Кеше Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің журналистика және саясаттану факультетінің 1 курс студенттері «Егемен Қазақстан» газеті басшыларымен өткен шеберлік-сыныбына қатысты. Жас қаламгерлер «Егемен Қазақстан» республикалық газеті» акционерлік қоғамының президенті Сауытбек Абдрахмановқа өздерін толғантқан сауалдарды тосса, журналистика майталмандары бастан кешкен қызықты оқиғалары мен қаламгерлік кәсіптің қыр-сыры жайында әңгімелеп берді.
Журналистикада білім мен тәжірибені қатар алып жүрген адам ғана өз кәсібінің нағыз шебері болатынын қазақ баспасөзінде абыройлы қызмет атқарған небір тұлғалардың еңбек жолынан пайымдаған жайымыз бар. Сол айтқандай, осы үрдісті Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия университетінің журналистика және саясаттану факультеті үзілмес дәстүрге айналдырып, жастардың республикалық бұқаралық ақпарат құралдарының тыныс-тіршілігімен етене танысуына қашанда қолдау көрсетіп отыратыны сүйсінтеді.
Қарашаңырақтың табалдырығынан аттай берген адамның көңілін оң қапталдағы басылымның 35 басшысы бейнеленіп, ортасына ел Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың тұлғасы кестеленген картина ерекше әсерге бөлеп, тарихтың сыршыл шежіресін парақтап шыққандай күйге түсіретіні ғажап. Осынау кешегі жүріп өткен белестердің әрбір шыңы мен құзын сазды бояумен баяндайтын қылқалам туындысының дүниеге келуіне ұйытқы болған басылым басшысы С.Абдрахманов қазақ халқының кіл біртуар азаматтары басқарған газеттің 90 жылдық мерекесіне орай ілінген картинаны тамашалағанда Елбасының айтқан лебізін жастарға қызғылықты әңгімелеп берді. Жастар басылым туралы жан-жақты мағлұмат алғысы келетін болса, газеттің 80-90 жылдық мерейтойларына арналып шежіре-кітаптары жарық көрген, сонда деректер молынан келтірілгені баяндалды.
Қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі, ақын Әбділда Тәжібаев өзінің газеттегі еңбек жолын он бес жасында Қызылорданың көшелерінде жұртқа газет сатудан бастағанын біреу білсе, біреу білмеуі мүмкін. Оның тарихындағы осындай оқиғаларға қарамастан, журналистиканы таза шығармашылық жұмыс деп санайтындар қателеседі. Журналистика дегеніміз ең алдымен кәсіп дейтін пайым алға тартылды.
Студенттер тарапынан бүгінде елімізде бағыт-бағдарлары әр түрлі ақпарат құралдары жұмыс істеп жатыр, ал бірақ білім ордасын бітіріп шыққан жастар ертең олардың талабын қаншалықты орындай алады, журналистерді уақытпен санаспай жұмыс істейді дейді, ал олардың материалдық жағдайы соған сай ма, қазақ басылымдарынан орыс тілді басылымдардың салмағы басым деген пікірге қалай қарайсыз, БАҚ өкілдері мемлекеттік қызметкер санатына жатпайды, сол себепті тұрғын үй кезегіне тұра алмайды деген сөздер рас па, деген сыңайда біраз сұрақтар қойылды. Акционерлік қоғам президенті журналистика және саясаттану факультеті бәрінен бұрын кәсіпке бейімдейтін, жастардың дүниетанымын қалыптастыратын, қаламгерлік шеберлігін ұштайтын, журналиске қажетті білім беретін шаңырақ деп жауап берді.
Акционерлік қоғам президенті қазақ басылымдары орыс тілді газеттерден қай жағынан да кем түспейтінін, бірақ, рас, ресейлік тележурналистика мен қазақ тележурналистикасын салыстырғанда әлі олардан үйренетін көп тұстар бар екенін жеткізді. Журналистика – тәуелсіз кәсіп, сондықтан да оның ешқандай шеңберге сыймауы заңды, ал тұрғын үй кезегіне келсек, тек мемлекеттік қызметкерлер ғана кезекке тұра алады деген жаңсақ пікір, мұнда жалпы көпшілік халыққа арналған тізім де бар, деді.
Шеберлік сыныбына қатысушылар атынан Еуразия университетінің оқытушысы Рауан Кемербаев «Егемен Қазақстанның» басшысына мағыналы әңгімесі үшін ризашылық білдірді. Бас басылымға алғаш рет бас сұққан жастарға сый-сияпат жасалып, «Елбасы», «Салтанат» жинақтары тапсырылды.
Қарашаш ТОҚСАНБАЙ.
Суреттерді түсірген Орынбай БАЛМҰРАТ.