Қазақстан • 19 Қыркүйек, 2017

Аңғал мінез, арда талант иесі

890 рет
көрсетілді
20 мин
оқу үшін

Білімді болу – өмір сүрудегі басты қаруымыз екенін жете түсіндік. Сондықтан университет табалдырығын алғаш аттаған күннен бастап ұстаздардың дәрісімен шектелмей кітапхана залдарын, түрлі шығармашылық одақтардағы жиындарды, кино мен театр, сурет көрмелерін жалықпай іздеп, көруге, білуге, санамызға сіңіруге тырыстық. Орын таппай, жатақханадағы темір кереуеттің үстінде жамбасы тесілгенше жатып том-том кітап аударатын, қолы жеткендері Пушкин атындағы жалғыз кітапхананың тар залында, иін тірескен жұрттың қатарында қыстырылып отырып, таңның атысы, күннің батысына қарамай білім, ғылым іздейтін, ашқұрсақ жүрсе де көңілдері көк жайлау, жүдеу киімдеріне қарамай сол кезде Батыстан келген «твист» пен «чарльстонды» сілесі қатқанша билейтін өрімдей жастар – біздің замандастарымыз еді.   

 

Аңғал мінез, арда талант иесі

Міне, осындай студенттік өмірдің ию-қию күндерінің бірінде жас ақын қатарында жүрген курстасым Дүкенбай Досжанов мені оңаша сырласуға шақырды. Университет бас ғимаратының алдындағы гүлзарға келіп отырдық. Сұңғақ бойлы, сымбатты, жасына қарамай өте сабырлы, ақшыл жүзі күлімдеп, сол кезде де ыңырси сөйлейтін әдетімен:

– Сұлтеке! – деді мені ұлықтап, – Осы оқуға адам боламыз, атақты ақын, жазушы бол­а­мыз деп келдік қой. Мына жүрісіміз не? Көп шуыл­­дақтың ішінде уақытымыз бейберекет өтіп жатыр. Қалам ұстап, ойланайын десең жатақ­ханада орын жоқ. Екеуміз оңаша пәтер­ге шы­ғайық. Сен кітап оқып, білім жинап, жазу­­шы­лыққа дайындаласың, мен өлең жазам. Пікір­ле­сіп, сырласып, бір-бірімізге септігіміз тиеді.

– Менің оған жағдайым келмейді ғой. Пәтер­ге төлейтін ақшаны қайдан табам? Шәкірт – ақыдан басқа көк тиын келетін көмек жоқ.

Ол маған алақанын жайды да, бір саусағын бүкті:

– Сен ел қатарлы шәкіртақы аласың ғой. Аласың. Ұстағаның мен тамағыңа сол жетеді. Оны бір де. Екінші, үздік оқығаның үшін үстеме береді ғой. Береді. Пәтерге төлеуге сол жетеді. Ал алда-жалда ауылдан келетін сәлемдеме мына жатақханадағыдай талапайға түспейді, өзіміз талшық етеміз. Пайда ма? Пайда.

Мен босай бастадым. Ол сөзін екпіндете жалғады:

– Ал тұрам десең тұрып, жатам десең жатып, қалаған уақытыңда қайтатын еркіндікті кім береді саған? Бәрінен де ешкім бөгет жасамайтын тыныштықты айтсаңшы!

Мен көніп қалдым. Ол қуанғанынан өңі жадырап, қапсыра құшақтады да:

– Сұлтеке, – деді дауысына екпін беріп. – Екеуміз дос болайықшы! Мәңгілік дос! Ана Мәс­кеудің Воробьево тауында табысқан Герцен мен Ога­ревтің бізден несі артық? Кел, қолыңды бер!

Осыдан бірер апта бұрын екеуміз кітапханада А.И.Герценнің «Былое и думы» атты кітабын оқып, талдаған едік. Жас ойшыл Герцен мен ақын Огаревтің арасындағы достықтың уыздай жас кездерінде басталып, мәңгілікке сақтал­ғанын айтып, таңырқасқанымыз есімде.

Қысқасы, сол күні кешке қарай жатақхана­дағы темір төсегімді тастап, трамвайға мініп, Дүкенбай тауып қойған пәтерге шешем оқуға кетерде берген түйежүн шұбар көрпемді қолтықтап, төрт бұрышты тақтай шабаданымды сүйреп мен де жеттім. Бұл үйде біз жазғы демалысқа дейін тұрдық. Дүкенбай етпеттеп жатып өлең жазады, мен кітап оқимын. Қолымыз босағанда поэзия туралы қызылшеке даула­самыз. Сол кезде ол Берхарн, Незвал, Назым Хикмет жырларына әуес болды. Орыс тілінде шыққан жинақтарындағы ішекше шұбатылған жолдарды жіліктеп, өзі де соған ұқсастырып жыр жазады. Таң ата екеуміз екіге бөлінеміз. Мен кітапханаға тартам, ол өлең жазуға қалады.

Оның тұңғыш оқушысы да, сыншысы да мен болғандықтан кешке бас қосқан екеуміз жазғанын талқылаймыз. Өлеңі жобаға келісімен ертеңінде Дүкеш газет-журналдарды жағалайды. Бір қызығы сол, өлеңдері басылып та жататын. Оның алғашқы «Жүрегім», «Еңбек», «Көктем тынысы», «Отаныма», «Сыр» деген жырлары осылай туғаны есімде.

Дүкенбай сырт тұлғасы сымбатты, жүзі жылы, ақшыл өңі нұрлы, ортадан биік бойы бар, қыздардың көзі тез түсетін, көрікті жігіт еді. Ауызекі сөзге шорқақ, би білмейтін, әзіл-қалжың айтып бойына тартатын қасиеті шамалы болса да ол талай сүйкімді сұлулармен серуен­деп жүргенін білемін. Жиі кездесетін сүйік­ті орны қасымыздағы сквер. Алысқа барып уақытын шығындамай, танысқан бой­жет­кендерді сол араға шақырады. Бірде, демалыс күні, таң атпай бояу қарындашпен саусақ­тарының сыртына әлденені жазып жатты. Байқасам қыздардың аты мен жолығатын саға­тын тізіпті. Бір қолының бес саусағы мен ала­қаны шимай жазу.

– Әй, мынауың не? – деймін ғой.

– Е, Сұлтеке, қыздарды шатастырмайын деген қаракетім ғой.

– Сонша қызды бір жерге шақырып, басыңа не күн туды? Ұнатқан біреуіне тоқтамайсың ба?

– Біртіндеп іріктеймін ғой, – дейді әдетінше тырқ-тырқ күліп.

Дүкештің бұл әрекеті сәтсіз аяқталды. Өзінің айтуынша, қыздардың аты-жөнін шатастырып алыпты, ал қулау біреуі қайта-қайта алақанына жалтақтап тұрғанын байқап қойып:

– Дон Жуан, көрсе қызар, мақтаншақ, – деп сөгіпті. Екі иығы салбырап, еңсесі түсіп пәтерге нейбет қайтқан досым:

– Осы Дон Жуан дегені кім? – деді. – Соншама жаман адам ба?

– Ойбай-ау, ол Байронның әйелқұмар кейіпкері ғой. Оқымап па едің?

– Енді оқимын ғой, әйтпесе, әлгі қыз мені тағы көрсе надан деп сөгетін шығар...

Дүкештің жігіттік сапары Қыздар институтында оқитын Мәриямға жолыққанша созылды. Мәриям оған асыл жар, балаларының анасы, жазушылық азапты сапарының ыстық-суығын бөліскен сырласы бола білді. Оның ең таңдаулы туындылары Мәрияммен жұптық өмірінде жазылды.

Сол жылдың күзінде Дүкенбай екеуміз университетке де, кітапханаға да жақын Мұқан Төлебаев көшесіндегі бір қабатты ағаш үйдің жапсырма бөлмесінде тұрдық. Пәтеріміз қуық­тай тар, оның өзіне қожайынның төр бөл­ме­сін кесіп өтіп кіресің. Кезінде бақуатты қожайын­ның балконы болған сыңайлы, қабырғасын қамыстан түйіп қалаған, қатты жел соқса терезеге тұтылған пердесі желпіл­деп тұрушы еді. Екеумізге ортақ жалпақ темір кереуетіміз бар. Қыстыгүні жұқа жамылғыш пана болмаған кезде менің шұбар көрпемнің рахатын көрдік-ау.

Бұл үй бізбен тілектес, ниеттес көп жігіт­тердің бас қосатын ордасына айналды. Олар Әбіш Кекілбаев, Мұхтар Мағауин, Рымғали Нұрға­лиев, Төлек Тілеуханов, Бақтыбек Қозакеев, Зәкім Жәйлібаев сынды білім қуған, талантты азаматтар еді. Бәрінің де мұрат-мақсаты биік, алды өлең, әңгіме, сыни мақа­ла­л­арымен көріне бастаған. Кездескен сайын әңгімеміз таусылмай, қиялымыз дүниенің төрт бұрышын кезіп кетеді. Әбіш – қарасөздің шешені, кеудесі күмбірлеп сөйлеп кеткенде айызыңды қандырады. Білмейтіні жоқ. Мұхтар ескі тарих пен ауыз әдебиетін жатқа соққанда осының бәрін қайдан, қашан біліп алғанына таңырқайсың. Рымғали болса әзіл-шыны аралас, бәрімізді шымши сөйлеп, дүние әдебиетін судай сапырып, жүйе-жүйесімен талдап береді. Әр кездесуіміз жанымызды рахатқа бөлейтін. Білмегенімізді ертеңінде кітапханадан іздеп тауып, оқып алғанша тыншымас едік.

Біз оқушы, шәкірт болсақ та әдеби үлкен қауымның бел ортасында өстік. Университеттегі дәрістерден босай салып, Жазушылар одағын­дағы немесе Ғылым академиясындағы сали­қалы жиындарды бос жібермес едік. Кино мен театрдағы, сурет көрмелері мен музыка әлеміндегі жаңалықтар жанымызға нұр құятын. Ол кезде Мұхтар Әуезов, Қаныш Сәтбаев, Сәбит Мұқанов, Ғабит Мүсірепов, Ғабиден Мұстафин, Сапарғали Бегалин, Әбу Сәрсенбаев, Қажым Жұмалиев, Темірғали Нұртазин, Мәлік Ғабдуллин, Бауыржан Момышұлы, Ғали Орманов, Таир Жароков сияқты біртуар жүйріктердің көзі тірі. Олар қатысқан жиындар, көпшілік ортада сөз сөйлеп, жыр оқуы – залға лық толған жұртты теңіздей толқытады. Соларға жанаса жүріп, ұлағатын көру – жас адамға бір ғанибет. Болмасаң да ұқсап бағасың. Сонымен қоса, еліміздің, тіліміздің, жеріміздің тағдыры да бізді бейтарап қалдырған жоқ. Тың игеру сылтауымен астаң-кестеңі шыққан Сары­арқаның жондарын астық жинауға бар­ғанда өз көзімізбен көрдік. Жабылып қал­ған қазақ мектептері, газет-журналдар, өрісі тарылған тіліміз бен әдет-салттарымызды «кім жоқтайды?» – деп толғанамыз. Бүкіл қазақ даласын жайлап алған келімсектердің өктемдігі намысымызға тиеді. Алматының өзінде үйі-күйі бар қазақтар саны мардымсыз. Еліміздің бола­шағы дейтін жас интеллигенцияның бәрі дер­лік астанамызды кеулеп кеткен келімсек­тер­дің босағасында тұратынына өзіміз пәтер іздеп жүріп көзіміз жеткен. Оны айтасыз, автобус, трамвай, троллейбустардың ішінде бір-бірімізбен қазақша сөйлессек кірме жұрт шамданып, шатақ шығаратын халге жеттік. Міне, осындай күндердің бірінде Дүкенбай бір хат әкеліп көрсетті. Конверттің аузы ашылған, ішіндегі оқушы дәптерінің жарты бетіне қысқаша «еліміздің, жеріміздің, тіліміздің тағдыры не болады? Жастар, біз күреспесек кім күреседі?» депті. Соңында «Осы хабарды көшіріп, таныстарыңа таратыңдар» деп жазған. Дүкенбай оны университеттің кіре­берісінде студенттерге келетін хат-хабарлар жататын стол­дың үстінен тауыпты. Мен оқып шығып, бұны өңдеп, жөндеп қайта жазу керек деп шеш­тім. Дүкенбай қуана құптады. Басқа орын бол­маған­дықтан кітапханаға барып, іске кірістім. Екі күннен кейін күреске шақырған үндеу дайын болып, досым оны басып, көбейту үшін Ғылым акаде­миясындағы өзінің таныс машинисткасына әкетті. Көп ұзамай өңі бозарып, менің қолжазбам КГБ-ның қолына түскенін, олар әбден ұрсып ұсақ-ұсақ етіп жыртып тастағанын айтты. Біз бірер күн алаңдап жүрдік. Достарымызбен ақылдасып едік, Әбіш Кекілбаев: «Бұларың қате, – деді. – Қазір сендер кімсіңдер? Егер ұстап әкетсе сендерді тірі жан жоқтамайды. Алдымен ел танитындай іс бітіруіміз керек».

Мұхтар Мағауин көзі бақырайып ұзақ отырды да, Әбішті қолдады. Рымғали Нұрғалиев «Сендермен келіспеймін, – деді Әбіш пен Мұхтарға. – Алаш арыстары біздің жасымызда-ақ жандарын шүберекке түйіп ел үшін, жер үшін күрескен. Ол ізсіз кеткен жоқ. Оразалин, сенің үндеуің де күндердің күнінде еске алынады. Қазіргі жастардың бойында да қуатты от барын, олармен есептесу керектігін өкімет түсуінуі керек. Ал, үндеуді Академияға барып бастырмақ болғандарың нағыз алаңғасарлық, оның іші толған салпаңқұлақ емес пе?!».

Мені бір жылдан кейін таңғы жетіде жатақ­ханада ұйықтап жатқан жерімде қауіп­сіздік комитетіне алып кетті. Келген отыз бестер шамасындағы, тамағының асты, қолы ойдым-ойдым алапес жігітті бірден таныдым. Ол мен үндеу жазған күндерде де, кейін де кітапханада қасымда отыратын, түрлі жиналыстарда да көзім жиі шалатын. Комитет он екі сағаттай ұстап, әбден сілікпемді шығарған соң, бұл кездесуді ешкімге жария етпеймін деген қолхатыма қарамай, «ескертейін» деп Дүкенбайға жүгіріп барсам, ол жайбарақат, бейқам қалпында екен. КГБ-де бір ай бұрын болыпты, бірақ «тісіңнен шығарма» деген соң үндемепті. Мен шарасыздықтан тұрып қалдым.

Бұл оқиғаның өміріме тигізген зиянын тізіп жатудың қажеті болмас. Көп жылдар бақылауында ұстаған «үш әріп» жыл сайын өткізетін арылу әңгімелерін еліміз тәуелсіздік алғаннан кейін ғана тоқтатты. Ал, Дүкеш болса олармен сол кезде-ақ тіл табысып, құпия қоймаларына дейін кіріп, талай кітап жазды.

Дүкенбайдың бағы ақындықтан прозаға ауысқан соң жана бастады. Оның алғашқы әңгімесі университет бітірген жылы «Қазақ әдебиеті» газетінде басылса, келесі 1965 жылы қыркүйек айында «Лениншіл жас» газеті «Отырар» повесін өзінің тоғыз санында тұтас жариялады. Бұл бұрын-соңды жас жазушылар көрмеген құрмет еді. Талғамы биік, таралы­мы қисапсыз жастар газеті Дүкенбайды бір­ден елге танытты. Іркес-тіркес жарық көр­ген «Фараби» повесі мен этнографиялық әңгі­мелері, «Зауал» романы, кейіннен жазылып ел­дің сүйіспеншілігіне айналған «Жібек жолы» тар­ихи романы оны қазақтың қабырғалы қалам­гер­лері­нің қатарына қосты.

«Отырар» – мен үшін өте ыстық туынды. Досымның алғашқы прозалық сәтті шығармасы болумен бірге, ондағы азаттық идеясы, күрес­кер­лік рух жүрегіме жақын болғандықтан көп ұзат­пай «Отырар ойраны» атты телепьеса жазып шықтым. Телепьесада повестің жалпы са­рыны сақталғанымен автордың бірде-бір сөзі кірген жоқ, жаңа кейіпкерлер, тың көрініс­тер қосылды. Бұл туынды Дүкенбай екеу­мі­здің аты­мыздан 1966 жылы Қазақ телевизия­сында қойы­лып (режиссері Ш.Агишева), жоға­ры бағаға ие болды. Ол кезде жазып алу аппа­ра­ты жоқ, сондықтан, қазақтың көптеген атақ­ты ар­тис­тері ойнаған бір жарым сағаттық теле­қо­йы­­лым бір-ақ рет эфирден көрсетіліп, өшіп­ кетті.

Дүкенбай шын мәнінде кәсіби жазушы еді. Оның ең рахат тауып, ләззат алатын ісі –  жазу болатын. Шыдамдылығы, жанкештілігі, еңбекшілдігі еріксіз таңырқатады. Қазақ қаламгерлерінің арасында бұндай қайсарлық сирек кездеседі.

Ол жарты ғасырда 11 роман, 22 хикаят, 100-ден аса әңгіме, ондаған мақала жазды. Шығармалары көптеген тілге аударылып, 7,7 миллион данамен тарады.

Жазушы әр туындысы жарық көрген сайын мақтауды да, даттауды да естіді. Соңынан ит қосып қуғандар да болды. Бірақ, Дүкеш мойыған емес. Әділетсіз сын жанына батса да тез серпіліп, жаңа туындысын жазуға отыратын.

Мен білетін Дүкенбай өзін-өзі төрт қабыр­ғаға қамағанда күндіз-түні ала қағазбен алысып, жанын мазалаған ойлары мен кеудесін кернеген сөздерін жазып, тыншығысы келеді.

Дүкенбайдың қорғасындай құйы­лып түскен көркем дүниелерін мен «Жібек жолы» романымен қоса көптеген әңгіме­лерінен кездестіремін. Оның айтар ойы тұнық, сөйлемдері кестелі, бейнелері айқын болып келеді. Жазушының «Қымыз», «Ергежейлі», «Көкпар», «Кісі ақысы» т.б. әңгімелері әде­биеті­міздің тарихынан көр­некті орын алатын туындылар деп ойлаймын.

 Менің көз алдымда Дүкенбай жас кезіміздегі кей­пін­де қалды. Бұл ретте өмір жолы бірге өткен ортақ досымыз Әбіш Кекілбаев жақсы айтты: Дүкенбай «Жүрегіне сөз қасиеті қонған, табиғатына тарта туған... баладай аңқау, анадай адал, ерекше дарын иесі – сөзден сөйлем, сөй­лем­нен – сурет көркемдеген жақсылықтың диқан­шысы болып елестейді көзіме, – дейді. – Мұн­дай кісі зұлым болмайды, жаулық жасамай­ды. Жасайын десе де қолынан келмейді. Жан әлемі шыны секілді – арғы-бергісі көрініп тұра­ды. Қызғаныш, аярлық, пасықтық сезімнен ада-күде, өз шайтанымен өзі өмір бойы алысып, жауласып өтуге бар...».

Ел астанасы Есілдің жағасына көшкен кез. Орталық көшелердің бірінде Дүкенбай қарсы ұшыраса кетті. Терең ойдың құшағында басы бір жағына ауып, бетпе-бет келсек те мені көрер емес.

– Әй, Дүкеш, Джонатан Свифтің данышпандарына ұқсап кетіпсің, бірақ артыңда жел толтырған қуығы бар қақпайлаушың көрінбейді ғой, – деймін «Гулливердің саяхаттары» романын еске түсіріп.

– Ой, Сұлтеке-ай, жаңа роман жазсам ба деп, миым ашып, сені байқамай қалыппын, – деп құшақтаса кетті.

– Мына жаңа қалада өгейсіп жүр едім, көзіме оттай басылдың ғой.

Сол күннен бастап қайтадан жиі араласа баста­дық. Ең бір есте қалар қызықты күн­дер Әбіш­тің жетпіс жылдығын тойлаған Маңғыс­тау жерінде өтті. Үш күн бойы бірге болдық. Дүкенбайдың жүріс-тұрыс, қимылы жас кез­дегіден көп өзгермепті, бірақ ойы кемелденген, мінезі шираған, мен ұмытқан көп оқиғаларды күні кеше көргендей еске түсірді. Той өткен қалың ауылдан Атыраудың сағасындағы дем­алыс орнына қонуға жиырма шақты жазушы автобуспен шықтық. Көңілді жұрт әртүрлі әңгіменің басын шалып отырған. Жазушы Дулат Исабеков әдетінше құрдасы Дүкенбай туралы сериялы анекдоттарын майын тамызып айтып, бәрі­мізді күлкіге көмді. Тіпті кейбір әзілдері адам­ның ары мен намысына тиетіндей ащы екен.

– Әй, жаның бар ма, сен де бірдеңе айт­саңшы, – деймін жанымда отырған досыма.

– Саған не болған? – дейді бірге оқыған Қойшығара Салғарин намыстанып. – Жазушы емессің бе? Бірдеңе шығармайсың ба?

– Айта берсін, – деді Дүкеш, бет-аузы бүлк етпестен, бірақ бүкіл денесі шиыршық атып тұрғанын сездім. Неткен төзімділік.

Келесі күні Астанаға ұшып келе жаттық. Өте көңілді едік. Алдың­ғы қатарда отырған ағамыз Мырзатай Жолдасбеков үлкендік жасап коньяк құйды. Оны ішкен соң Дүкештің өңі алабұртып менің құлағыма сыбырлады:

– Сұлтеке, баяғыда өмір бойы дос боламыз деген сертің есіңде ме? – деді.

– Есімде.

– Ендеше, кешегісі үшін Дулатты бірігіп сабайық. Менің де адал досым бар екенін білсін.

– Сабаймыз, бірақ ол Алматыға ұшып кетті ғой.

– Қап! Бақыты бар екен! Ол мені қапсыра құшақтап: «Рахмет!» – деді.

Шәкерім атамыздың: «Бір рәуішті болады шал менен жас» деген сөзі есіме оралды.

Қайран, Дүкеш-ай, даналығың мен бала­лығың бірдей есіл ер, алапат еңбегің мен бірнеше дәуірдің шынайы бейнесін жасаған қуатты талантың халқыңның жүрегінен өше қоймас.

Сұлтан ОРАЗАЛЫ,
жазушы, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ҚР Президенті сыйлығының, Алаш және Абай атындағы халықаралық әдеби сыйлықтардың, «Тұмар» бірінші ұлттық телевизиялық бәйгесінің жеңімпазы, профессор