27 Қыркүйек, 2011

Апта айшықтары

382 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін
ҚАЛА КҮНІН КЕҢ КӨЛЕМДЕ АТАП ӨТТІ Сырдың бойындағы сұлу қаланың бірі – Қызылорда. Ақмешіттің 200 жылға жуық тарихы бар. Бір кездері бар қазаққа астана болған Қызылорда өткен аптада қала күнін атап өтті.  Қала күні құр дабы­рамен өтпеді. Бізді осы жәйт қуантты. Осы күні бірнеше зауыттың лентасы қиылды. Қиыршықтас шығаратын, асфальт-бетон өңдейтін зауыттар ел игілігіне берілді. Бұл – жаңа жұмыс орындары ашылып, жұмыссыздар саны едәуір қысқарады деген сөз. Барлық аймақ тұрғындарына тән бір дүние бар. Ол – баспана мәселесі. «Берсең бер, бермесең қой баспанаңды», деп Қасым ақын­ша жырлап жүргендердің саны аз емес. Мерейлі мереке қарсаңында 30 отбасы жаңа пәтердің табалдырығынан аттады. Ержан БАЙТІЛЕС. Қызылорда. * * * АБАЙ ҰРПАҚТАРЫН ЕСКЕ АЛДЫ Абай ауданындағы Абайдың мемлекеттік қорық-мұражайында Ақылбай Абайұлының 150 жылдығына және Әубәкір Ақылбай­ұлының 130 жылдығына арналған әдеби-танымдық кеш өтті. Бұл кешті мұражай директорының орынбасары Ш.Садықова ашып, жиналғандарға  Абайдың ақындық мектебі және оның ұрпақ­тары жайлы айтып берді.  Танымдық кешке жиналғандарға қос ақын­ның шығармашылығы жайлы жазылған кітап сыйға таратылды. Өнер адамдары Абай әндері жайлы лекция оқыса, өлеңдері де жатқа айтылды. Оңдасын ЕЛУБАЙ. Шығыс Қазақстан облысы. * * * ӨЗАРА ТӘЖІРИБЕ АЛМАСЫЛДЫ «Нұр Отан» ХДП облыстық филиалында облыстық, қалалық және аудандық соттардың, сондай-ақ, көршілес Ресейдің Орынбор облысы соттары судьяларының қатысуымен Қазақстан тәуелсізді­гінің 20 жылдығына арналған ғылыми-практикалық конференция өткізілді. Конференцияда облыстық соттың төрағасы Ерлан Айтжанов баяндама жасап, өңірдегі сот жүйесінің бүгінгі тыныс-тіршілі­гінен хабардар етті. Алқалы жиында  екі елдің  сот жүйесіндегі  игілікті ізденістері мен проблемалары сөз болды, өзара тәжірибе алмасылды. Шара барысында «Ақтөбе облысының соты тәуелсіздік жылда­рында» атты  журнал  көпшілік назарына ұсынылды. Конференцияға қатысушылар Алға аудандық соты мен прокуратурасының жаңа ғимараттарында болды. Сатыбалды СӘУІРБАЙ. Ақтөбе облысы. * * * ТАУАР ӨНДІРУШІЛЕР КӨРМЕ-КОНКУРСЫ Мұнайлы өңірде өткізілген «Атыраудың үздік тауарлары» көрме-конкурсында әр салада тауар өндіретін 23  кәсіпорын сынға түсті. Бұлардың арасында құрылыс индустриясын, жеңіл өнеркәсіпті өркендетуге және азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге атсалы­сып жүргендер бар. Өткен аптада көрме-конкурстың қорытын­дысымен жеңімпаз атанған үздік тауар өндірушілер анықталды. «Өндірістік мақсаттағы үздік тауарлар» номинациясында метал­пластикалық қондырғылар шығаратын «Альянс СК» серіктестігінің бағы жанды. Ал «Халық тұтынатын үздік тауарлар» номинация­сы­ның бірінші жүлдесі «Өнерпаз» серіктестігіне берілсе, «Үздік азық-түлік тауарларын» шығаруда «Інжу-маржан» серіктестігінің абыройы асқақтады. Жолдасбек ШӨПЕҒҰЛ. Атырау облысы. * * * КІШКЕНТАЙ НЬЮ-ЙОРККЕ – 25 ЖЫЛ Өткен аптада бір кездері көп қабатты биік тұрғын үйлерден тұратын қалашықтарын осылай деп атаған Солнечный кентінің тұрғындары мерекеге жиналды. Өндірісті қалашық өтпелі кезең қиындықтарын бастан өткерді. Электр энергиясын өндіретін, биіктігі 420 метрлік  тұрбасы бар  ГРЭС-2 стансасы Екібастұздың осы кентінде орналасқан. Алаңда Абай ескерткіші тұр. Көк күмбезді мешіт орын тепкен. Тұрғындарды құт­тықтаған  Екібастұз қаласының әкімі Александр Вербняк, станса бас­шысы Ғани Сәлімжуаров стансаның №3 энергоблок құрылысы бас­талғанын, кенттің  өміріне үлкен өзгеріс келе жатқанын атап өтті. Бұл күндері кентте 5 мыңдай халық тұрады. Елге оралған оралман ағайындар бар. Заманға сай барлық әлеуметтік нысандар жұмыс жасайды. Фарида БЫҚАЙ. Павлодар облысы. * * * ҚЫРЫМНАН  ОЛЖАЛЫ   ОРАЛДЫ Осы аймақта өткен «Театр. Чехов. Ялта» халықаралық театр өнерінің  ІV фестивалі   Сәкен Сейфуллин  атындағы  облыстық қазақ драма театры жұлдызын тағы бір  жарқыратты. 14 елдің сахна саң­лақтары  өнер сынасқан сайыста  көрермендер назарына ұсынылған Г. Гапарова мен М. Гапаровтың «Қиямет-қайым Киото» қойылымы жоғары бағаланып, жүлделі орыннан көрінді. Қандай да болсын байқаулардан қалмайтын, одан олжасыз орал­майтын Қарағанды театрының бұл жаңа жетістігі 80 жылдығы  алдын­дағы шежіресіне жарқын бет болып қосылды. Тамаша табыс­пен қанаттанған қарағандылық  әртістер бұл күнде Омбы қаласында өнер көрсетуде. Айқын НЕСІПБАЙ. Қарағанды. * * * БІР ҒАНА МӘСЕЛЕГЕ АРНАЛДЫ Облыстық ішкі саясат басқармасы мен  «Прозрение-Көзжету» қоғамдық бірлестігінің ұйымдастыруымен «Діни экстремизм: мәні, қайнар көзі, қазіргі жайы» деген тақырыпта семинар өтті. Оған  ғалымдар, дінтанушылар, саясаткерлер, түрлі ұйым өкілдері қатысып, өздерін толғандырған проблемалар жөнінде  ойларын ортаға салды. Басқарма бастығы Руслан Әлішев конфессия және дінаралық келісімнің сақталуына көңіл аударса, СҚМУ профессоры, философия ғылымдарының докторы, Александр Никифоров   діндердің шығу, қазіргі таралу барысы жайлы айтып берді. Басқа қатысушылар да дінге қатысты түрлі тақырыптарда баяндама жасады. Өмір ЕСҚАЛИ. Солтүстік Қазақстан облысы.