Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың ағымдағы жылды әлеуметтік жаңғырту мәселелеріне арнауы, әсіресе, қалалықтар үшін үлкен мүмкіндіктердің бастауы болды. Соның нәтижесінде, Тараз қаласының экономикалық, саяси-әлеуметтік тұрмыс-тіршілігі нығая түсті және қала сәулеті мен келбеті де назардан тыс қалған жоқ. Ондағы жол жөндеу, жарық, құрылыс, тұрғын-үй коммуналдық шаруашылықты жаңғырту салалары бойынша жұмыстар мейлінше қарқын алды. Біз осы істердің басы-қасында жүрген қала әкімі Бекболат ОРЫНБЕКОВТІ әңгімеге тартқан едік.
– Өнеркәсіп саласында жыл басынан бері айтарлықтай өсіп, өркендеу байқалады. Осы табысты жұмыстарға нақты деректермен тоқталып өтсеңіз?
– Қаңтар-шілде айларында қала кәсіпорындары 68,3 млрд. теңгенің өнімін өндірді, сөйтіп, нақты көлем индексі 152,6 пайыз болды. Сонау 2001 жылы бұл көрсеткіш 9,3 млрд. теңгені құраса, он жылдың бедерінде өнеркәсіп өндірісінің көлемі 7,4 есеге өскен. Ал өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда өнім шығару көлемін «Қазфосфат» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – 1,9, «Тараз металлургиялық зауыты» – 2,7, «Құрылыс құрылғылар зауыты» – 1,4, «Жамбылгипс» акционерлік қоғамы – 1,3, «Имсталькон» – 1,5, «САФ шыны жасау компаниясы» – 1,4 және «Қант» – 7,2 есе өсірді.
– Үдемелі индустриялық-инновациялық дамудың 2010-2014 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы қаламызда қалай жүзеге асырылып отыр?
– Ағымдағы жылы жалпы сомасы 1 млрд. 425 млн. теңгені құрайтын 3 инвестициялық жоба іске асырылуда. Республикалық индустрияландыру картасына енгізілген «Энерджи-Тараз» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің диодті лампалар мен шамдарды шығару жобасы іске қосылды. Ол бойынша 20 жұмыс орны ашылды. «Тараз құбыр зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің полиэтилен құбырлар шығаратын зауыт салу жобасын іске асыру желтоқсан айына жоспарлануда. «Тараз-Тарту» серіктестігінің көкөністерді сақтау қоймасы және ауылшаруашылық өнімдерін қайта өңдеу цехының құрылысы да аяқталып келеді.
– Қала кәсіпкерлерінің жай-күйі қалай?
– Қалада қазіргі уақытта 21 мың 182 кәсіпкер тіркелген, оның ішінде 16 мың 384-і немесе 77,3 пайызы жұмыс істеуде. Көп түкірсе – көл. Соның нәтижесінде биыл жеке кәсіпкерлік бойынша 52 млрд. 536 млн. теңгенің өнімдері өндіріліп, қызметі көрсетілді. Бұл өткен жылмен салыстырғанда 12 пайызға артық.
«Бизнестің жол картасы-2020» бағдарламасы бойынша қаладағы екінші деңгейдегі банктерге 24 кәсіпкерлік тұлға өз жобаларын тапсырды. Қазіргі уақытта қаржыландыру мәселесі шешілген жалпы құны 164,7 млн. теңгені құрайтын 7 жоба, жалпы құны 4 млрд. 589,6 млн. теңгені құрайтын 4 жоба аумақтық үйлестіру кеңесінде қаралып, мақұлданды. Ал 13 жоба сараптамадан өтуде.
– Елбасының Қазақстан халқына Жолдауында маңызды мәселелердің бірі ретінде қаралған тұрғын үй мәселесін шешу, азаматтардың өмір сапасының көрсеткіші болып табылатын тұрғын үй жайлылығының деңгейі қалай?
– Тараз қаласында 2005 жылдан бері тұрғын үй мемлекеттік бағдарламасы аясында барлығы 1711 пәтер пайдалануға берілді, оның 1048-і ипотекалық, ал қалған 663-і коммуналдық пәтерлер. Осы бағдарламаны іске асыру барысында 1007 ипотекалық пәтер сатылды.
Ел Үкіметінің тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығын жаңғыртудың 2011-2020 жылдарға арналған бағдарламасына сәйкес, тұрғын үй шаруашылығын модернизациялау бағдарламасы бойынша күрделі жөндеу жұмыстарын қажет ететін көп қабатты тұрғын үйлердің тізімі әзірленіп, оған республикалық бюджеттен 326,3 млн. теңге бөлінді.
Облыс әкімі қалада орналасқан бұрынғы жатақханаларды жылу жүйесіне қосу мәселесін тапсырған болатын. Сол мақсатта 11 жатақхананың инженерлік жүйелерін жөндеуге 138 млн. 547 мың теңге, 11 көп қабатты тұрғын үйлердің шатырларын, сырт келбетін және жұмсақ төсенішін жөндеуге 77 млн. 310 мың теңге қаражат қарастырылып, 22 үйде жөндеу жұмыстары басталды. «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы арқылы 12 көп қабатты үйдің 120 млн. теңгеге жөндеу жұмыстары нақтыланып, 4 үйде жөндеу жұмыстары басталып кетті.
Биылғы жылы кондоминимум нысандарын тұрғын үй жәрдемақысы арқылы жөндеуге жергілікті бюджет есебінен 60,9 млн. теңге қаражат бөлініп, 13 көп қабатты үйдің жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. «Бәйтерек» шағын ауданындағы 5 қабатты 70 пәтерлі несиеге берілетін тұрғын үй пайдалануға тапсырылды. Жалға берілетін тұрғын үй құрылысына республикалық бюджеттен 586 миллион теңге бөлініп, «Бәйтерек» шағын ауданында екі 5 қабатты 70 пәтерлі тұрғын үйдің құрылысы жүргізілуде, ол желтоқсан айында тұрғындар игілігіне беріледі.
Облыстық бюджеттен бөлінген 65,1 млн. теңгеге 5 қабатты 70 пәтерлі жалға берілетін тұрғын үйдің құрылыс жұмыстары басталып, ол келесі жылы пайдалануға берілетін болады. Тұрғын үй салынған аумақтан білім, мәдениет, спорт және денсаулық сақтау мекемелері де пайдалануға берілуі керек. Сондықтан «Арай» тұрғын алабында 720 орындық интеллектуалды мектептің, «Бәйтерек» шағын ауданында 200 орындық облыстық балалар ауруханасының құрылыс жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ 200 орындық қалалық балалар ауруханасының құрылысы қолға алынады. Зәулім спорт сарайы да жаңа ауданнан бой көтереді.
Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі арқылы республикалық бюджеттен 512 млн. теңге қаржы бөлініп, «Ұн комбинаты» маңынан екі 9 қабатты 32 пәтерлі несиеге берілетін тұрғын үйдің құрылысы басталып, пайдалануға беру жоспарланып отыр.
– Қала тұрғындары ғимараттар мен көп қабатты тұрғын үйлердегі, көшелердегі жөндеу жұмыстарына деген алғыстарын баспасөз арқылы жеткізбек болып, редакция қосынына жиі келе бастады...
– Түсініктеріне рахмет, қала жолдарының күрделі жөндеу жұмыстарына биыл облыстық бюджеттен 1 млрд. 53 млн. теңге қаржы қарастырылып, қаланың 10 нысанының асфальт-бетон қабатына күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Бүгінгі күні Рысбек батыр, Балуан Шолақ, Әсімов, Казаков көшелерінде және Байзақ батыр көшесінің 3-ші бұрылысында күрделі жөндеу жұмыстары толығымен аяқталды. Ал орталық «Достық» алаңы, Д. А. Қонаев көшесі, Төле би және Жамбыл Жабаев даңғылы, «Жігер», «Рассвет», «Проектировщик», «Родничок», «Мелиоратор» саяжай алқаптарының кіре беріс жолдары бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары атқарылуда. Сондай-ақ Төле би, Абай даңғылдары, Жібек жолы, Балуан Шолақ, Тәуке хан көшелерінің сыртқы жарықтандыру желісін модернизациялау бойынша жалпы сомасы 274 млн. теңгеге жоғары әрі тиімді электр қуатын үнемдейтін құрылғыларды жобалық-сметалық құжаттар жасалуда.
Қала көшелерінің орташа жөндеу жұмыстарына облыстық және қалалық бюджеттен 193,5 млн. теңге бөлініп, «Динамо» сауықтыру кешенінің кіре беріс жолы, Қыпшақбаев, Аппаев, Тынышбаев, Коммунальная және Саңырақ батыр көшелерінің жөндеу жұмыстары аяқталып, Ықылас Дүкенұлы көшесінің жөндеу жұмыстары жалғасуда. Көшелерді сыртқы жарықтандыру жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуге 24,8 млн. теңге бөлініп, қалада 1731 шам қойылып, 14 жатақхананың көше жарықтандыру жүйелері толығымен қалпына келтіріліп, 42 жарықтандырғыш орнатылды. Сыртқы жарықтандыру желісінің есептегіш құралдары үш тарифтікке ауыстырылды, бұл есептегіш құрал бюджет қаражатын 25%-ға үнемдей алады.
Сонымен бірге, қала тұрғындарының мамыражай демалуына жағдай жасау үшін «Тараз қаласының саябақтар және скверлер» бағдарламасы бекітіліп, оған жергілікті бюджеттен 59,4 млн. теңге қаржы қарастырылды. Қазіргі уақытта Б. Момышұлы атындағы «Жеңіс» саябағында балаларға арналған ойын нысандары, кіші архитектуралық мүсіндер орнатылып, су бұрқақтары қалпына келтірілді. «Мектеп бітірушілер» аллеясындағы тротуарларға плиткалар төселіп, бордюрлер және орындықтар қойылды, автотұрақтың аумағы кеңейтіліп, асфальт төселді. Қ. Рысқұлбеков атындағы саябақта су бұрқақтары қайта жаңғыртылды, кіші архитектуралық нысандар орнатылып, амфитеатр қалпына келтірілді. Энергияны үнемдейтін жаңа сыртқы жарықтандыру желілері ауыстырылып, орындықтар мен күл-қоқыс жәшіктері орнатылды, «Қуғын-сүргін құрбандары» скверінде де тротуарлардың плиталары ауыстырылып, сыртқы жарықтандыру желісінің жұмыстары жүргізілді.
Қаладағы құрылыс, абаттандыру және қоғамдық мәдени іс-шараларды бюджеттен тыс қаржыландыру мақсатында «Көне Тараз» қоғамдық қоры құрылып, соның нәтижесінде орталық «Һибатулла Тарази» мешіті мен медресе ғимараты 225 млн. теңгеге қайта жөндеуден өткізілді. «Достық» алаңында орналасқан мекеме ғимараттарының қасбеттерін жаңа тұрғыда біркелкі сәулеттік ансамбліне келтіру, жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Жалпы сомасы 129,8 млн. теңгені құрайтын: гранит бордюрлер орнату, Бәйдібек баба ескерткішінің айналасын гранит плиталармен қаптау, су бұрқақтар жүйесін қайта жаңарту, жол төсенішін асфальттау жұмыстары қазан айында аяқталатын болады. «Атшабар» скверінде 2 ойын алаңшаларын жаңа талапқа сай абаттандыру жұмыстары аяқталды. Қала бойынша Абай – Қазыбек би көшелерінің қиылысында «Садақшы», Төле би даңғылының бойында «Айша бибі», «Қобызшы қыз», «Керуен», Тұңғыш Президент саябағы маңында «Ақ бота», Абай даңғылы мен Байзақ батыр көшелерінің қиылысында «Ана мен бала», Қ.Рысқұлбеков саябағында «Алтын балық», Әуежай алаңында «Қобызшы ата», Абай даңғылы – Көшеней көшелерінің қиылысында «Томирис» шағын сәулеттік композициялық нысандары орнатылды.
– Қалаға келген қонақтар ең алдымен оның жасыл-желегі мен тазалығына дән риза болады.
– Тазалық – бүгінгі күннің басты мәселесінің бірі. Жыл басынан 3 мың 140 жапырақты және 206 қылқан жапырақты ағаш түрлері отырғызылды. 16 дана тарихи ескерткіштер жөнделіп, сырланды. Көше бойындағы 10 мың 675 текше метр күл-қоқыстар, 16 мың 872 текше метр кездейсоқ күл-қоқыс және 42 мың 813 текше метр тұрмыстық қатты қалдықтар шығарылып, 9 мың 88 метр көше бойындағы арықтар тазаланды. Жергілікті бюджеттен 4,8 млн. теңге бөлініп, 50 қоқыс алаңдары қалпына келтіріліп, демеушілердің көмегімен 1300 дана тұрмыстық қатты қалдықтарды салатын жаңа жәшіктер және 2 дана «КамАЗ» арнайы техникасы сатып алынды. Аумағы 30 гектарды құрайтын тұрмыстық қатты қалдықтар полигонының құрылысын аяқтауға 53,9 млн. теңге қаржы қарастырылып, оның ішінде арнайы техникасына 25,7 млн. теңге, қоршау жұмыстарына 28,2 млн. теңге бөлінді. Қысқы маусымда жолдарды күтіп ұстау үшін 50 млн. теңгеге 5 дана мамандандырылған техникаларды сатып алу бойынша жұмыстар жүргізілуде.
– Соңғы кезде қаланың шекаралық аумағы өсе түсті. Осыған орай қандай жұмыстар атқарылып отыр?
– Ел Үкіметінің қаулысына сәйкес, қала аумағына 5 954 гектар жер қосылып, оның жалпы көлемі 18 787 гектарға өсті. Сөйтіп, Тараз қаласының жаңа шекарасына Құмшағал, Көлтоған, Қызылабад, Казарма, Шөлдала және Учхоз деп аталатын 6 ауыл мен 42 саяжай алқаптары, 585 шаруа қожалықтарының жер учаскелері және әр түрлі 20 нысан қосылып отыр. Бас жоспарға сәйкес осы жаңа аумақтың 966,0 гектар жер уческесіне жеке тұрғын үй құрылысын жүргізуге арнайы алаңдар дайындау үшін жұмыстар жүргізілуде. Бүгінгі күні 69 шаруа қожалығының меншігіндегі 469,5 гектар жер телімін мемлекетке қайтару туралы қаулы қабылданды және сатып алу үшін жергілікті бюджет есебінен 76,2 млн. теңге қаражат бөлінді.
«Жұмыла көтерген жүк жеңіл» деген халық даналығы бекер айтылмаған. Қаланың көркеюіне, өндірістің өркендеуіне, тұрғындар тұрмысының жақсаруына көп болып атсалысуымыз керек. Сондықтан ел игілігі, мемлекет мүддесі жолындағы кез келген абыройлы іске табыс тілейік.
– Әңгімеңізге рахмет.
Әңгімелескен Көсемәлі СӘТТІБАЙҰЛЫ.
Тараз.