1974-1992 жылдары «Егемен Қазақстан» (бұрынғы «Социалистік Қазақстан») газетінің Батыс Қазақстан облысындағы меншікті тілшісі болған Боранғали Ырзабаевтың есімі кешегі күнгі газет оқырмандарына жақсы таныс шығар деген ойдамыз. Борекең құрметті еңбек демалысына шыққаннан кейін ұзақ өмір сүре алмады. 1995 жылдың 10 ақпанында, алпыс үш жасында, өзінің тұп-тура туған күнінде ауыр науқастан қайтыс болды.
Арада екі-үш жыл өткеннен кейін қаланың Темір Масин көшесіндегі майталман журналист, Қазақстан Жазушылар одағының мүшесі Боранғали Ырзабаев тұрған үйге ескерткіш тақта орнатылды. Бұл нарықтың өтпелі кезеңінің қиыншылығы жан-жақтан құрсап тұрған кез болатын. Сондықтан сол тұста ескерткіш тақтаны уақыт сынына төтеп бере алатын сапалы әрі берік материалдан жасаудың мүмкіндігі болмағанын да ашық айтуға тура келеді. Оның үстіне екі аралықтағы жылжып өткен жылдар, табиғаттың жауыны мен лайсаңы, шақырайған ыстық күндер тақтадағы арыс ағамыздың бейнесіне сызат түсіргенін де жасырып қала алмаймыз.
Ақпанның алай-дүлей боранды күндерінің бірінде дүниеге келгендіктен, әке-шешем атымды Боранғали қойыпты деп отырушы еді Борекең. Иә, ол расында да атына заты сай адам еді. Жаңғыртылған ескерткіш тақта өзі тұрған үйге қайтадан орналасқан күні де Ақжайық аспанын қара бұлт қаптап, нөсер жаңбыр төгіп тұрғаны Боранғали ағамыздың табиғатымен үндестік тапқандай.
Алдымен «Социалистік Қазақстан», кейіннен «Егеменді Қазақстанда» дүркін-дүркін, кесек-кесек жарияланып жататын меншікті тілшінің материалдары негізінен өткір сынға құрылатыны да ұмытыла қойған жоқ.
Сөздің қысқасы, тәуелсіздіктің 20 жылдығымен тұспа-тұс келіп отырған биылғы күзде кезінде бас басылымдағы азулы тілшінің бірі болған Боранғали Ырзабаев өзінің ескерткіш тұғырына қайтадан көтерілді.
Темір ҚҰСАЙЫН.
Орал.
Суретте: Боранғали Ырзабаевтың жаңғыртылған ескерткіш тақтасы осындай.
Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ.