Аймақтар • 05 Қараша, 2017

Сыр өңірінің 9 нысаны ЮНЕСКО тізіміне енді

360 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Тарихи жәдігерге бай Сыр өңірінде 532 мәдени мұра мемлекет қарауына алынған. 9 нысан ЮНЕСКО-ның тізіміне енгізілді, деп хабарлайды Хабар 24. 

Сыр өңірінің 9 нысаны ЮНЕСКО тізіміне енді

Осынау рухани құндылықтарды дүйім жұрт тану үшін аймақта «Ұлы Дала елі» танымдық экспедициясы ұйымдастырылды. Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының өкілдері, тарихшы-археологтардан құралған топ алдымен Жанқожа батыр кесенесіне тәу етті. Хиуа, Қоқан хандықтары мен Ресей отаршылдарына қарсы ұлт-азаттық күрес жүргізген қаһарман бабаның кесенесі Қазалы ауданында орналасқан. Келесі бағыт Жанкент қалашығы болды.

Оғыз мемлекетінің астанасы болған шаһардың аумағы 20 гектардай. Егіншілік пен сауда-саттығы өркендеген қаланың қалыптасуынан рулық қауымдастық емес, урбанизация үдерісі байқалады. «Өйткені қалашықтағы ашылған үлкен ғимараттан 20-ға жуық үйдің орны ашылды. Әр үйдің ортасында міндетті түрде ашық ошақ болады. Қалашықтың соңғы өмір сүрген уақытында қалашық ислам дінін қабылдаған деп те айтуға болады. Көптеп кездесіп жатыр «Мұхаммед» деген жазуы бар жүзіктер шықты, арабша жазуы бар бірнеше ыдыстың қалдықтары шықты. Оған қосымша табылған тиындардан қалашықтың соңғы өмір сүрген кезеңі X ғасыр екенін анықтап отырмыз. Экспедиция мүшелері шығыс жастарының көшбасшысы болған Ғани Мұратбаевтың мемориалдық музейіне де бас сұқты», - дейді Қорқыт ата атындағы ҚМУ ғылыми қызметкері Сейдәлі Біләлов.

Биыл 115 жылдығы атап өтілген Орта Азия жастар қозғалысының ұйымдастырушының өмірдерегі таңданыс туғызды. Түрлі ұлт пен ұлыс өкілдерінен жиналған топ, сондай-ақ ұлы ойшыл Қорқыт атаға арнап салынған мемориалдық кешенге барып, жырау-қобызшының рухани болмысына қанықты.

«Облыстағы этномәдени орталықтардың мүшелері Түркістанға, Арыстанға барып, осы экспедицияның бірінші кезеңіне қатысқан. Экспедицияның екінші кезеңінде біз түркілердің тарихы, оғыздардың тарихы, түбі бір түркі қазақ елінің тарихи ескі қалашықтарға барып, әсеріміз өте жақсы. Бұл біздің еліміздің тарихы біздің жастарға үлгі, жастар ел тарихын білу керек. Тарих тағылымы арқылы болашаққа деген даму тетігін табу - бұл ұлттық бірегейліктің басты тірегі болмақ. Түрлі этнос өкілдерінің танымдық саяхаттан түйгені осы болды», - облыстық түрік этномәдени орталығының төрайымы Гүлчин Гейдарова.