Сондай-ақ мекен-жайлар анықтамалығында ауылдық округтер әкімдерінің аппараттары көрсетілмегендіктен, қызмет алушылар негізінен аудан әкімінің аппаратына барады. Алайда, жекелеген қызмет түрлерін ауылдық округтердің әкімдері көрсетуге тиісті. Мысалы, «Елді мекен шегінде объект салу үшін жер учаскесін беру», «Жер учаскесінің нысаналы мақсатын өзгертуге рұқсат беру» сияқты қызмет көрсетулер Жер кодексінің баптарына сәйкес жеке және заңды тұлғалар жер учаскесі орналасқан жердегі жергілікті атқарушы органға өтініш береді деп жазылған.
Сонымен қатар «Сауда-саттықты (конкурстарды, аукциондарды) өткізуді талап етпейтін мемлекет меншігіндегі жер учаскелеріне құқықтар алу» және ««Жол бойындағы сервис объектілерін орналастыру үшін жер учаскелерін табыстау туралы шешім қабылдау» мемлекеттік көрсетілетін қызмет стандарттарында жерге орналастыру жобасы мен комиссияның оң қорытындысын тапсыру қарастырылмаған. Алайда, Жер кодексінің 43-бабының 2-тармағына сәйкес жер учаскесін беру туралы шешім аталған құжаттардың негізінде қабылданады. Демек, бұл стандарттар қолданыстағы заңнамаға қарама-қайшы келетіндіктен, Ұлттық экономика министрінің 2016 жылғы 30 наурыздағы №151 бұйрығына тиісті түзету енгізу қажет.
Бұдан бөлек, мемлекеттік көрсетілетін қызметтер реестріне сәйкес жергілікті атқарушы органдар автобустармен, микроавтобустармен қалааралық, облысаралық, ауданаралық және халықаралық қатынастарда жолаушыларды тасымалдау ісімен айналысу құқығына лицензия беру қызметін көрсетеді. Алайда, аталған қызмет «Е-лицензиялау» порталының «Көлік» бөлімінде» және «Қызметті лицензиялау» бөлімінде үшке бөлініп көрсетілген. Соның салдарынан кәсіпкерлер үш түрлі қызмет бойынша лицензия алуға мәжбүр болып отыр.
Тағы бір жайт, ХҚО-ларда кезекшілік жасайтын кейбір тар шеңберлі мамандыққа ие дәрігерлердің тапшылығы салдарынан көлік жүргізу құқығын алғысы келетін адамдар кейде уақыттарын текке жоғалтып, орынды реніш білдіріп жатады. Осыған орай оны тұрғылықты жерлеріндегі емханалардан алатын медициналық анықтамамен алмастырған жөн болар.
Осы мәселелерді қарастыруды өтініп, Премьер-Министрдің орынбасары А.Жұмағалиевке депутаттық сауал жолданды.
Майра АЙСИНА,
Мәжіліс депутаты