М.О.Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институтының директоры, академик Сейіт Қасқабасовпен әңгіме
– Биыл Әдебиет және өнер институтының құрылғанына 50 жыл толды. Сонымен бірге М.Әуезовтің қайтыс болғанына һәм институтқа ұлы жазушының есімі берілгеніне де 50 жыл. Бұған қоса М.Әуезов шығармаларының 50 томдық жинағын басып шығару мәреге жетті. Бұл да елдің әдеби-мәдени өміріндегі үлкен оқиға. «Осы төрт 50-ді Тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы аясында атап өтпеуге хақымыз жоқ. Сондықтан, Мұхаңның туған күніне орайластыра, 27-28 қыркүйек күндері халықаралық ғылыми-теориялық конференция өткізбекпіз. Жаңағы 50 томдықтың да тұсаукесер рәсімі осы мерекелі күндерде болады», деп бастады бізбен әңгімесін институт директоры, академик Сейіт Қасқабасов.
– Сейіт Асқарұлы, әуелі Әдебиет және өнер институтының осыдан жарты ғасыр бұрын өз алдына жеке шаңырақ көтеріп, енші алып шығуының егжей-тегжейіне тоқталсаңыз.
– Академик Ісмет Кеңесбаевтың айтуынша, Мұхаң алғашында Тіл мен әдебиет институтын бөлу жөніндегі ұсыныс пікірлерді қабыл алмаған көрінеді. «Тіл мен әдебиет егіз ғой» деген уәж айтып, ыңғай бермепті. Сосын Ісмет ағамыз қулыққа көшіп, бір күні ғылыми кеңес талқылауына мұрнынан тізіп, тек тіл мәселесін қояды. Бұл тек тілшілерге ғана қызық. Дегенмен де Әуезов сыр бермей, мәжілістің аяғына дейін отырып, бір-екі күн өткесін ғана: «Пәлі, Ісмет, осы Әдебиет институтын жеке отау етіп шығару идеяларың дұрыс екен-ау», деп мақұлдаған ойын білдіріпті.
Ары қарай Мұхаң әдебиет институтын дербестеп құрудың мұрындығы өзі болады. Қаныш Сәтбаевқа барып айтып, ол кісіден қолдау табады. Одан соң қос алып Қазақстан басшыларымен сөйлесіп, оларды көндіреді. Содан кейін аманат арқалаған Қанекең мен Мұхаң 1961 жылдың басында Мәскеуге барып бір ай жатып, Орталық комитет хатшыларына дейін кіріп жүріп, бірінші санаттағы жеке Әдебиет және өнер институтын ашуға рұқсаттарын біржола алып келеді. Мамырда қаулы шыққан.
Бір ғажабы, М.Әуезов институттың бүкіл құрылымын, зерттеу бағыттарын өзі анықтап беріп кеткен. Институт директорлығына жас ғалым Мүсілім Базарбаевты, орынбасары етіп Оразгүл Нұрмағамбетованы тағайындатады. Бөлімдердің жетекшілерін де белгілеп береді. Сөйтіп, Ахмет Жұбанов (өнер), Мұхамеджан Қаратаев (қазақ совет фольклоры), Есмағамбет Ысмайылов (қазақ совет әдебиеті), Ысқақ Дүйсенбаев (революцияға дейінгі әдебиет), сәл кейінірек Мәлік Ғабдуллин (қолжазба), т.б. қазақтың маңдайалды корифей ғалымдарының бәрі осында шоғырланады. Мұхаңның қалауымен ашылған әдебиеттер байланысы бөлімін Евгения Лизунова басқарады. Сол кездегі алғашқы ғылыми кеңес құрамында Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Митрофан Сильченко, Нина Смирнова, басқа да көрнекті ғалымдар болды.
Осылайша бар мәселені мұқият тиянақтап, қайтып келіп жұмысты жалғастырмақшы болып, Мұхаң Мәскеуге емделуге жүріп кетеді. Өкінішке орай, бұл сапардың халқымызды ауыр қайғыға душар еткенін білеміз. Ұлы жазушы қайтыс болғаннан кейін ардақты есімі институтқа берілді. Әуезов институттың негізін өзі қалады, рухани әкесі болды. Руханият ордасының Мұхаң атын алғанын осы күнге дейін мақтан тұтамыз.
– Олай болса, институттың жарты ғасырлық тарихында талай томға арқау болар жарқын беттер жетіп артылатын шығар.
– Институт тарихын үлкен екі кезеңге бөлуге болады. Оның біріншісі – тәуелсіздікке дейінгі алғашқы 30 жыл, яғни 1961 мен 1991 жылдар аралығы. Екінші кезең – тәуелсіздік алғаннан кейінгі 20 жыл демек, 1991-ден бүгінгі күнге дейін.
Бірінші кезеңде тоталитаризмнің қыспағына қарамастан, институт қазақ фольклорын, әдебиет тарихын, ұлттық өнерді зерттеуді басты нысанада ұстады.
– Ол қыспақ неден көрінді?
– Қыспақ дейтін себебім сол, 1947 жылғы қаңтар айында Қазақстан компартиясының Орталық комитеті «Қазақ ССР Ғылым академиясы Тіл және әдебиет институтының жұмысындағы саяси өрескел қателер» деген қаһарлы қаулы қабылдады. Соған байланысты фольклорымызды, әдебиет тарихын, ән-күйімізді дендеп зерттеген бірқатар ғалымдар қудалауға ұшырады. 1955 жылға дейін осы қаулының ықпал-азары аса күшті болды. Тіпті 1951 жылы Абайға, 1953 жылы қазақ эпосына қатысты қасақана үлкен дискуссиялар ұйымдастырылып, онда М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Ә.Марғұлан, Б.Кенжебаев және т.б. ғалымдардың еңбектері негізсіз сынға алынды. Бәрімізге белгілі жай, Әуезов, Сәтбаевтар Мәскеуде бас сауғалауға мәжбүр болды. Е.Ысмайылов, Қ.Жұмалиев тағы басқалар сотталды. Қ.Мұхаметханов, І.Кеңесбаев сияқты бір топ ғалымдар басқа қалаларға жер аударылды.
Міне, осындай қызыл қырағылық қыспағы мен қысталаңынан, мехнат тартқызар машақатынан ұлттық рухани мұраны зерттеудің өзі қауіпті, қорқынышты боп қалған еді. 1957 жылы тағы Қазақстан компартиясы Орталық комитетінің «Қазақтың әдеби-музыкалық мұрасын зерттеудің кейбір мәселелері туралы» қаулысы шықты. Онда да солақай саясат жалғасын тауып, ескі мұраға сын көзбен қарау, Лениннің әр ұлттық мәдениетте пролетарлық және буржуазиялық екі түрлі мәдениет болады дейтін қағидасын ұстану талап етілді. Сөйтіп, біз тек пролетарлық мәдениетті қолдаймыз, пайдаланамыз және дамытамыз деген Ленин сөздері рухани мұрамызды зерттеуде бұлжымас басшылыққа алынуы тиіс болды. 1959 жылы Алматыда «Әдеби мұра және оны зерттеу» тақырыбында үлкен конференция өтіп, фольклордың тек «халықтық» нұсқаларын ғана жинап, жариялап, зерттеу керектігі жөнінде нұсқау берілді. Ал әдебиет тарихымыздағы зар заман ақындары кертартпа, теріс пиғылды, реакцияшыл деп жарияланып, арнайы зерттеуге тыйым салынды.
Міне, осындай идеологиялық қасаң да қатаң қарауылдау жағдайында М.Әуезов атындағы институт өзінің мұрат-миссиясына адалдық танытып, барша ұлттық мұрамызды барынша кеңінен жариялап, зерттеуге күш салды. 1958-1959 жылдары «Алпамыс», «Қобыланды», «Ер Тарғын», «Қамбар батыр», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу», «Қыз Жібек», «Айман-Шолпан» жырлары жеке-жеке кітапша түрінде басылып шықты. Сол жылдары Мәскеуде өткен қазақ әдебиеті мен өнерінің онкүндігі қарсаңында эпикалық және басқа жәдігер мұраларымыз орыс тіліне аударыла отырып, жария етілді.
Өз алдына жеке шаңырақ көтерген 1961 жылдан бастап қазақ ертегілерінің 3 томы, батырлар жырының 3 томы қазақ және орыс тілдерінде, сондай-ақ айтыстың 3 томы, бір-бір том етіліп мақал-мәтелдер, шешендік сөздер жарық көрді. Осылармен қатар әдебиет тарихына қатысты мәтіндер, мәселен XVIII-XIX ғасырларда жасаған ақындардың, ХХ ғасыр басындағы қазақ ақындарының шығармалар жинақтары, одан соң «Үш ғасыр жырлайды» атты көзайым антология тілеуқор оқырманға жол тартты.
Мұның сыртында институт ғалымдары көптеген зерттеу жұмыстарын жүргізді. Солардың ішінде толымдыларына тоқталсақ, алты кітаптан тұратын 3 томдық «Қазақ әдебиетінің тарихы», орыс тілінде шыққан «История казахской литературы» атты үш томдық ұлттық әдебиеттанудың алпысыншы жылдардағы шыңдалған шынайы әлеуетін айқындап берді. Жекелеген ғалымдардың кейбірін ғана атасақ, Е.Ысмайыловтың «Ақындар» деген іргелі еңбегі, М.Дүйсеновтің «Әдебиеттегі мазмұн мен форманың бірлігі», «Ілияс Жансүгіров» атты монографиясы, М.Базарбаевтың «Қазақ совет әдебиетіндегі еңбек адамының образы», «Живые традиции», Ә.Дербісалиннің «ХХ ғасырдың басындағы қазақтың демократтық ағартушылық әдебиеті», Е.Лизунованың «Мастерство Мухтара Ауэзова», «Современный казахский роман», басқа да көптеген ғалымдардың еңбектері іздемпаздық пен ыждағат үдесінен табылғанын айтуымыз керек.
– Өлгенді тірілтіп, өшкенді жандыруға, жабық жатқан ақын-жазушыларды жарыққа шығаруға деген талпыныс тәуелсіздік алғанға дейін-ақ бой көрсетпеп пе еді?
– Тап солай. Осы біз әңгімелеп отырған алғашқы кезеңнің соңғы жылдарында, қайта құру басталған уақытта Әдебиет және өнер институтының ұжымы Алаш арыстарының еңбектерін іздеп табу, жариялау және ақтау орайында орасан зор жансебілдікпен еңбек етті. Орталық комитет хатшысы Өзбекәлі Жәнібековтің қолдауымен, сол кездегі институт басшылары Ш.Елеукенов пен С.Қирабаевтың ұйымдастырушы ұйытқылығымен Алаш арыстарының, атап айтқанда Шәкәрім, Ахмет Байтұрсынов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Міржақып Дулатовтардың және басқа арыстарымыздың еңбектерін жан-жақтан іздестіріп, оларды Мәскеу, Санкт-Петербург, Қазан, Уфа, Орынбор, Ташкент сияқты ірі қалалардың мұрағаттары мен кітапхана қорларынан іздеп тауып, алғашқыда бір-бір томдарын жеделдете шығарып, халыққа табыстырып, қуанған күндер әлі есімізде. Кейінірек институт осы арыстарымыздың мұрасын толықтырылған күйінде ғылыми түрде жүйелеп, 3 және 5 том етіп жарыққа шығарды. Сонымен бірге осынау ғибратты дүние, асыл тәбәріктерді аңсап күткен халқымен қауыштырып қана қоймай, оларды ғылыми зерттеу айналымына енгізді.
– Енді әңгімені институттың Тәуелсіздік дәуіріндегі қызметіне қарай бұрсаңыз.
– Екінші кезең деп айдар таққан осы 20 жыл ішінде көңіл сүйген қыруар жұмыс атқарылды. Екінші кезеңнің өзін шартты түрде екі кезеңшеге бөлуге болар еді. Алғашқы онжылдықта институт ғалымдарының басты назары әдебиет тарихындағы ақтаңдақтарды жоюға, жазықсыз қуғын-сүргінге ұшырап арманда кеткен ардақтылардың тағылымды туындыларын талдап, зерттеп, әдебиет тарихындағы орнын анықтап, пешенесіне әуелден тиесілі әділ де ақиқат бағасын беруге және жалпы қазақ әдебиетінің тарихын Тәуелсіздік рухында жаңаша бағамдап, жаңаша сипатта жазуға аударылды. Осы орайда жекелеген авторлар еңбектерімен қатар ХХ ғасырдың 20-30 және 30-40-50 жылдарындағы қазақ әдебиетін қамтыған 2 ұжымдық монография жарық көрді. Оның жауапты редакторы М.Базарбаев болды. Бұл еңбектер кейінгі әдебиет тарихын зерттеп жазғандарға айтарлықтай септесіп көмектесіп отырды.
– Әрине, тізгін өз қолымызға еркін тигеннен соңғы жерде тәуелсіздік жылдарында белсенділік те неғұрлым жоғары болған шығар?
– Иә, 1991-2001 жылдар аралығында көптеген ғылыми конференциялар, симпозиумдар ұйымдастырылды. Әсіресе, 1995 жылы Абайдың 150 жылдығы, 1997 жылы М.Әуезовтің 100 жылдығы ЮНЕСКО ауқымында, 1996 жылы Жамбылдың 150 жылдығы кең көлемде республика бойынша аталып өтілуі елдің рухын көтерді, ұлтты ұйыстырарлық дәрежедегі жалпыхалықтық мерекеге айналды. Оның үстіне аталған іс-шаралар жай ғана мереке, мерейтой түрінде ғана өтіп қоймай, сонымен бірге әдебиеттануымыздың өзекті мәселелерін сөз еткен, сөз өнері туралы ғылымның келешегін болжалдаған, бағыттарын айқындаған алқалы пікір алысу болды. Осы мерейтойлардың шарапатымен Абайдың академиялық 2 томдық толық жинағы, Жамбылдың 2 том таңдамалысы және орыс тілінде бір томдығы, Әуезов туралы жекелеген бірнеше монографиялар шығарылды. Абайтану мен әуезовтану, жамбылтану проблемалары бойынша ондаған салиқалы да салдарлы мақалалар жарияланды.
Осы тұста талмай еңбек жасаған ғалымдарымыздың да жұлдыздары жарқырай түсті. Мәселен, абайтануға байланысты еңбектері үшін З.Ахметов, С.Қирабаев, Қ.Мұхаметханов, Ж.Ысмағұлов, М.Мырзахметовтер Мемлекеттік сыйлықты еншіледі. Жалпы айтар болсақ, Тәуелсіздіктің алғашқы 10 жылында шапағатты шерудей Ж.Аймауытовтың, А.Байтұрсыновтың, М.Жұмабаевтың, С.Торайғыровтың 100 жылдық мерейтойлары бірінен соң бірі аталып өтіліп, олардың шығармалары зерттелді, жарық көріп, халыққа ұсынылды. Айталық, Сұлтанмахмұт пен Мағжанның 3 томдықтары, Жүсіпбек Аймауытовтың 5 томы, Міржақып Дулатовтың 5 томы және басқа да авторлардың кітаптары басылып шығып, рухани олжамызға айналды. Институт ғалымдары бұл ретте де қыруар жұмыстар атқарды. «Мағжан» деген монографиясы үшін Ш.Елеукенов Мемлекеттік сыйлықты иеленді. Міне, қарап отырсақ, институтымыз алғашқы он жылдың өзінде өте күрделі, дағдарысты 90-шы жылдардың өтпелі қиындығына қожырамай, ғалымдарымыздың өз мүмкіндіктерін молынан іске асырғаны көрініп тұр.
– Олай болса, Тәуелсіздік дәуірінің келесі онжылдығы осынау игі іске жаңа тыныс қосып, соны серпін берген болар?
– Шынымен де, бұл жылдары ел экономикасы біршама түзеліп, ғылымға да айтарлықтай көңіл бөліне бастады. Сөйтіп, институттың 2002 жылдан бастап 2012 жылға дейінгі даму стратегиясы жасалынды. Мұнда күн тәртібіндегі бірінші мәселеде 10 томдық қазақ әдебиетінің тарихын, 3 томдық қазақ өнерінің тарихын жазу міндеті тұрды. Бұл жұмыстар 2003-2005 жылдарға жоспарланды. Стратегияның келесі кезеңі 2004-2006 жылдарға белгіленген-ді. Біз сан ғасырлық әдебиет пен өнер тарихын жазып, көркем сөз бен көркем өнеріміздің ондаған ғасыр бойы даму жолдарын байыптап, 25 ғасыр бойғы көркем ойымыздың даму тарихы мен жеткен жетістіктерімізді қорытындылағаннан кейін аз уақыт болса да, Тәуелсіздік уақытындағы, яғни 1991-2006 жылдар аралығындағы әдебиет пен өнеріміздің хал-жайы, даму бағыттары туралы зерттеу жүргізіп, пайымды сөз айтуға мүмкіндік алдық. Өстіп, осынау мән-маңызы зор мәселе бойынша 10-нан астам кітап шығардық. «Қазіргі әдебиет және фольклор», «Қазіргі әдебиет және Абай дәстүрі», «Қазіргі әдебиет және Әуезов дәстүрі», «Тәуелсіздік тұсындағы қазақ музыкасы», «Тәуелсіздік дәуіріндегі бейнелеу өнері», «Бүгінгі әдебиетіміздегі жыраулар поэзиясы дәстүрі», «Қазіргі қазақ театрының даму бағыттары» деген аттарының өзінен-ақ ол кітаптардың құндылығын аңғаруға болғандай.
Стратегияда жоспарлануына сәйкес, 2009-2011 жылдары, үшінші кезекте зерттеген мәселеміз «Тәуелсіздік идеясының қазақ әдебиетінде, фольклорында және өнерінде жырлануы мен бейнеленуі» деп аталды. Бұл тақырыпты аттай қалап таңдап алған себебіміз сол, біз: «Қазақ халқы тәуелсіздікті ғасырлар бойы армандады» дейміз. Сол арман, аңсар, ұлы мұрат қайда, қалай көрінген? Міне, аталмыш зерттеуде сол жайды ашып көрсетуге тырыстық. Халқымыздың азаттық туралы арманы, тәуелсіздікке деген ұлы аңсары біздің батырлық жырларымызда, тарихи өлең-дастандарымызда, ән мен күйімізде, тіпті бертінгі ХХ ғасырдағы көркем туындыларда да бейнелі түрде өрнектеліп, көп жағдайда астарлап айтылса да көркем көрініс тапқан ғой. Нақ осыны біз нақты мәтіндерді жіліктеп зерттеу арқылы айғақты түрде дәлелдеудеміз. Осы реттегі ғалымдарымыздың жазған пайымды еңбектері, мәнзелді мақалалары «Тәуелсіздік идеясы және көркемдік мәдениет» деген ортақ айдарлы атаумен шығып жатыр. Бүгінге дейін 7 кітабы жарық көрді. 3 кітабы баспада кезегін күтуде. Құдай қаласа, осы атаулы 10 кітап түгелімен Қазақстан Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арнаған тартуымыз болмақ.
– Сейіт аға, 2004 жылдан бері Елбасы бастамасымен табысты жүзеге асып жатқан мемлекеттік «Мәдени мұра» бағдарламасына да институт ұжымы абыроймен атсалысып жатыр емес пе?
– Менің де айрықша атап айтайын дегенімнің бірі осы еді. Біздің институт осы бағдарлама бойынша бірнеше жобаны іске асырып келеді. Бұл игі іспен қазір де айналысудамыз. Қазақ фольклорының қормалынан қотарып 100 том етіп жоспарланған «Бабалар сөзі» атты жәдігернама жинақтың бүгін таңда 75 томы жарық көрді. Мұндай жоба бұрын әлемнің ешбір елінде, ешбір жерінде болмаған. ТМД-ның кейбір республикалары бізден көріп, осыған ұқсас жобаларды енді ғана қолға ала бастады. Сондай-ақ «Мәдени мұра» бағдарламасы бойынша қазақ музыкасының антологиясы 8 том болып ол шықты. Бұл да бірегей басылым саналуға әбден лайықты. Кеңес кезінде тыйым салынған көптеген әндер мен күйлерді осы жинақтан табасыз. Олар нотасымен, мәтінімен, ғылыми түсініктермен әспеттеліп берілген.
Бұдан кейінгі бір жобамыз – 3 томдық «Әлемдік фольклортану» және 3 томдық «Әлемдік әдебиеттану». Осының аясында 2 хрестоматиялық жинақ бастырып шығардық. Қазір орындалып жатқан жобаның бірі – 20 томды қамтитын «Әдеби жәдігерлердің» 11 томы бұл күнде қолға тиді. Тек авторлық туындыларды ғана енгізіп жатқан бұл серияда Сүлеймен Бақырғани тұңғыш рет қазақ тілінде толық, одан соң Рабғузидің «Қиссас-үл-әнбиясы», Саиф Сараидың «Гүлстаны» жарияланып отыр.
Мұхтар Әуезовтің 100 жылдығына орай Қазақстан Үкіметі ұлы жазушы шығармаларының 50 томдық академиялық толық жинағын шығару туралы қаулы қабылдаған-ды. 1997 жылы басталған бұл үлкен еңбек бүгінде толық аяқталды. 50-ші том жақында жарыққа шықты. 28 қыркүйекте, яғни Мұхаңның туған күні «М.Әуезов үйі» ғылыми-мәдени орталығында осы толық басылымның тұсаукесерін өткізбекпіз.
– «Мәдени мұра» бағдарламасынан тыс атқарған жұмыстарыңыз да ұшан-теңіз бе деймін.
– Иә, оның сыртында институт 2002 жылдан бері көптеген құнды кітаптар шығарып келеді. Олардың арасында іргелі монографиялар, ғылыми жинақтар, әртүрлі конференциялардың материалдары, жекелеген мәтіндер, т.б. ғылыми-танымдық, хрестоматиялық дүниелер бар. Сонымен қатар біз Тәуелсіздіктің екінші онжылдығында да ондаған конференциялар, алқалы жиындар, көптеген мерейтойлық іс-шаралар өткіздік. Мысалы, 2002 жылы «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырының 1500 жылдығы кеңінен аталып өтіп, осы аса елеулі оқиғаға байланысты бірнеше ғылыми конференциялар ұйымдастырылды. Оған алыс-жақын шетел мен Ресей ғалымдары зор қызығушылықпен қатысты. Сондай-ақ 2002 жылғы Ғабит Мүсірепов пен Ғабиден Мұстафин сынды алыптар тобының 100 жылдықтарына арналған ғылыми-практикалық, теориялық конференциялар зиялы қауымның көңілінен шықты. Конференция материалдарының барлығы жарық көрді және газет-журналдарда осынау классиктеріміз туралы көптеген мақалалар жарияланды.
Екінші онжылдықта зор мән беріп, биік дәрежеде, абыроймен атқарған, ауыз толтырып айтарлық шара – Махамбет Өтемісұлының 200 жылдығы дер едім. Осы айтулы датаға орай біздің институт асқақ рухты күрескер ақынның 4 томдық жинағын шығарды. Мұндағы бірінші томда ақынның төл шығармалары, екінші томда орыс тіліндегі аудармалары болса, үшінші-төртінші томдарда Махамбет хақында жазылған мақалалар мен зерттеулер және ақынға қатысты тарихи деректер мен құжаттар қамтылды. Махамбеттің 200 жылдығы ЮНЕСКО шеңберінде аталып, осы мәртебелі ұйымның Париждегі штаб-пәтерінде, Алматыда, Астанада және Атырауда ғылыми конференциялар өтті.
– Сонда Париждегі жиында Зейнолла Қабдолов пен сіздің баяндама жасағандарыңыз есімізде.
– Абайдың 150 жылдығында Париждегі іс-шараларға академик Серік Қирабаев қатысқан еді. Ал Жамбыл бабамыздың Ресейдегі тойында классик жазушы Әбіш Кекілбаев, академик Зәки Ахметов, Бейбіт Мамыраевтар баяндама жасаған болатын.
– Осы арада институттың ғылыми кадрлары туралы сұрақ өзінен-өзі туындайтын сияқты.
– Әлбетте, ғылыми кадрларымыздың өсуіне мән бермеске бола ма? Екінші онжылдықта бұрыннан келе жатқан диссертациялық кеңестер жұмысының ауқымы кеңейтілді. Нақтылап айтар болсақ, 2 диссертациялық кеңес жұмыс істеді. Оның біріншісінде фольклор, қазақ әдебиеті, әдебиет теориясы мен текстология, ТМД мен жақын шетелдегі халықтар әдебиеті және орыс әдебиеті салалары топтастырылды. Мысалы, осы кеңесте өзіміздің Н.Ақыш, Г.Пірәлиева, Г.Орда, Р.Әлмұқанова, А.Тойшанұлы және басқа да қызметкерлеріміз докторлық және кандидаттық диссертациялар қорғады. Ал, өнертану бойынша диссертациялық кеңес музыка өнері, бейнелеу өнері және театртану мамандықтары бойынша ғылыми әлеуеттің нығая түсуіне көптен-көп септігін тигізді.
Аталған екі кеңесте де өз қызметкерлерімізбен қатар жоғары оқу орындарының ұстаздары, сондай-ақ шетел азаматтары да диссертация қорғады. Айтар болсақ, Қытайдан, Израильден, Ресейден, Қырғызстаннан, Түркиядан. Ал енді бізде қорғап, жемісті ғылыми жұмыс істей жүріп, мемлекеттік қызметке ауысқан азаматтарымыз да бар. Мұның өзі біздің кадрларымыздың басқа салаларда да сұранысқа ие, замана талабына сай екенін аңдатса керек. Өз республикамызда немесе сырттағы шетелде, әсіресе Ресейде, Түркияда, ТМД елдерінде, Еуропаның кейбір мемлекеттерінде, Иранда ұйымдастырылған көптеген конференция, симпозиумдарда баяндамалар жасап, қандай болса да аудиторияны емін-еркін игеріп, бас шұлғытатын, рухани байлығымызды халықаралық дәрежеде паш ететін биік өрелі, алғыр ғалымдардан кенде емеспіз. Алаш арыстарының мұрасын алғаш жариялап, Алаш мұратын алғаш зерттеп, жарыққа шығарып таратушы ретінде бастамашы болған да біздің институт екенін дәйім есте тұтқан абзал. Сондықтан да бүгінгі қол жеткен табыстарымыз қомақты дей аламыз. Бұндай биік белестерді алуға елеулі үлес қосып жүрген институттың аға буын, орта буын ғалымдары мен жас талап қызметкерлері. Солардың ішінен бүгінгідей мерейтойлық сұхбатта академик Серік Қирабаев, ғылым докторлары, профессорлар: Ш.Елеукенов, Б.Майтанов, С.Күзембаева, Б.Әзібаева, Р.Ерғалиева, А.Ісімақова, Г.Пірәлиева, С.Дәуітов, Ә.Хамраев, Р.Әлмұқанова, Н.Ақыш және Д.Қонаев, С.Қорабай, Ш.Сариевтардың есімдерін атай кеткеніміз орынды болар.
– Қазірде халықаралық байланыстар жайы қалай болып жатыр?
– Халықаралық ынтымақтастық дегенде айтарым, сырт елдердің ғылыми мекемелерімен де, елшіліктермен де ғылыми байланыс жасаудамыз. Шетелдік басылымдарда біздің мақалаларымыз, ал біздің журналдарымыз бен ғылыми жинақтарымызда шетел ғалымдарының мақалалары жарияланып тұрады. Сонымен қатар бірлескен конференциялар өткізіліп, ұжымдық монографиялар дайындалуда. Мысалы, Кемероводағы ресейлік «Голоса Сибири» әдеби-көркем альманағымен шығармашылық қатынас жылдан-жылға жалғасып, оның беттерінде «Сібір-Қазақстан» деген арнайы айдар ашылған. Ресей ғылым академиясының М.Горький атындағы әлемдік әдебиет институтымен, Германияның баспагер тәржімешілерімен, Бухарестегі Ф.Достоевский орталығымен, бірқатар ресейлік басылымдармен, Париждегі «Русская газетамен», Киевтегі «Радуга» журналымен, ТМД және Балтық елдері аудармашылар одағының сайтымен байланыстар жолға қойылған.
Әдебиетші С.Ананьева ғасырлар тоғысында қазақ ғылыми ой-пайымының Ресей, Франция, АҚШ, Түркия және басқа елдер ғалымдарымен байланысы айтарлықтай жүйеленіп кеңеюін, осы орайдағы Қазақстан әдебиеті мен өнерінің даму үрдістерін арнайы еңбегінде жинақтап айтты. Халықаралық «Абай» клубымен бірлесе отырып, «Қазақ әдебиетінің халықаралық байланыстары» сериясымен «Абай әлемі» (2004), «Әуезов әлемі» (2004), «Нұрпейісов әлемі» (2006) жинақтарының шығуы ұлттық әдебиетті халықаралық деңгейде насихаттауға ықпал еткені анық. Институттың ғылыми һәм шығармашылық тұрғыдағы халықаралық байланыстары жағрапиясының кеңдігі: Франция, Ресей, АҚШ, Италия, Түркия, Испания, Германия, Корея, Үндістан, Қытай, Египет, Өзбекстан, Украина, Литва, Қырғызстан деп ел атауларын атасақ та белгілі болар. Осының өзі Тәуелсіздік жылдарында қазақ әдебиетінің алыс және жақын шетелдермен халықаралық байланысының жандана нығайып, жаңа сатыға көтерілгенін көрсетіп тұрған жоқ па.
– Биылғы жыл Әуезов институтының ұжымы үшін ғана емес, бүкіл халқымыз үшін мерейлі, мерекелі жыл. Олай болса, әңгімемізді «Баршамыздың басты құндылығымыз – Тәуелсіздік тойына қандай тарту-таралғылармен келе жатырсыздар?» деген дәстүрлі сұрақпен түйіндегеніміз құба-құп болар.
– Әлбетте, биылғы жыл жалпы Отанымыз үшін, халқымыз үшін аса маңызды тарихи белес. Жиырма жылда ғасыр жүгін көтерген ұлан-ғайыр істер тындырылды, тәу етер Тәуелсіздігіміздің еңсесі жыл сайын биіктеп, тұлғалана түсіп келеді. Барлық жақсылықтар мен игіліктеріміздің қайнар көзі де – Тәуелсіздігіміз. Қазірде төрткүл дүниеге түгел танылдық, мен-мен деген мемлекеттерге мемлекеттігімізді біз де мойындатып, елдік пен бірлік қанатында қарыштап алға басудамыз. Бүгінгі толағай табыстарымыздың барлығы ең алдымен Елбасымыздың ақылман іскерлігі мен сарабдал саясатының және қазақ халқының дарқан рухы мен биік парасатының арқасында мүмкін болып отырғаны айдан анық. Міне, әр саладағы осындай толымды табыстардың бел ортасында біздің институттың да өзіндік өрелі жетістіктері бар екені күмәнсіз. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов атындағы ұлағатты ордамыз өзінің 50 жылдық тарихында қилы заман қысталаңдарына қарамастан, қазақтың әдебиеті мен өнерін зерделей зерттеп, елге танытуда жанкешті еңбек жасады, әркез ұлтына адал қызмет етудің үлгісін көрсетіп, үдесінен табылып отырды. Қазір де ғылыми ізденістеріміз ширақ, кадрлық әлеуетіміз жоғары. Жаңа заманның көкейкесті әдебиеттану және өнертану проблемаларын зерттеу мүмкіндігіміз жеткілікті. Институт ұжымы алдағы уақытта да осы игі дәстүрді жалғастырып, халқымыздың мәдениеті мен ғылымының өркендеп, өрлеуіне өз үлесін қоса бермек. Тәуелсіздік тойына тартуымыз да нақ осы қалтқысыз ниет, жанкешті еңбек болмақ.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Қорғанбек АМАНЖОЛ.
Алматы.