Қазақстан • 07 Қыркүйек, 2017

Сенімді серіктестікке серпін берер сапар

257 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Кеше Ақордада Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев Польша Республикасының Президенті Анджей Дудамен екіжақты және кеңейтілген құрамдағы кездесулер өткізді. Сондай-ақ, Польша Президентінің Қазақстанға алғаш рет жасалған мемлекеттік сапары аясында екі ел арасында бірқатар маңызды құжаттарға қол қойылды.

Сенімді серіктестікке серпін берер сапар

Екіжақты кездесу барысында Пре­зидент Н.Назарбаев өткен жылдың өзін­де Қазақстанда поляк капиталының қаты­суымен 10 кәсіпорын іске қосылып, 100 миллион долларға жуық инвестиция салынғанын атап өтті.

«Биыл Польша экономикасы Қазақ­стан экономикасы сияқты 4%-ға дейін өсуі мүмкін. Бұл өсім бізге болашаққа зор үмітпен қарауға мүмкіндік береді. Қа­зақ­стан мен Польшаның трансформация­лану жолдары ұқсас. Нәтижесінде, халық­тарымыздың әл-ауқаты артып отыр», деді Елбасы.
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанда бизнесмендер мен инвесторлар үшін жасалып жатқан жағдайларға назар аударып, сауда-экономикалық саладағы кооперацияны одан әрі кеңейтудің маңыздылығына ерекше көңіл бөлді.

«Қазіргі кезде халықаралық ұйымдар Қазақстандағы инвестициялық климат ең қолайлы деп санайды. Бізде шетелдік инвесторлармен жұмыс істейтін «Қазақ Инвест» компаниясы құрылды. Сондай-ақ, ЭКСПО көрмесі аяқталған соң «Астана» халықаралық қаржы орталығы жұмысын бастайды. Онда ағылшын құқығы қолданылатын болады. Әлемдік қаржы институттарының барлығы дерлік «Астана» халықаралық қаржы ор­талығымен жұмыс істеуге келісім беріп отыр», деді Қазақстан Президенті.

Мемлекет басшысы Қазақстан Польша үшін өңірдегі басты сауда се­рік­тесі әрі Орталық Азия мен Еуразиялық эко­­но­микалық одақ елдері нарығына шы­ға­тын сенімді алаң болып саналатынын айтты.

Сондай-ақ, өз кезегінде Анджей Дуда Нұрсұлтан Назарбаевтың өткен жылы Поль­шаға жасаған сапары екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық қарым-қатынасты жақсартуға серпін бергенін тілге тиек етті.

«Біз бірлесе күш жұмыл­дыруы­мыз­дың арқасында тауар айна­лы­мы­ның жоғары деңгейіне қол жеткізе алатыны­мызға сенімдімін. Сондай-ақ, ЭКСПО-2017 көрмесіне қатысып, Поль­ша мен Қазақстан павильондарын көруге мүмкіндік жасалғаны үшін ризашылық білдіремін. Бұл көрме жаңғырмалы энергия көздеріне және шикізаттың дәс­түрлі көздерін қоршаған орта үшін қауіп­сіз қолдануға байланысты заманауи технологияларды көрсетуге мол мүмкіндік береді», деді Польша Президенті.
Кеңейтілген отырыстан кейін екі ел басшылары бұқаралық ақпарат құрал­дарының өкілдері үшін арнайы бірлескен брифинг өткізді. Қазақстан Президенті журналистер алдында сөйлеген сөзінде Қазақстан мен Польша арасындағы өзара қарым-қатынас 25 жыл ішінде дипломатиялық байланыстар орнаған сәттен бері дамып келе жатқанына көңілі толатындығын білдірді.

«Бүгінде біздің елде Польша капи­та­лының қатысуымен 115 кәсіпорын жұмыс істеуде, 200 миллион доллардан астам тікелей инвестиция салынды. Машина жасау, ауыл шаруашылығы, энер­гетика, химия, көлік, құрылыс сала­ларының перспективасы зор», деді Қазақстан Президенті. 
Сонымен қатар, Нұрсұлтан Назарбаев Азия мен Еуропа арасын­да жүк­­ті жедел жеткізу үшін заманауи кө­лік ин­­фра­­құрылымын қалып­тас­тыруға бағыттал­ған жобаларды бірлесе іске асыру жө­нінде ойын ортаға салып, ғы­лым мен білім беру және мәдени-гума­­ни­тарлық салаларда екі ел арасындағы байланыстарды дамыту мәсе­ле­леріне тоқталды.

Бұдан бөлек, Қазақстан Президенті Польша Президентіне Қазақстан Респуб­ликасының Еуропалық одақпен ке­ңейтілген серіктестігі және ынтымақтастығы жөніндегі келісімді ратифи­кациялағаны үшін алғыс айтып, Поль­шаның 2018-2019 жылдардағы БҰҰ Қауіп­сіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігі кезеңінде халықаралық күн тәр­ті­біндегі өзекті мәселелерді шешу үшін бірлесе жұмыс атқарудың маңызды­лығын атап өтті.
ің бірлескен іс-қимылы экономикалық қарым-қатынастарды ілгерілетіп, оны жаңа деңгейге көтеруге мүмкіндік бере­тініне сенім артатындығын жеткізді.

«Біз Қазақстан–Польша қарым-қатынастарын жақсартуға бағытталған жолмен жүріп келеміз. Мен Қазақстан Президентіне Польшаның кандидатурасын БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің тұрақты емес мүшелігіне сайлауға қолдау білдіргені үшін алғыс айтамын. Біз осы ұйымдағы жұмысымызда Қазақстанның тәжірибесін пайдаланатын боламыз. БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесіндегі Қазақстанның рөлі аса маңызды. Әсіресе, Сіздің елдің Сириядағы қақтығысты бейбіт реттеу жөніндегі тиімді миссиясын ерекше атап өткім келеді», деді А.Дуда.

Айта кетейік, Польша Президентінің Қазақстанға ресми сапары аясында «Жасыл көпір» әріптестік бағдарламасы туралы» хартияға және Ұлттық экономика министрлігі мен Польша Рес­публикасы Даму және қаржы министрлігі арасындағы экономикалық ынты­мақтастық туралы келісімге қол қойылды. Екі ел арасындағы үкімет­аралық және ведомствоаралық дең­гей­дегі құжаттар Қазақстан тарапынан Энергетика министрі Қ.Бозымбаев пен Ұлт­тық экономика министрі Т.Сүлей­меновтің, ал Польша тарапынан Қор­шаған орта министрі Я.Шишко мен Даму және қаржы вице-министрі – Экономикалық әріптестік жөніндегі қазақ-поляк үкіметаралық комиссияның тең төрағасы Т.Кощчинскийдің қолымен бекітілді.

Естеріңізге сала кететін болсақ, былтыр Мемлекет басшысының Варшаваға жасаған сапарының нәтижесінде Қа­зақ­стан-Польша бизнес-форумы өтіп, шара аясында құны 1 миллиард долларға жуық 15 коммерциялық құжатқа қол қойылған еді. Сондай-ақ, Қазақстан мен Польша арасында тікелей әуе қатынасын орнату жөнінде уағдаластыққа да қол жеткізілген.

Нұрлыбек ДОСЫБАЙ,

«Егемен Қазақстан»