Бұл – жаңа өмірге, соны кеңістікке бастар баспалдақ, өскелең ұрпақтың ой-өрісі мен дүниетанымының тереңдей түсуіне негізгі алғышарт. Латын графикасындағы қазақ жазуын қалыптастыру ұлттық сананы азат етіп, жаһанның озық елдерімен тереземізді теңестіреді.
Үшінші мыңжылдықта қоғам мен мемлекеттің орнықты дамуының ең басты алғышарты сапалы берілген білім екендігі дәлелденді. Біз «білім – ғылым – инновациялар» үштігіне негізделген постиндустриялық әлемге қарай қадам басып келеміз. Жаһандану жаңа талаптар мен тың бастамаларды талап етеді. Ғаламдық дамудың жаңа кезеңінде латын графикасына көшу мәселесі қажеттілік қана емес, тіліміздің тарихи ерекшелігін сақтау арқылы әлемдік интеграция, ақпарат алу мүмкіндігіміздің артуына негіз болып табылады. Сонымен қатар латын графикасына көшу тіліміздегі жат дыбыстарды таңбалайтын әріптерді қысқартып, сол арқылы оның табиғи таза қалпын сақтауға мүмкіндік береді. Латын әрпі үш тілде оқытуды дамытуға да септігін тигізбек. Мұндай қадам өз кезегінде отандық ғылымның жаңа көкжиектерін ашады, жаһандық ғылыми өлшем базаларына тезірек кіруге мүмкіндік туғызады, қазақстандық ғалымдардың шетелдік әріптестерімен қарым-қатынасын жандандырады. Өйткені адамзаттың көп бөлігі құрылымы латын графикасына негізделген әліпбиді қолданады. Бұл – біріншіден.
Екіншіден, бүгінде дүние жүзіндегі аса өзекті ақпараттар ағынының 70 пайызы латын графикасымен беріледі. Сондай-ақ бұл озық ғылым мен білімнің яки заманауи инновациялардың және ең бастысы, Интернет пен ақпараттық технологияларға орайластырылған жұртшылықтың сұраныстарын санаулы секундтарда қанағаттандыратын Yahoo, Google сияқты заманауи іздеу жүйелерінің де, цифрлы технологияның да негізгі іргетасы.
Үшіншіден, жаңа графикаға өту – түркітілдес елдерді жақындастыратын маңызды шешім. Түркі халықтарының мәдениеті, сөздік құрамы латынша жазылғандықтан, оларды зерттеу де тиісінше оңайға түседі. Тарихқа көз жүгіртсек, аталған жазу жүйесін алғаш болып 1928 жылы Түркия қабылдаса, 1991 жылдан кейін бұл графикаға Түрікменстан, Әзербайжан және Өзбекстан мемлекеттері де өткен болатын.
Төртіншіден, латын графикасына ауыса отырып тіліміз халықаралық деңгейде зор мәртебеге ие болады. Сонымен қатар бұл қадам арқылы киіз туырлықты қазақ өз руханиятының тізгінін өзі ұстайды. Бір бұл ғана емес. Мемлекет басшысы арнайы Жарлығымен бекіткен қазақ тілін латын графикасына көшіру жобасы басқа тілдерде сөйлейтін адамдарға біздің тілді жылдамырақ үйренуді ынталандыратын нұсқа ретінде қарастырылып отыр. Себебі аталған форма қазіргі заманның талабын ескере отырып жасалған.
Қазақ әліпбиін 2025 жылға қарай біртіндеп латын әрпіне көшіру мәселесін жүзеге асыруда мақсатты нәтижеге жету үшін, ең алдымен латын графикасын меңгерту әдістемесі жасалуы керек. Осы тұжырымдар негізінде қоғамға, әсіресе жастарға көптеген жетістіктерге қол жеткізетіндігімізді, тіліміздегі дыбыстық жүйелерді нақты анықтап, қазақ тілінің жазылуы мен дыбысталу кезінде сөздер қолданысындағы артық кірме сөздерден арылатындығымызды, болашақ үшін әлдеқайда маңыздырақ екендігін анық түсіндіруіміз қажет.
Қазіргі күннің басты тренді үздіксіз даму, ноу-хау мен инновация болып табылады. Жаңа заманның жастары осындай өзгермелі уақытта өмір сүруге қабілетті болып қана қоймай, оқиғалар мен үдерістердің ортасында, көш басында болуы тиіс. Бұл – терең түйсіне білгенге бәсекелестікке апарар жолдың басы, ұлттық кодымызды көздің қарашығындай сақтаудың негізі. Қазіргі мемлекетімізге ұлтты ұйыстыра алатын, тың бағыттағы рухани ағым керек. Латын әрпін енгізудің басты өзегі де осында жатыр. Сондықтан да жаңа графика еліміз үшін қажетті, уақыт талабынан туындап отырған жаңа атрибут, аса маңызды фактор деп санаймын.
Гауһар АЛДАМБЕРГЕНОВА,
Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінің ректоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор