Күрес
Грекия астанасы Афинада күрес түрлерінен өтіп жатқан кадеттер арасындағы әлем чемпионатында 54 килода күрескен Нұрсұлтан Базарбаев күміс медаль иеленді. Ол финалда ресейлік Герман Доевпен белдесіп 5:7 есебімен жеңіліп қалды.
Ал 63 кило салмақта қола медаль үшін өткен белдесуде Рахат Сағымбай өкінішке қарай, жарысты бесінші орынмен аяқтады. Жұбаныш белдесуде Әзербайжан балуанын ұтқан Рахат шешуші бәсекеде грузин спортшысына есе жіберді.
Теннис
Қазақстандық теннисші Роман Хасанов Украина астанасы Киевте өткен халықаралық ITF Futures турнирінде жеңімпаз атанды. Финалдық матчта отандасымыз жергілікті теннисші Артем Смирновты екі сетте 6:4, 6:2 есебімен басым түсті.
Бір қызығы, турнир халықаралық аталса да, Роман Хасанов барлық матчты тек украиналық теннисшілерге қарсы өткізген. Мысалы, жартылай финалда Хасанов жергілікті спортшы Виталий Сачконы екі сетте 6:3, 6:2 есебімен жеңсе, ширек финалда тағы бір украиналық Владимир Ужиловскодан (7:5, 6:2) айласын асырды. Екінші айналымда Никита Маштаковтан басым түсті.
Футбол
Футболдан Қазақстан жастар құрамасы (U-21) 2019 жылғы Еуропа чемпионатының іріктеу кезеңі аясында сырт алаңда Франция жастарына қарсы ойын өткізіп, қарсыластарына 1:4 есебімен есе жіберді. Ойын басталысымен-ақ Қазақстан құрамасы сапынан Бекзат Шадыманов қызыл қағаз алып, алаңнан қуылды. Шотландиялық төреші қақпамызға 11 метрлік айып соққысын белгілеген болатын. Алайда, франциялық футболшының тепкен добын қақпашымыз Дмитрий Колбунцев қайтара білді. Нәтижесінде, бірінші таймда есеп ашылмады.
Он ойыншымен жүріп Қазақстан жастар құрамасы екінші таймда есеп ашты. Құрамамыздың шабуылшысы әрі капитаны Дидар Жалмұқан ойынның 54-ші минутында гол соғып, жастар құрамасын алға шығарған болатын. Алайда, алаң иелері ойын соңына дейін қақпамызға жауапсыз төрт гол соғып, жеңіске жетті.
Айта кетейік, осыған дейін Қазақстан жастар құрамасы топта Люксембургті 2:1 есебімен ұтса, Черногориямен 1:1 есебімен тең тарқасқан болатын. Енді Қазақстан жастар құрамасы (U-21) топтағы келесі ойынын 6 қазан күні сырт алаңда Болгарияға қарсы өткізеді.
Пауэрлифтинг
АҚШ-тың Флорида штатында жасөспірімдер арасында пауэрлифтингтен әлем чемпионаты өтті. Төрт құрлық біріншілігіне әлемнің 40 елінен келген жас спортшылар өз бақтарын сынады. Олардың ішінде қазақстандық спортшылар да бар.
Аталған чемпионатта көкшетаулық пауэрлифтинг өкілі Аспандияр Қайыржан жергілікті АҚШ спортшысына есе жіберіп, 66 килода күміс медаль иеленді. Пауэрлифтингпен бар-жоғы үш жыл ғана айналысқан Аспандияр үшін бұл үлкен жетістік.
Әзірлеген
Әли БИТӨРЕ,
«Егемен Қазақстан»