Сол шешімнің негізінде іргетасы қаланған білім ордасы қазіргі таңда С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті деген атауға ие. Алғаш құрылғаннан бері арада уақыт озып, талай рет қоғам өзгергенімен жүрісінен жаңылмай төртаяғын тең басқан білім ордасының 60 жылдық мерейтойын қазан айының 3 күні атап өткелі отырмыз. Кеңес Одағы дәуірінде университетіміз Арқа төсінде ауыл шаруашылығына қажетті арнайы кадрларды дайындайтын бірден-бір білім шаңырағы болса, тәуелсіздігіміздің жарқын жылдарында республика бойынша аграрлық саладағы ең ірі жоғары оқу орнына айналып отыр. Ал Астанамыздың түпкі тарихына көз жіберетін болсақ, осынау 60 жылдық тарихы бар университетіміз елордамыздағы тұңғыш жоғары оқу орны екендігін мақтанышпен айта аламыз. Қазіргі уақытта университеттің 9 факультетінде бакалавриаттың 37, магистратураның 31, докторантураның 19 мамандығы бойынша 11 мыңнан астам студент білім алуда. Сан мыңдаған студентке білім беру үдерісін сапалы түрде жүзеге асыратын профессорлық-оқытушылар құрамының саны 916 адамды құрайды. Олардың 78-і ғылым докторы болса, 28-і PhD докторы, ал 376-сы ғылым кандидаты, маман дәрежесіне ие. Осы 60 жылдық тарихында оқу орнымыздан ауыл шаруашылығы саласы бойынша 65 мыңнан астам маман білім алып шықса, барлығы дерлік Отанымыздың әр өңірінде белді қызметтер атқарып жүр. Олардың арасынан көптеген жетекші ғалымдар, ауылшаруашылық өндірісінің ірі ұйымдастырушылары, «Социалистік Еңбек Ерлері» мен «Қазақстанның Еңбек Ері» еліміздің қоғам және саяси қайраткерлері шыққан.
Өз кезеңінде университет ғалымдарының дәлелдемелері негізінде Қазақстан астығын экспорттау жөніндегі тың бастамалар жүзеге асырылды. Сол дәйектемелер нәтижесінде еліміз астық экспорты бойынша әлемде көшбасшы елдердің біріне айналды. Кеңес заманында аса ауқымды жобаның бірі болған тың және тыңайған жерлерді игеру тарихи жобасын іске асыруға ерекше жағдайда атсалысты. Ал қазіргі таңда Қазақстан экономикасының аграрлық секторын қалыптастырып, дамытуға теңдессіз үлес қосып келе жатқанын мақтанышпен айта аламыз. Университеттің бүгінге дейінгі жүріп өткен жолын саралайтын болсақ, талайғы тың тарихты қайтадан жаңғыртуымызға болады. Себебі қандай кезеңде болмасын, елдің дамуы жолындағы қызметі лайықты деңгейде болғанын және өзінің негізгі міндетін абыроймен атқарып, кадрлар даярлаудың түпқазығына айналғанын анық аңғара аламыз. Сонымен бірге елімізде аграрлық ғылым мен білім беру саласын дамытуға барынша үлес қосқанын атап өткім келеді.
Ауыл шаруашылығы саласының әлеуетін ескере отырып, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Қазақстанның үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты Қазақстан халқына Жолдауында аграрлық секторды экономиканың жаңа көшбасшысына айналдыру жөнінде міндет қойды. Бұл үшін дамудың жаңа инновациялық жолына көшуіміз қажет. Қазіргі таңда республикамыздағы егістік жерлердің 93 %-ы «тәуекелді егіншілік» аймақтарында орналасқан, яғни ауылшаруашылық өндірісі толығымен ауа райы жағдайына тәуелді. Сол себепті саланың бәсекеге қабілеттілігін және инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін бізге ғылымды озық қарқынмен дамытуға қол жеткізу керек. Нақтырақ айтсақ, қуаңшылыққа төзімді, жоғары сапалы сұрыптар мен жануарлардың өнімді гендік қоры, өндірісі жоғары технологиялар қажет. Өкінішке қарай осы міндеттерді шешуге тиіс аграрлық ғылым саласы артта қалып отыр. Соның бір дәлелі – ауылшаруашылық ғылымы әлі де қазіргі уақыт сұранысынан қалыс қалған білім мен технологияларға сүйенуде. Біздің есебіміз бойынша, ауыл шаруашылығы саласы ғылыми тұрғыда тиісті деңгейде қамтамасыз етілсе, дәнді дақылдар шығымдылығын 2 есеге, мал шаруашылығы өнімділігін 3-4 есеге арттыруға толық мүмкіндік бар. Егер біз өз өніміміздің бәсекеге қабілеттілігін қамтамасыз еткіміз келсе, онда дамыған елдердің ғылымды үйлестіру әдістемелерін біздің жағдайға бейімдеп, тәжірибеге енгізуіміз керек. Ал сол дамыған елдердің «жетістік формуласының» сыры неде? Дамыған елдерде ең бастысы ғалымға, оның ғылыми ізденісіне және оған жасалатын қолайлы жағдайларға, сонымен бірге ғылыми ортаға ерекше назар аударылады. Біздегі жағдайға келсек бәрі керісінше, яғни ғылымнан гөрі аграрлық ғылыми-зерттеу институттары мен жоғары оқу орындарын басқару орталықтарын құруға көп көңіл бөлінеді. Біздің кемшілігіміз осы. Жүйенің мазмұнын өзгертпей, үнемі сыртқы көрінісін ауыстырып, тек үстеме құрылымдар жасақтаумен әуестенеміз. Дамыған елдердегі қозғаушы күш – ғалымдар арасындағы бәсекелестік. Өкінішке қарай бұл жағдай бізде мүлдем жоқ. Әлемдік тәжірибе көрсетіп отырғандай, бәсекеге қабілетті мамандарды дайындау мен инновацияларды жасап шығарудың ең оңтайлы үлгісі әрі қысқа жолы зерттеу университеті болып табылады. Барлық дамыған елдерде ғылым осы жолмен дамуда. Бізден ерекшелігі, оларда зертхана мен дәрісхана бір алаңда буындас құрылған, яғни зерттеу университетінің құрамына ЖОО, ҒЗИ және тәжірибе шаруашылықтары біріктірілген. Бұл жүйе оларға көшбасшы ғалымдарды студенттік кезден бастап дайындауға, ғылыми нәтижелерді ілеспелі түрде оқу үдерісіне енгізуге және инновациялар мен технологиялар трансфертін дамытудың үздік моделін жүзеге асыруға мүмкіндік береді. Осындай жаңашылдықтың өмірлік қажеттілігін түсініп, біздің ұжым 2014 жылдан бастап оқу орнын зерттеу университетіне көшіру жұмыстарын бастады. Біз бұл бағытта аграрлық білім мен ғылым саласында әлемдік деңгейде көшбасшы саналатын Чили, Малайзия, Вьетнам және Қытай елдеріндегі аграрлық білім мен ғылым жүйесін реформалауда оң тәжірибеге ие болған Дэвистегі (АҚШ) Калифорния зерттеу университетімен серіктестік байланыс орнаттық. Біздің іс жүзіндегі бірлескен алғашқы қадамымыз оқытушыларымызды аталған оқу орнының және әлемдегі басқа да жетекші университеттердің базасында оқытудан, сондай-ақ оларды тағылымдамадан өткізуден басталды. Біз шетелдік профессорлардың тікелей көмегімен және еңбек нарығындағы сұраныстарды ескере отырып, жаңадан 6 білім беру бағдарламасын әзірледік, ал келешекте 62 білім бағдарламасын әзірлеу және енгізу міндеті тұр. Оқыту жүйесінің тәжірибеге бағытталуын күшейттік. Студенттердің өндірістік іс-тәжірибесі 3 айдан 7 айға дейін ұзартылды, ауылшаруашылық мамандықтар бойынша оқу үдерісі жазғы маусымға ауыстырылды, яғни ауылшаруашылық жұмыстардың маусымымен үйлестірілді. Соңғы жылдары 58 білім беру бағдарламасы үш тілділікке көшірілді. Бұл бағыт бойынша 126 оқытушы немесе профессорлық-оқытушылар құрамының 14 %-ы ағылшын тілінде дәріс береді. Осы бір тың өзгеріске сәйкес ғылыммен айналысатын оқытушылар мен студенттердің саны 2 есе өсіп отыр. Нәтижесінде Web of Science басылымдарында шыққан ғылыми талдамалық мақалалар саны 18 есе көбейді. Бұл – ғылыми тәжірибелік бағытқа бет бұрғандықтың айқын дәлелі.
Осы бірнеше жылдың өзінде университетке шамамен 1,1 млрд теңге көлемінде инвестиция тартылып, жаңа білім мен технологияларды трансферттеу мен бейімдеудің 4 халықаралық орталығы ашылды. Аталған шаралар нәтижесінде оқу орны әлемдік QS рейтингі бойынша дүние жүзінің үздік 800 университеті және QS EECA рейтингі бойынша Шығыс Еуропа мен Орталық Азияның үздік 200 ЖОО қатарына кірді. Бұл әлемдік деңгейдегі білім мен ғылым саласын жан-жақты ұштастырып отырғандығын айғағы. ҚазАТУ базасында зерттеу университетін құру еліміздің агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасында да қарастырылған. Қазіргі таңда университеттің даму бағдарламасы әзірленіп, мүдделі министрліктердің қолдауына ие болып отыр. Бағдарламаны іске асырудың іс-шаралар жоспары Ауыл шаруашылығы министрінің бұйрығымен бекітіліп, оны университет ұжымы жүзеге асыруға кірісіп те кетті. Алдағы уақытта осы бағдарламалардың оң нәтижесін көреміз деген сенім мол.
Енді осы серпінмен қарышты қадам басып, алға ұмтылуымыз қажет. Себебі уақыттың талабы осы. «Темірді қызған кезінде соқ» демекші, дәл қазір біздің ел үшін аграрлық салада ғылым жолын сара жолмен тура жолдан тайдырмай түзу бастаған абзал. Сол себепті біз таңдаған жол кездейсоқ емес, бұл саналы түрдегі қажеттілік және біздің болашағымыз.
Ақылбек КҮРІШБАЕВ,
ауыл шаруашылығы ғылымдарының докторы, профессор, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университетінің ректоры