
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары Елбасымыздың жастарды үнемі қолдап, олардың сапалы білім алуына және бәсекеге қабілетті маман болып қалыптасуына барлық жағдайды жасап келе жатқанына назар аударды. Сондай-ақ ол тәуелсіз Қазақстанның ширек ғасырда жеткен жетістіктері мен бүкіл әлем таңдай қаққан табыстары Тұңғыш Президентіміздің ерең еңбегінің нәтижесі екенін айрықша атап өтті.
– «Нұр Отан» – Елбасының партиясы. Сондықтан Мемлекет басшысының саясатын қолдайтын, елін, жерін сүйетін, халқына адал қызмет еткісі келетін әрбір жас қазақстандық осы партияның қатарынан табылуы керек. Елбасы салған даңғыл жолдан жаңылмай жаһан көшінің алдынан көріну енді ел жастарының, яғни сіздердің абыройлы міндеттеріңіз, – деді Мұхтар Құл-Мұхаммед.
Сонымен қатар партия Төрағасының бірінші орынбасары талантты жастардың дәл Тұңғыш Президент күні қарсаңында партия мүшесі атануының маңызы зор екеніне тоқталып өтті.
– Дәл 1 желтоқсан күні бүкіл халық болып өзіміздің Тұңғыш Президентімізді сайладық. Содан бері Елбасымыз бізді биік белестер мен жарқын жеңістерге батыл бастап келеді. Сондықтан бұл күн барша қазақстандықтар үшін жалпыұлттық мереке. Осындай тарихи күн қарсаңында Елбасы партиясына өтуді жаңа шыңдарға бастайтын қадам деп білемін, – деген Мұхтар Құл-Мұхаммед жастарға алдағы өмірде тек сәттілік тіледі.
Партия мүшесі атанған жастардың қатарында белгілі әнші, айтыскер ақын Төреғали Төреәлі де бар. Жиынға қатысушыларды Тұңғыш Президент күнімен құттықтаған ол «Нұр Отан» партиясының мүшесі атану зор мәртебе әрі үлкен жауапкершілік екенін айтты.
Өз кезегінде бірнеше хит әндердің орындаушысы Ерке Есмахан партия қатарына өтуі туған күнімен тұспа-тұс келгенін айтып, оны жақсылыққа жоритынын жеткізді.
– Қазақстан тәуелсіздік жылдарында өнер саласында тамаша жетістіктерге қол жеткізді. Біз сияқты жас әншілер үшін де сапалы жұмыс істеуге барлық жағдай жасалды. Мұның бәрі Елбасымыздың жастарға деген қамқорлығы мен қолдауының оң нәтижесі, – дейді Е.Есмахан.
Бұлардан бөлек осы күні спортта ел намысын абыроймен қорғап жүрген жас азаматтар да партиялық билеттерін алды. Атап айтқанда, ауыр атлетикадан Рио-де-Жанейро Олимпиадасының қола жүлдегері Карина Горичева мен кәсіпқой бокстан әлемнің экс-чемпионы Жанат Жақиянов жас нұротандықтардың қатарын толықтырды.
Сондай-ақ ғылым саласында орасан зор табыстарға қол жеткізген жас ғалым, «Техника мен технологияның дамуына қосқан үлесі үшін» Н.Тесла атындағы алтын медальмен, ғылымдағы аса зор табыстары үшін Еуропалық Ғылым академиясы президиумының Лейбниц атындағы медалімен марапатталған Әуесхан Оспанов, археологияда өнімді еңбек етіп жүрген жас маман Айбар Қасеналин, республикалық психиатрия, психотерапия және наркология ғылыми-практикалық орталығының дәрігері Алуа Масалимова, Ақтөбе облысы, Алға аудандық балалар үйі директорының орынбасары Вероника Власова, «Ауыл шаруашылығы саласындағы ең үздік жас маман» байқауының жеңімпазы Егемен Жұмағали, республикалық және халықаралық дебат турнирлерінің бірнеше дүркін жүлдегері Уәлихан Тұрарбек, жас кәсіпкер Нұрлан Қабыштаев, «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасының қатысушысы Ахмет Магомедов, «Болашақ» бағдарламасының стипендиаты Жалғас Молжігіт, жас шахтер Николай Алейников және жас металлург Дмитрий Бобылев «Нұр Отан» партиясының мүшесі атанды.
Іс-шара соңында партия Төрағасының бірінші орынбасары Мұхтар Құл-Мұхаммед барша қазақстандықтарды Тұңғыш Президент күнімен құттықтап, жаңадан қабылданған жас партия мүшелері Елбасы бастамаларының табысты жүзеге асуына өз үлестерін қосатынына сенім білдірді.
Жолдыбай БАЗАР,
«Егемен Қазақстан»