтау үшін Вахш өзенін бұғаттау жөнінде қарсы пікір білдірмеді.
2016 жылғы 27-28 желтоқсанда Душанбеде Өзбекстан мен Тәжікстан арасындағы Үкіметаралық сауда-экономикалық ынтымақтастық жөніндегі комиссияның 4-ші отырысы болып өтті. Кездесу барысында өзбек делегациясына президент Шавкат Мирзиеевтің 2017 жылы қолайлы уақытта Душанбеге ресми сапармен келуі үшін шақыру берілді. Сонымен қатар, екі ел бір-біріне азық-түлік өнімдерін жеткізу және темір жол көлігі бойынша салықтар мен тарифтерді жұмсарту жөнінде келісті. Шекаралық ынтымақтастықты арттыру мақсатында көбірек жаңа өткізу пункттерін ашу және екі елдің кеден органдары арасындағы тығыз ынтымақтастыққа бастамашылық жасау бойынша жоспарлар жасалды. Комиссияның келесі отырысын 2017 жылдың маусым айында өткізу келісілді.
Өкінішке қарай, Тәжікстан және Өзбекстан екі ел арасындағы темір жол байланысын, әсіресе 2012 жылы қиратылған Тәжікстанның Хатлон провинциясына баратын темір жол байланысын қалпына келтіру жөнінде әлі күнге дейін ортақ шешімге келген жоқ. Осы орайда, екі елдің азаматтары виза алу үшін консулдықтарда кезекке тұрудың орнына, елге жеткен мезетте әуежайда виза аламыз деп үміттенуде. Бұл тәртіптің күшіне енуі үшін ең әуелі Ташкент пен Душанбе тиісті келісімге қол қою керек. Жалпы, визалық режім екіжақты қарым-қатынастардың дамуына кері әсерін тигізіп отыр.
Қорытындылай келе, екі ел арасында энергетика мен сауда салаларындағы тығыз байланысты байқауға болады. Ең бастысы, екі ел Ауғанстанмен шекараны бөлісуде, сол үшін қауіпсіздік мәселесінде жақын серіктестер болып, бір-бірімен барлау ақпараттарын алмасулары аса маңызды. Ташкент пен Душанбе арасындағы ынтымақтастық пен әріптестіктің күшеюі аймақтағы алып мемлекеттерге әрі Орталық Азия елдеріне тиімді болары анық. Осы орайда, Өзбекстан мен Тәжікстан арасындағы диалогтың күшеюі үшін аталған екі елге қолдау көрсетілу қажет. Өзбекстан 2012 жылы Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы құрамынан шығуына әрі Еуразиялық экономикалық одаққа кіруге ниет білдірмеуіне байланысты қажетті қолдауды ШЫҰ шеңберінде жүзеге асыруға болады. Осылайша ШЫҰ елдері ұйым шеңберінде екі ел арасында ынтымақтастыққа негізделген диалогтың артуын ынталандыра алады.
Жұлдыз БАЙЗАҚОВА,
Еуразия ғылыми-зерттеу институтының қызметкері
АСТАНА