Ұйым кеңесінде қазақстандықтар сөзі ықылас туғызды
Варшавада ЕҚЫҰ-ның Демократиялық институттар және адам құқықтары жөніндегі бюросының жыл сайынғы кеңесі өз жұмысын бастады. Онда Ұйымға қатысушы мемлекеттердің адами өлшемдер саласындағы міндеттерін орындау жөніндегі мәселе қаралатыны белгілі. Екі аптаға созылатын форумға әдетте ЕҚЫҰ-ға мүше мемлекеттердің өкілдері, халықаралық мәселелер жөніндегі сарапшылар, құқық қорғаушылар мен үкіметтік емес ұйымдардың белсенділері қатысады.
Қазақстан Республикасының ресми делегациясы құрамына еліміз Сыртқы істер министрлігінің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Мәдина Жарбосынова бастаған Парламент Сенаты мен Мәжілісінің депутаттары, Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Адам құқықтары жөніндегі комиссияның, Жоғарғы Соттың, Орталық сайлау комиссиясының және еліміздің басқа да мемлекеттік органдарының өкілдері енген. Кеңеске сондай-ақ Қазақстанның түрлі үкіметтік емес ұйымдарының өкілдері де қатысуда.
Азаматтық қоғам мен мемлекет өкілдері бір үстел басында ЕҚЫҰ кеңістігінде адам құқын сақтау саласындағы ағымдағы жағдайды талқылап, мемлекеттердің осы тұрғыдағы өз мойындарына алған міндеттемелерін қаншалықты орындап жатқандығы жөнінде күш біріктіре отырып, сараптамалар жасайды және осы төңіректе пікір алмасулар жүргізеді.
Кеңесті ЕҚЫҰ-ға төрағалық етуші ел – Литваның атынан сөз сөйлеп ашқан осы ел сыртқы істер министрінің орынбасары Эвалдас Игнатавичус өзінің төрағалығы барысында Литваның 2010 жылдың желтоқсанында өткен Астана Саммитінде алға қойылған міндеттерді жүзеге асырумен айналысқанын атап көрсетті.
Кеңесте Қазақстанда адами өлшемдер бойынша міндеттемелер қалай орындалып жатқаны туралы Қазақстан өкілдері де сөз сөйледі. Алғаш болып мінберге делегация жетекшісі Мәдина Жарбосынова көтерілді. Өткен жыл адами өлшемдер шараларына толы жыл болды, деп бастады өзінің сөзін Қазақстан өкілі. Астанада ұйымдастырылған ЕҚЫҰ Саммиті оның түпқазығына айналды. Ұйымға мүше мемлекеттер ЕҚЫҰ-ның барлық үш өлшемі бойынша өздерінің мойындарына алған міндеттемелерін ізгі ниет рухында сөзсіз орындауға деген шешімділіктерін қуаттады.
Еліміздің Ерекше тапсырмалар жөніндегі елшісі Қазақстанның үстіміздегі жылдың қаңтар айынан бастап ЕҚЫҰ үштігі құрамында жұмысын жалғастырып жатқанына назар аудара келіп, Отанымыздың басты мақсаты «Ванкуверден Владивостокқа дейін кең байтақ кеңістікте» қауіпсіздік пен ынтымақтастықтың шешуші тетіктерін нығайтудың белгілі бір бастаушысы ретінде ЕҚЫҰ-ның әлеуеті мен беделін жан-жақты нығайтуға ықпал ету болып қала беретінін жеткізді.
Биылғы жылы Қазақстан өз Тәуелсіздігінің 20 жылдық шебінен өтеді, деп жалғады сөзін М.Жарбосынова. Тарихи тұрғыдан осы қысқа мерзім ішінде Қазақстан экономикасы орнықты дамыған, осы жайт елдің әр азаматына қауіпсіз және тұрақты өмір қамтамасыз еткен мемлекетке айналды. Өткен жылдар бедерінде республикамызда демократияны дамыту, заңның үстемдік құруы мен адам құқы мен бостандығын қорғау жолында орасан жұмыстар атқарылды. Адам құқын қорғап, азаматтық қоғам институттарын дамыту және нығайту жүйелерін жетілдіру бағыттарында да айтарлықтай шаралар қабылданды.
Қазақстан делегациясының жетекшісі сөзін еліміздің өз Тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап таңдап алған жолынан ауытқымай келе жатқанын айтумен жалғады. Ол жолдар құқықтық ортаны ұлттық құқық қорғау тетіктерін күшейту арқылы жетілдіру бағытында жүргізіліп отырған жұмыстардан көрінеді. Мәселен, бұл жұмыстар 2009-2012 жылдарға арналған адам құқы саласындағы ұлттық іс-қимыл жоспары мен Қазақстан Республикасының 2010-2020 жылдар кезеңіне арналған құқықтық саясат тұжырымдамасы сияқты бағдарламалық құжаттармен үйлестіріліп келеді. Бұл екі құжатты да Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бекіткен.
М.Жарбосынованың атап көрсеткеніндей, жоғарыдағы бағдарламалық құжаттар мемлекеттік органдарды, үкіметтік емес ұйымдар мен халықаралық ұйымдарды тарта отырып, адами өлшемдердің тиімді, дәйекті және үйлесімді саясатын жүзеге асыруға оң ықпал етуде және табысты жүзеге асырылуда.
Адам құқықтары саласындағы ұлттық іс-қимыл жоспары мен Құқықтық саясат тұжырымдамасын жүзеге асыру мақсатында 2010-2011 жылдары Сот жүйесі және судьялардың мәртебесі туралы, Медиация туралы, Құқық қорғау қызметі туралы, Қылмыстық заңнаманы одан әрі ізгілендіру мәселелері және қылмыстық процесте заңдылықтың кепілдігін күшейту туралы, Мемлекеттік қызмет мәселелері және коррупциямен күрес туралы және басқа заңдар қабылданды, деді Ерекше тапсырмалар жөніндегі елші.
Мәдина Жарбосынова, сонымен қатар, адами өлшемдерге қатысы бар басқа да біршама заңдар қабылдау жоспарда тұрғанын атап өте келіп, үстіміздегі жылдың сәуірінде Қазақстанда кезектен тыс президенттік сайлау болғанына назар аударды. Сайлауды шетелдік байқаушылар, оның ішінде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ мен ЕҚЫҰ ПА байқаушылары бақылағанын қаперге салды. Жүргізілген мониторинг нәтижесінде ЕҚЫҰ/ДИАҚБ-ның президенттік сайлау қорытындылары бойынша қорытынды есебі дайындалғанын, соған сәйкес байқаушылардың анықталған ескертпелермен қатар, оң үдерістердің көптеп көрініс бергенін мәлімдегенін атап айтты. Осының барлығы, деді сөзінің қорытындысында Ерекше тапсырмалар жөніндегі елші, Қазақстанның өз міндеттемелеріне барынша жауапкершілікпен қарайтынын айғақтайды.
Қазақстан Республикасының Байланыс және ақпарат вице-министрі Нұрай Оразовтың сөзінде де еліміздің адам құқықтары мәселелеріне үлкен жауапкершілікпен қарап келе жатқаны баса айтылды. Қазақстан Республикасы, деді ол, 2005 жылдан бері Азаматтық және саяси құқықтар туралы халықаралық пактіге қатысушы болып табылады. Пактіде танылған құқықтарды өмірге ендіру бойынша тұрақты түрде шаралар қабылдап отыр. Мұның, сонымен қатар, еліміздің қолданыстағы заңнамасында көрініс тапқанындай, мемлекеттік шекараларға қарамастан, азаматтардың ақпараттар мен идеялар алу және тарату еркіндігіне де тікелей қатысы бар.
Қазақстандық вице-министр келесі кезекте БАҚ саласындағы заңнамаларды бейтараптандыру бойынша жасалып жатқан жұмыстар туралы баяндады. Мәселен, 2010 жылдың ақпаны мен маусымында Женевада өткен БҰҰ-ның Адам құқы жөніндегі кеңесіндегі Кезеңдік әмбебап шолу шеңберіндегі баяндаманы қорғау қорытындылары бойынша Қазақстан жала жабу мен қорлауды қылмыссыздандыру туралы ұсынымды қабылдаған болатын. Сөйтіп, Қазақстан өзіне 2014 жылға дейін жала жабу мен қорлауды толықтай қылмыссыздандыру туралы міндеттеме алса, аталған міндетті жүзеге асыруды осы жылы-ақ бастап кетті. Осыған байланысты тиісті заңдарға өзгерістер мен түзетулер енгізілді.
Н.Оразов өзінің сөзінде Қазақстанның күн тәртібіндегі мәселелерге байланысты атқарған, атқарып отырған басқа да бағыттағы жұмыстарына жан-жақты тоқталды. Атап айтқанда, Байланыс және ақпарат министрлігінің «Телерадио хабарларын тарату туралы» заң жобасын жасауға кіріскенін алға тартты. Сондай-ақ БАҚ бостандығы мәселелеріндегі стратегиялық бағыттардың бірі интернетті дамыту болып табылатынын атады. Сөзінің қорытындысында ол мемлекет тарапынан қабылданып отырған шаралар БАҚ саласындағы ағымдағы жағдайды жақсартуға мүмкіндік бергенін айтты. Бүгінде, деді Н.Оразов, Қазақстанда 2722 БАҚ жұмыс істейді. Олардың 84 пайызы немесе 2283-і – тәуелсіз, 16 пайызы немесе 439-ы мемлекеттің қатысуымен құрылған. Сондай-ақ, отандық ақпараттық рынокта 2644 шетелдік масс-медиа еркін тарайды. Бұл – 2192 басылым мен 452 теле және радио арналар деген сөз. Осынша БАҚ қызметі ел азаматтарына түрлі ақпарат көздерін таңдауға мүмкіндік беріп отыр.
Қазақстандықтар сөзі кеңеске қатысушылар тарапынан ықылас туғызды.
«Егемен-ақпарат».