Медицина • 13 Шілде, 2018

Медициналық туризм: ем алу ма, демалу ма?

671 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы «Бір мақсат, бір мүдде, бір болашақ» атты халыққа Жолдауында: «Саламатты өмір сал­тының орнығуы, медицинаның да­муы қазақстандықтардың өмір сү­ру ұзақтығын 80 жасқа дейін арт­ты­рады. Қазақстан медициналық ту­ризмнің жетекші еуразиялық орталықтарының біріне айналады» деп атап көрсеткен еді.

Медициналық туризм: ем алу ма, демалу ма?

Одан бері де төрт жылдай уақыт өте шықты. Медициналық туризмнің біздің елдегі жағдайы бірден оңалып кете қойды ма? Қиындау сұрақ. Жыл сайын бұқаралық ақпарат құрал­дарында «Осынша миллион еуро шетел медицинасына кетті» деген деректер жарияланады. Қа­рап отырсақ, сол шетелдердегі кли­­никалардың жағдайы, қазіргі за­манғы жабдықтармен қамтылуы біздегілермен бірдей. Тіпті кейбір қазақстандық емханалардың артық тұстары да бар.

Ендеше, шекара асып, дертіне дауа іздеген жұрттың қарасы неге көп? Мүмкін мәселе көрсетілетін қызметтің сапасында, маманның білік­тілігінде шығар? Әлде «Шетел­ге барып емделіп келдім» деген мақ­тан үшін бе? Әрине кейбір қиын диагноздарды толық емдеп шы­ғуға отандық медицинаның қауқары жетпейтін жағдайлар да болады. Қайда барып қараламын десе де әркімнің еркі өзін­де, дегенмен мемлекет медицина са­ла­сына деп қыруар қаржы бөліп, қажет жағдайдың бәрін жасап жатқан кезде шалғайға шабудың мәні бар ма? Мысалы, атыраулықтар сырқат сыр бере қалса, алысты айтпағанда, көршілес Ресейдің Астрахань, Самара облыстарына жиі барады. Соңғы уа­қыт­тарда Ташкент «сәнге айналды».

Ал қанша шетелдік Қазақстанға келіп емделді? «Планета kz» туристік компаниясының басшысы Роза Бекенованы да осы сауал біраздан бері мазалап жүр. Медициналық туризм бағытында жұмыс істейтін компания жетекшісінің мамандығы – дәрігер. Бірнеше жыл болды, ше­тел­ге барып ем аламын, дема­ламын деушілердің сапарын ұйым­дастырады. Енді Қазақстанға, Атырауға шетелдіктерді тартуды мақ­сат етуде. «Әзірге Қазақстан азамат­тарының шетел дәрігерлеріне барып қаралуларына көмектесіп жүрміз, бірақ қарсы бағытты да ұйымдастыру жоспарымызда бар», – дейді Роза Әбілмажынқызы. Бастама нәтижесіз емес. Шетелдік ауруханалармен байланыс орнап жатыр.

Облыстық денсаулық сақтау бас­­қармасының басшысы Мәншүк Аймұрзиеваның айтуынша, жақында оңтүстіккореялық «Бунданг Чесен» көпбейінді ауруханасының дәрі­герлерімен бірге жұмыс істеуге ме­­­мо­рандумға қол қойылған. «Планета.kz» туристік компания­сымен бірлескен жұмыстың арқа­сында Сеул дәрігерлері Атырауға келіп, облыстық ауруханада екі операция жасады. «Алға қарай да­ мамандар алмасу, екі жақтың ме­ди­циналық мекемелері арасында тағылымдамалар, шеберлік-са­бақтарын өткізуді ойлап отырмыз. Меди­ци­на­дағы жоғары технология­ларға қол жеткізіліп, онкология, урология, хирургия салаларында оң өзгерістер боларына сенімдіміз», – дейді облыстың бас дәрігері.

Сеулден келген профессор Чве Сонг Шильдің кәсіби біліктілігі өте жоғары, асқазан мен өкпе рагы­на бүгінге дейін 7 мың операция жа­саған. Атырауға келген сапарында ол сырқаттарды тегін қабылдап, кеңес бер­ді.  Ал операция ақылы жасалады, бірақ Кореяға барып қаралғаннан гөрі арзандау болары анық. «Қазақстанда да жақсы мамандар бар екен, алайда біздің ел техникалық жабдықталу жағынан алдыңғы қатарда, сондықтан Корея­да тағылымдамадан өткен аты­­рау­­лық дәрігерлерге жоғары технология арқылы жұмыс істеудің әдіс-тәсіл­дерін үйреттік», – дейді про­фессор.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының айтуын­ша, қазір салада көп өзгерістер болып жатыр. Биыл халықаралық әріп­тестік бағытында жобалар жү­зеге аса бастады. Бұл алдымен тә­­­­жі­рибе алмасу, жергілікті дәрі­герлердің біліктілігін арттыру және медициналық туризмді дамытуға алғышарт болып отыр. Ал басты мақсат – аймақтағы медициналық қызметтің сапасын арттыру, жергі­лікті дәрігерлерге деген елдің сені­мін нығайту.

Денсаулықтан қымбат ештеңе жоқ. Басты байлықтың бәсі түгел болсын десек, медицина саласын жаңғырту жұмыстары әлі де жетіл­діріле түсуі тиіс секілді, оның ішінде туризм де бар.

Бақытгүл БАБАШ,

«Егемен Қазақстан»

АТЫРАУ