42 шақырым жүгіріп өту волейбол ойыны емес. Волейбол бапкерінің таңданатын да жөні бар. Бірақ Серіктің алған бетінен қайтпайтынын да ұқты.
– Бұрын марафонға қатысып көрген жоқсың, – деді Серікті иліктірмек ниетпен. – Биыл 3 немесе 10 шақырымға жүгіріп көр. Жақын қашықтықтан бастайық.
– Жоқ, шыдаймын. 10 шақырымға әлсіздер ғана жүгіреді.
«Алматы марафонының» басталуына бір айдай ғана уақыт қалған. Сонымен жаттығу да басталып кетті. Күнара қала паркі ішінде 20 шақырым жүгіріп жаттыға бастады. Үздіксіз арба дөңгелектерін айналдырғанда екі алақаны ойылып қалмауы үшін арнайы қолғап тіктірді.
Есін ала ынтықтырған, қызықтырған марафон күні де келіп жетті. Алматының оңтүстік батысындағы «Президент паркінің» іргесінде жер тарпыған сансыз желаяқ. Бұған біреулер таңдана қарап қояды. «Неткен қайсар жан» деген ризашылықпен, мейір төге мойын бұрады. Көз – адам жанының айнасы. Серік бәрін де сезіп тұр. 42 шақырым 195 метрлік үлкен марафонға мықтының мықтысы ғана шыдайды. Сол мықтылардың ортасында мүгедектер арбасындағы Серік. Серіктің тура желкесінде жұмыр жердің бетіндегі барлық сегіз мың биіктіктегі 14 шыңға қосымша оттегінсіз көтерілген альпинист Мақсұт Жұмаев. Оның жанында Олимпиада чемпионы атақты велошабандоз Александр Винокуров. «Жарайсың!», деді екеуі риза көңілмен бұған.
Желаяқтар сөреден атыла жөнелді. Қос қолының қуатымен арбасының қос дөңгелегін зыр айналдырып бұл да заулай жөнелді. «Қалмау керек бұлардан, қалмау керек», деген бір ой жонынан шыбыртқымен шықпыртып келеді. «Мен бұлардан кем емеспін!», дейді кеудеде бас көтерген бір асау толқын. Іштей бір егес, буырқанып, бұлқынып атып шықты.
Бұл өкпе күйер ұзақ қашықтыққа өзгеше тактика керек. Ә дегенде атыла жөнелсең, тез шалдығасың. Ұзаққа шыдамайсың. Сондықтан кәнігі желаяқтар бірқалыпты екпінмен жүгіреді де отырады. Серікті басып озушылар көбейді. Бұл да ышқына заулап келеді. «Мен қалу үшін емес, озу үшін келгенмін, бұл өмірге!», дейді іште сұрапыл дауыл көтерген бір ой.
Әл-Фараби даңғылымен арбасын дедек қақтырып келеді. Қатарласа заулаған жүйріктердің өкшелері ғана көрінеді Бас көтеруге, мойын бұрар уақыт жоқ. Қиналып, арпалысып келе жатқанда жолдың еңіс тұсы да басталды-ау... Уһ!.. Кеуде кере бір дем алды да аға жөнелді. Арбасының қос дөңгелегі жерге анда-санда бір тиіп, қалқып келе жатқандай. «Жаман арбам мына екпінге, жылдамдыққа шыдай алмай шашылып қалмаса не қылсын?!». Заулаған желаяқтарды Серік басып оза бастады. Керемет бір рақат сезім жанын шуаққа бөлеп, тербетіп келеді. Жаратқан қос қолтығына қанат байлағандай бір ғаламат сезім... Қалықтап, қалқып келеді. Зырылдай аққан арбасы шамамен 40 шақырым жылдамдықпен келе жатқанын аңдады.
Еңіс бітіп, жол бір қалыпқа түскенде, екпіні аз да болса басыла берді. Сонда да ышқынып, арпалысып ілгері заулай берді. Арбаның қос дөңгелегін үш рет айналдырып барып дем шығарады. Суда жүзгенде қолданатын дағдылы тәсіл. Қос қолы қарысып қалғандай. Маңдайдан сорғалаған ащы тер танау ұшынан тырс-тырс тамады.
Жол бойында тұрған бір волонтер банан ұсынып үлгерді. Заулап келе жатып қарбыта бір-екі асады. Сонда ғана таңдайы кеуіп қалғанын ұқты. Келесі бір волонтер қыз сусын толы құтыны жарыса жүгіріп қолына ұстатты. «Сен мықтысың! Сен бәрінен де мықтысың!», деп айқай салды әлгі қыз. Сүйсінгені, риза болғаны дауысынан байқалып тұр. Құтыдағы сусынды қомағайлана жұтып-жұтып жіберді. Жаңағы қыздың мына сөзі бойына тасқындата күш құйғандай, тұла бойында керемет бір серпіліс пайда болды.
Әл-Фараби көшесімен күншығысты бетке алып заулап келді де күрт кері салды. Содан Жұмағали Сайн көшесіне дейін келіп, Абай даңғылымен кері заулаған сәті еді. Жол бойында қаптаған автоинспекция қызметкерлері. Біреуі бұған тұра жүгірсін.
– Әй, мынау қайдан шыға келді, жолды босат, шық былай, марафоншылар жүгіріп жатыр.
– Мен де сол марафоншының бірімін.
Әлгі жігіт сілейіп тұрды да қалды. Тілін жұтып қойғандай. Мүгедектер арбасымен 42 шақырымдық жарысқа түскен өлермен жігіттің мына ерлігіне басын шайқап тұрды да қалды...
Мәре – Орталық стадион. Сол стадион ішінде өкпелері өшіп, діңкелеп жеткен желаяқтарға назар салып тұрғанмын. Кенет... Мүгедектер арбасы орталық қақпадан ене берді. Арбадағы жас жігіт жүзін тер жуып, күреңітіп кеткен. Өзі ақсия күліп қояды.
«Көрдің бе, мен 42 шақырым жүгіріп өттім. Мен ешкімнен кем емеспін! Талайын басып оздым!», деген мақтаныш сезімін оқуға болады жүзінен. Жас жігіттің осы қайсар, өр мінезі кім-кімді де таңқалдырғандай еді.
«Бүкіл денем жанып тұр, бірақ керемет бір рақат күйдемін, – деді жанары от шаша. – 3 сағат 40 минутта жүгіріп өттім».
Шоқ басқан күн
Шіркін-ай!.. Желіден босаған асау құлындай ойнақ салып, желмен жарыса жүйткіп жүргені күні кеше ғана еді...
Тамыздың соңғы күні, ертең алтын ұя мектебінің 7-сынып табалдырығын аттамақ. «Бүгін сол жаттығуыңа бармай-ақ қойсаң қайтеді, ертең мектебіңе барасың», – деді анасы Ардақ Серікке. «Жоқ, жақында жарыс өтеді, жаттығудан қалуға болмайды», – деп кішкене қапшығын иығына іліп жөнеле берген.
Бұл кезде Серік жүзу спортымен айналысып жүрген. Ауыр жаттығудан кейін ілби басып үйге келе жатты. «Алматы-1» вокзалы тұсынан әрі өтіп «Пятилетка» ауылындағы үйіне тезірек жетпек. Ұйқы қысып келеді. Тезірек жету үшін қатарласа таспадай төселген сансыз темір жолдардан өтуі керек. Үнемі осылай өтіп жүр. Аспалы көпір қиыс, алыстау.
Үйреншікті жол. Таңғы 5.30-да тұру Серік үшін бұзылмайтын заң. Ұйқы қанбаған, жаттығу да шаршатып жіберді. Мең-зең, ұйқылы-ояу қалпында рельс түбінде тұрған. Тарсыл-гүрсіл, тарсыл-гүрсіл... Жүк пойызының ауыр вагондары көз алдында өтіп жатыр, өтіп жатыр... Көз жұмулы. Көзін бір ашқанда екі вагон қалғанын байқады. «Міне, соңғы вагон өтеді», деген бір түйсік мұны алға аттатты.
Дүние көз алдында төңкеріліп жүре берді. Ерте ұмтылған еді, соңғы вагон сол иықтан соқты да, ауыр дөңгелектер астына бірақ лақтырды...
Тағдыр талқысы
Бірде арбасына, енді бірде балдағына мініп жүріп мектепті де ойдағыдай бітірді. Тағдырымен жағаласып, тағдырымен арпалысып, тағдырымен тайталасып келе жатқан бір ерекше жан. 2016 жылы Алматыдағы Спорт және туризм академиясының олимпиялық спорт факультетіне оқуға түсті. Ректор грантымен оқиды, бірақ шәкіртақы алмайды. Бұл жерде де белсенді. Қоғамдық жұмыстарға да ықыласпен араласады. Бос уақыт деген мүлде жоқ.
Осы жылдың қаңтар айында Астанада үлкен теннистен шеберлік мектебін өткізіп келді. Волейбол жаттығуынан бір қалған емес. Азия чемпионатының қола жүлдегері. Алматы және Қазақ елі құрама командасының капитаны. Аптасына екі-үш рет фитнес залына барып қол, арқа, кеуде бұлшық еттеріне арнайы жабдықтар арқылы жаттығулар жасап, шыңдайды. Енді бір сәтте отыра қалып екі қолымен еденді тірей жүгіреді. Фитнес орталығының қожайыны Шыңғыс Тәнекеев тегін абонемент беріп қойған.
Адам жанының шуаққа бөленуі – көңіл-күй ырғағының жемісі. Сондай шуақты күндері отыра қалып музыкалық шағын шығармалар жазып тастайтыны бар. Ондай сәтте сұлу әуен кеудеге өзі келіп құйылып жататынын қайтерсің! Әйтеуір, қарап отырған күні жоқ. Әр күні арпалыспен, дамылсыз ізденумен өтіп жатыр. Мүгедек жандарға қызмет көрсететін таксилер шыққалы тамаша болды. Арнайы такси диспетчеріне алдын ала көлік керек уақытты ескертіп қояды.
Мүсіркегенді, жөнсіз көмектескенді жаны қаламайды, ұнатпайды. Ширығып, арпалысып, өзі ұмтылып жүргені.
– Көмектессін, бірақ шамадан аспасын ол көмек, – деді Серік ойлы жүзбен. – Шамадан тыс көмек, адамды бұзады. Алдында бәрі дайын тұрса, адам соған үйреніп алады, психология бұзылады, өздігімен ұмтылып әрекет етпейді.
Серік осы қағидасынан айнымай, арпалысып келеді. Үйдегілер мұның жанын қатты түсінеді, қолдайды. «Жуындың ба, тамақ іштің бе?», дей салады. Серікке де керегі осы. «Ешкімнен кем емеспін» деген ой, оған тыным бермей үнемі алға сүйреп келеді. Бұл – жүрек қалауы.
– Екеуміз қашан билейміз? – деді мектеп бітіру кешінде директордың орынбасары Лора Михайловна Серікті құшақтап тұрып.
– Оған қам жемеңіз, біз әлі билейміз, – деді де әуен ырғағымен арбасымен шыркөбелек айнала билей жөнелді... Ал осы көктемде Спорт және туризм академиясын бітірушілерінің кеші өтті. Сол кеште «Академия аруы» Томирис деген қызбен жұптаса билеп, драмалық қойылым көрсетті. Сазды әуенмен тербетілген екі жас. Тақырыбы – махаббат...
Ойлап қарасаңыз, өмірде тәні жаралы адам мүгедек емес, жаны кемтар жан мүгедек екен ғой. Өмірге деген өлердей құштарлығымен бар қиындықты жеңіп келеді Серік. Азат басым құл болмасын деп, тынымсыз құлшынды, кеудесімен құм сызды. Ал тегіс жерде сүрініп, бүгіліп, түңіліп жүрген аяқ-қолы балғадай жандар аз ба?!
Ақылы азық, сөзі сусын жандарға құлақ түрді ол. Қиындықпен арпалысқан жандардың ішкі әлеміне, жүрегіне үңілді. Екі аяғы, екі қолы жоқ австралиялық Ник Вуичичтің тағдырымен тайталасқан ғұмыры жайлы деректі кино бейнетаспаны көріп ерлігіне, өрлігіне таң қалды. Өзін-өзі қайрады, рухтанды. Намыс найзағайы кеудесін тіліп өтті. Ал сол Ник миллионер. Үйленген. Артына ұрпақ қалдырып, тәрбиелеп отыр.
«Сенің де рухың мықты болсын! – деді анасы бейнетаспаны көргеннен кейін. – Ұмтыл, білім ал. Сенің көшеде мүгедектер арбасымен қайыр сұрап жүргеніңді көрмейтін болайын».
Өмірде тәні жаралы мүгедек жандар аз емес. Олардың бәрі рухы мықты Серік те емес. Біразының жүйкелері сыр береді, кейбірі өмірден түңіледі. Кейінгі кезде әр түрлі орталықтарға Серікті жиі шақыратын болды. Мұндай шақыруларға үлкен ықыласпен жетеді. Күйзеліске түскен жастарға қиындықпен күресудің жолдарын сілтейді. Өзінің басындағы жағдайды баяндай отырып, қиындықты жеңу, арпалыса жүріп үздіксіз алға ұмтылу керектігін ұқтырады. Осындай сәттерде, құлазып келген жастардың жанарлары жарқ етіп, үміт оты маздап қоя бергенін аңдайсың. Серіктің дамылсыз ізденіске толы іс-әрекетіне сүйсініп отырғанын бірден байқайсың. Осы бір сауапты ісі арқылы қаншама жанды қолтығынан көтеріп, намысын қайрап, өмірді қалайша сүю керектігін көрсетті десеңізші!
Серік өзгеше, асыл туған жан. Екі аяғынан айырылса да рухына сүйеніп ілгері басуда. Кеудені тепкілеген, орындалмаған талай арман бар. Мақсат – соған жету. Қандай ауыртпалық болса да, адам жеңбейтін қиындық жоқ екенін арпалыса дәлелдеп, өзі үлгі болып ғұмыр кешіп келеді. Тасжарғандай қайсар жан.
Зейнел ЖЕКЕЙҰЛЫ,
журналист
АЛМАТЫ