Зерттеу басталды. Оны тереңдете зерттегендер көрнекті кеңес тарихшы, философ ғалымдары Б.Ғ.Ғафуров, Ю.Н. Завадовский, А.Х. Қасымжанов, А.Машанов, М.С.Бурабаев, С.А. Григорян, М.М.Хайруллаев, А.В.Сагдеев, О.Матякубов, Қ.Жарықбаев, Ж.Әлтаев, Б.Я. Ощерович, А.С. Иванов, Е.Д. Харенко, К.Таджикова, Ғ.С. Құрманғалиева; қазақшаға аударғандар Қ.Сағындықов, М.Жанғалин, М.Ишмұхамедов еді.
Ғалымның әуелгі жинақтағы трактаттарына «Философиялық көзқарастары», «Екі философ – қасиетті Платон мен Аристотельдің көзқарастарының ортақтығы туралы», «Табиғат ғылымдары және тәңірлік ғылымдар туралы», «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайындағы трактат» енгізілген. Солардың арасынан назарымызды аударған және арнайы сөз еткелі отырғанымыз ұлы ойшылдың «Сөз – ғылымдардың классификациясы туралы» («Мақала фи ихса әл-улум») атты дүниесі.
Ғылымды жіктеумен ертеректе көне грек ойшылы Аристотель айналысты. Ал ислам дүниесінде әл-Фарабиге дейін әл-Кинди (?-879), ортаазиялық Мұхаммед Мұса әл-Хорезми (ІХ ғ.), кейінірек Әбу Әли Ибн Сина (980-1037) бұл мәселеге мойын бұрды. Ал Еуропа жұртында Сен-Симон (?-1309), Ф.Бэкон (1561-1626), Г.В.Гегель (1770-1831), Ф.Энгельс (1820-1895) және т.б. шұғылданды.
Отырар перзентінің ғылымды жіктеу әдісі Шығыс және Батыс елдеріне де тарады.
«Ихса әл-улум» - сөзбе-сөз – «ғылымдар тізбегі». Ихса – «санау», «шолу» және «жіктеу» дегенге келеді. Әл-Фараби сол кездегі ғылымдар тізбегін жасауға, олардың әрқайсысына сипаттама беруге талаптанған. Алайда оның ғылымдарды рет-ретімен келтіргені сондай – мұның нәтижесінде, оның ғылыми және философиялық жүйесіне сәйкес бұл тізбек ғылымды жіктеу болып шыққан».
Әбу Насырдың ғылымды жүйелеуінде кездейсоқтық жоқ. Себебі Отырар оқымыстысы көне грек тілін жақсы білгендіктен де Аристотель, Платон, Гелен, Птоломей, Порфирий секілді данышпандардың туындыларын түпнұсқада оқыды, араб тіліне аударды, түсіндірме жазды. Грек ғалымдары, ойшылдары шығармаларының тереңіне бойлап, мәнін аша алды және олардан үйренді.
Ал ислам ғалымдары ғылымды жаппай жүйелеген жоқ. Өйткені орта ғасырларда кез келген оқымысты ғылыммен айналысса, оның барлық саласына қалам тартатын. Ал Отырар кемеңгері аталмыш трактатында: «Біз бұл кітапта белгілі ғылымдарды тізіп, бұл ғылымдардың қайсысын тұтас күйінде, сондай-ақ әрбір ғылымның бөлімдері және әрбір бөлімнің мазмұны қандай екенін түгелдей түсіндіруге тырыстық; оларды біз бес тарауға бөлдік» деп алдына қойған мақсатын айқындап алады да «бірінші тарау – тіл және оның бөлімшелері туралы ғылым; екінші тарау логика және оның бөлімшелері» дейді. Сөйтеді де логикадан соң математика, одан соң арифметика, одан кейін геометрия, сонан соң оптика, жұлдыздар туралы ғылым, музыка туралы ғылым, салмақтар туралы ғылым, шебер тәсілдер туралы ғылым» деп жіліктеп тізбектей таратып кетеді.
Төртінші тарауды ол «Табиғат ғылымдары және тәңірлік ғылымдар туралы» деген, әрі қарай оны «физика», «Метафизика» немесе «тәңірлік ғылым», ал бесінші тарауды «азаматтық ғылым юриспруденция және догматикалық діни ілім туралы» деп саралаған.
Әбу Насыр: «Бұл кітаптағының бәрі де пайдалы, өйткені егер адам осы ғылымдардың бірін қарастырып, зерттегісі келсе, онда ол неден бастаудың, атап айтқанда нені зерттеу керек екенін, зерттеу үшін ненің жарамды, ненің жарамсыз екенін және өзінің оған қай дәрежеде қолы жете алатындығын білетін болады. Сөйтіп оның ғылымға баратын жолы қараңғылық пен надандыққа емес, білім мен парасатқа негізделетін болады» дейді.
Әбу Насыр ғылымдарды жіктегенде жоғарыда айтылғандай оны тіл туралы ғылымнан бастаған. «Әрбір халықтың тіл туралы ғылымында қосымша жеті тарау болады» дейді. Олар:
1.Жай және сөз тіркестері туралы ғылым;
2.Сөз тіркестері туралы ғылым (бұған шешендік өнер және стилистика да кірген);
3.Сөз тіркестерінің заңдары туралы ғылым;
4.Сөз тіркестерінің ережесі туралы ғылым;
5.Жазу заңдары (жазу ережесі) туралы ғылым;
6.Дұрыс оқу заңдары туралы ғылым;
7.Өлең өнері жайлы ғылым».
Кемеңгер тіл туралы ғылымды екіге бөлген. «Біріншісі: қайсыбір халықтың тіліндегі сөздерді есте сақтау және оның әрқайсысының мағынасын білу. Екіншісі: сол сөздерді (билеуші) заңдарды білу» дейді де әуелгісіне оралады. Бұл ретте ол нағыз тіл маманы ретінде көрінген. «Біз әрбір халықтың тіліндегі сөздер өзінің мағынасы жағынан жай сөздер және күрделі сөздер болып екі түрге бөлінеді дейміз. Жай сөздер – бұлар, мысалы, «ақ», «қара», «адам», «хайуанат». Күрделі сөздер деген мысалы: «біздің бұл адам – хайуан», «Амр – ақ» дейтін сөйлемдеріміз» деп нақтылы мысалдармен түсіндіріп кетеді. Одан соң есімдер және етістіктер, сөз тіркестері, сөз тіркестерінің заңдарына тоқталады. Ол сондай-ақ «аффикстерге» де назар аударған. «Сөздің соңына қосылатын аффикстер болады. Бұлар – жұрнақтар және септік жалғаулар деп аталатындар» дейді.
«Есімдерге және етістіктерге родтық түрлер тән – ерлік род және әйелдік род және сандар – дара сан, екілік сан, көпше сандарға бөлінеді. Етістіктерге шақ тән: өткен шақ, осы шақ. Келер шақ... Бір қызығы, мұнда араб грамматикасы грек грамматикасының моделі бойынша түсіндіріледі. Семит тілдерінде грек тіліндегідей және басқа үнді-еуропалық тілдердегідей мағынада уақыттар ұғымы жоқ».
Әбу Насыр тіл дегенде араб тілін мысалға алады. «Араб тілінде есімдердің жалғаулары дегеніміз – бұлар үш тануин, ал етістіктер үшін – үш харакат (огласовка) және сукун, араб тілінде қосымша (аффикс) ретінде қолданылатын тағы басқалары» деп жалғастырып кетеді.
«Тануин – тұйық райдағы сөздердің нунға бітетін жалғауын белгілеу үшін араб грамматикасында қолданылатын термин. Сукун – «тыныстық» деген сөз, ал дыбыстандыру сөздің «қозғалысы» деп түсініледі; демек бұл – дауысты дыбыстың жоқтығы, яғни дауысты дыбыс жалғанбайтын дауыссыз дыбыс».
Автор септеулік, демеулік шылауларға да тоқталған. Тіл білімі мәселелерінен кейін ол «...Тіл біліміне жақындық дәрежесіне қарай поэтика келеді. Ақындық үш бөлімнен тұрады: бірінші – жай болсын, күрделі болсын ақындықта қолданылатын өлең мөлшері айтылады. Сонан соң әліппенің әріптеріне сай келетін арабтарда белгілі сабаб және уатад (араб өлеңі қайырмасының бөлшектері; біріншісі екі дауыссыз – екіншісі үш дауыссыз дыбыстан құралады), гректерде буын және стопа деп аталатын түрлер мен мөлшерлерден туатын сөз дыбыстарының орналасу тәртібі аталады» дейді де осы мәселені өлеңдердің мөлшері, ұйқастар... поэзияда қандай сөздерді пайдалануға болатынын, ал қандайын пайдалануға болмайтынын» зерттейді. «Тіл туралы ғылымның әрбір бөлімінің мазмұны, міне, осылар» деп «Тіл туралы ғылымды» қорытындылайды.
5-тараудың соңына «Қайырымды қала тұрғындарының көзқарастары жайындағы трактаты» берілген. «Философиялық трактаттар» осымен аяқталған.
Х ғасырда сөйтіп ғылымды жүйелеудің жағдайы осындай еді.
Поэтика, ақындық демекші, 1970 жылдары Мәскеуде Шығыстану институтының аспирантурасында оқып жүргенде Италияның «Ориенте Модерно» атты журналынан Отырар перзентінің «Өлең өнері жайлы трактатын» көрген едім.
Әбу Насыр әл-Фарабидің «Өлең өнерінің қағидалары туралы трактат» жазғаны ғылыми ортада біраздан бері белгілі болатын. Көрнекті неміс шығыстанушысы М.Штейншнейдер (1816-1907) бұл жайлы «Әл-Фарабидің шығармалары мен өмірі» атты еңбегінің 60-бетінде атап өтеді, алайда ол да, ағылшын арабисі профессор Марголиус та, «Екінші ұстаз» қолжазбасының, соның ішінде аталмыш трактаттың жоғалып кеткеніне қатты қынжылыс білдірген. 1972 жылы КСРО мемлекеттік Ленин атындағы кітапхананың Азия және Африка халықтары әдебиеті каталогындағы Италияның Шығыстану журналының қорын қарап отырып, 1937 жылғы Италияның шығыстану журналы «Ориэнте модернода («Қазіргі Шығыс») арабист Артур Дж.Арберри Үндістанға барған сапарында Үндінің ұлттық кітапханасынан («Индия оффиге лэйбрари») әл-Фарабидің «Өлең өнерінің қағидалары туралы трактатының» табылғанын қуана хабарлағаны көзге түсті. Ол қолжазбаның XVII ғасырда көшірілгенін айта отырып, оның әлі күнге дейін Үнді ұлттық кітапханасында №3832 белгімен (42в-45а беттер) сақтаулы екенін де ескерткен.
Ояну дәуіріндегі Шығыс ойшылдарының проблемасымен айналысқан профессор Марголиус белгілі араб философы әл-Кинди Йақуб ибн Исхақтың да (800-874) осындай тақырыппен трактат жазғанын, бірақ оның ізі жоғын айтады.
Әзірге бізге мәлім ренессансқа жататын еңбектер ішінен Аристотель іліміне негізделіп, өзіндік қолтаңбасымен дараланып тұрған да осы әл-Фарабидің поэзия туралы тұжырымдары екеніне ғалым даусыз мойынсынады. Өзіне дейінгі өлең өнеріне байланысты көптеген зерттеулерді жинақтап, өз табиғатымен жіктеген Отырар перзентінің парасатты пайымдаулары соншама уақыт өтсе де, құнын жойған жоқ.
Шынында да, ол Аристотель поэтикасына сілтей отырып, жарыса тың қорытынды жасайды, талғамды түйін түйеді. Поэзияның қастерлі өнер екеніне дау туғызбайтын дәлелдер келтіреді. Ол осынысымен де қызық.
Алматыдағы әл-Фараби орталығы ашылғалы 50 жылға жуық уақыт өтті. Отырар ғалымының шығармаларын жинап, зерттегендердің басым көпшілігі қазір арамызда жоқ. Әйтсе де бұл игі істі Білім және ғылым министрлігі Философия, саясаттану және дінтану институтының ғалымдары академик Ә.Нысанбаев, профессор Б.Сатершинов, профессорлар Н.Сейдахметова, Г.Құрманғалиева және Әбу Насыр әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетіндегі әл-Фараби ғылыми-зерттеу Орталығының философтары Ж.Әлтаев секілді т.б. ғалымдар сәтті жалғастырып келеді.
Әбсаттар ДЕРБІСӘЛІ,
Р.Б.Сүлейменов атындағы Шығыстану нститутының
директоры, Ұлттық ғылым академиясының корреспондент-мүшесі, филология ғылымдарының докторы, профессор
СУРЕТТЕ: Сирия Араб Республикасының астанасы Дамаск қаласындағы Әбу Насыр әл-Фарабидің зиратында.