Елбасы ХХІ ғасырдағы ұлттық сана туралы «Мен халқымның тағылымы мол тарихы мен ықылым заманнан арқауы үзілмеген ұлттық салт-дәстүрлерін алдағы өркендеудің берік діңі ете отырып, әрбір қадамын нық басуын, болашаққа сеніммен бет алуын қалаймын» деп жазды. Бұл ХХІ ғасырдағы тарихи кезеңде өзіміздің ұлттық құндылықтарымызды бұзбай, дәстүрімізді ұмытпай жаңғыруымыз керек деген сөз. Яғни, заман талабына сай өмір сүру, даму дегенді білдіреді. Осы жаңғыруда ұлттық сананы жоғалтып алмауға меңзейді.
Бағдарламаны іске асыру ел болашағы саналатын жастардың бойында қазақстандық ұлтжандылық, азаматтық бірегейлік және бүкіл Қазақстан халқының ынтымақтастық сезімдерін одан әрі күшейте түсетін болады. Отан – отбасынан басталады демекші, әрбір қазақстандық шаңырақта алдымен ынтымақ, татулық болғанда ғана елде тұрақтылық орнайды, сонда ғана азаматтық құндылықтарды баланың бойына сіңіруге болады. Елбасының бүгінгі таңда рухани жаңғыру мәселесін көтеріп отырғаны қажетті экономикалық-әлеуметтік тұрақтылықтың орнығуымен байланысты деп ойлаймын.
Патриотизм, ұлтжандылық – туған тарих пен мәдениеттен, ана тілінен, туған отбасынан нәр алады. Ал белсенді жасампаз патриотизм елдің жетістіктерімен, заманымыздың қаһармандарының нақты істерімен қуаттанып, нығайтылуға тиіс. Прагматизм мен ұлттық бірегейлікті сақтау ұғымдарының осы тұста маңызы артатыны белгілі.
Ұлттық бірегейлікті сақтау барысында Елбасының тікелей бастамасымен құрылған, таяуда ғана 25 жылдық мерейтойын атап өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының рөлі жоғары тұрғанын ерекше атап өту қажет. Бұл қоғамдық-саяси ұйым республикамыздағы ұлтаралық татулықты сақтауға шексіз үлесін қосып келеді және оның өміршең екендігін уақыттың өзі дәлелдеп отыр. Ассамблея шаңырағының астында топтасқан түрлі этностардың өкілдері бірегей қазақстандық ұлт болу жолында жарасымды жұмыстар атқаруда.
Тағы да ерекше айтып өтетін мәселе – жаңа гуманитарлық білім. Білім салтанатын кемелдендіру арқылы біз бәсекелестігі технологиялық тұрғыдан ғана емес, ішкі дүниесі де қатар дамыған Мәңгілік Елге, тәуелсіздігі мызғымас мемлекетке айналамыз. Қазіргі дамыған заманда білімді адам ғана табысқа жете алады, сондықтан еліміз білім беру жүйесіне көп көңіл бөліп отыр. Осы бағытта Елбасының негізгі ойы білімді жастардың арқасында ғана ұлтымыз табысты болады деп тұжырымдалады. Ұлттық және рухани күші толық қалыптасқан мемлекеттің кез келген бәсекеде аты озары анық.
Тарихтың тайғақ кешуінен өтіп, енді ғана еңсесін көтерген Отанымыз үшін әрбір қадамымызды байсалдылықпен, мың ойланып, зерделеп басқан жөн. ХХ ғасырда қазақ халқы талай қасіретті кезеңді басынан кешірді. Революциялық жолдың бәрі түбінде тұйыққа тірелетіні тарихтан мәлім. Сондықтан да, Елбасы дамудың эволюциялық түрі дұрыс жол екенін алға тартады. Бүгінгі таңда басшылыққа алып отырған басты стратегиямыз 2050 жылға дейінгі даму жолына бағытталған болса, «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» алдағы мыңжылдықтарды болжап жасалған.
Сананың ашықтығы болмаған, тұйық, тек бүгінмен өмір сүретін қоғамның ертеңгі күні бұлыңғыр. Осы орайда Мемлекет басшысы қоғамдық сананы жаңғыртуың негізігі қағидаларын қалыптастыру жөнінде ұлт алдына басқа да мін-
деттер қойды. Олар – Үшінші жаңғыруға ұласқан рухани жаңғырудың басты төрт жаңалығы. Біріншіден, ұлттық сана, ұлттық бірегейлік. Екіншіден, латын әліпбиіне көшу. Біз мұның уақыт талабынан туындап отырғанын жақсы түсінеміз.
Одан басқа айтар мәселе, ұлттық экономиканың өрлеуінің басты өзегі заманауи ғылым қауымдастығының жаңалықтарын жас ұрпаққа беру болып табылады. Осыған байланысты, Елбасының ұсынысымен «Жаңа гуманитарлық білім. Қазақ тіліндегі 100 жаңа оқулық» жобасы қолға алынып отыр. Осының бәрі тарих, саясаттану, әлеуметтану және т.б. ғылымдар төңірегінде жастарымызға толыққанды білім алуға көмектесетініне кәміл сенеміз. Сонымен қатар, сананың ашықтығы бағытында ағылшын тілінің мәселесі айтылады. Ағылшын тілі ол жаһандық әлемнің қақпасы іспеттес. Елбасы «Өзімдікі ғана таңсық, өзгенікі – қаңсық» деп кері тартпай, ашық болу, басқалардың ең озық жетістіктерін қабылдай білу, бұл – табыстың кілті, әрі ашық зерденің басты көрсеткіштерінің бірі деп жазады. Елбасының идеясы – болашаққа жол бастау! Оның барлық міндеттерін орындау ұлттың рухани жаңғырып, кемелденуіне сөзсіз жетелейді.
Елбасы нұсқаған жолмен жүре отырып келесілерге қол жеткізуге болады. Алдымен, өзіміздің ақпараттық қауіпсіздігімізді арттырамыз. Ұлттық және рухани кодымыздың тек жағымды жақтарын бойымызға сіңіреміз. Гуманитарлық білімді жаңалап қоймай, әлеуметтік және саяси ғылымдарды жаңа пішімге көшіреміз. Әлемдік әдебиеттерді өз тілімізде сөйлетіп, ғалымдарымыздың кәсібилігін шыңдаймыз. «Туған жер» бағдарламасы арқылы туған жерін, елін сүюді жаңа және жүрекке жақын жол арқылы дамытамыз. Жастарымызды өлкесінен аймағына, аймағынан еліне қызықтырып, қызықтыру арқылы сүйіспеншілігін көтереміз, жаңа деңгейге шығарамыз.
Елбасының аталған саяси маңызы зор құжатта халыққа жүктеген тапсырмаларын орындау ісіне біздің бәріміз белсене атсалысатын боламыз.
Елбасының мақаласы ертеңгі күнге деген сенімді арттырып, қойылған міндеттерді орындау барлық Қазақстан азаматтарының әл-ауқатын жақсартуға жағдай туғызады, халықаралық деңгейде мемлекеттің рөлін арттырып, Қазақстанның Үшінші жаңғыруына оң ықпал етеді. Бұған біз кәміл сенеміз.
Фахриддин ҚАРАТАЕВ,
Мәжіліс депутаты