Әдебиет • 13 Шілде, 2018

Киікотының гүлі (әңгіме)

1527 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Шілденің күні жауынмен басталды. Сол күні жарықтық ысып басталды да түс ауа таудан ақша бұлт көрініп, ғайыптан  ауа райы өзгеріп шыға келді. Ашық аспанды алдымен ақша бұлт жапты. Шілденің алғашқы күні күн  күркіреді. Ауа райы да өзгеріп сала берді.

Киікотының гүлі (әңгіме)

Киікоты биіктігі 70 сантиметрге жететін көпжылдық шөптектес өсімдік. Тік әрі түкті, ұзынша төрт қырлы, сабақтары  қызғылт, көп бұтақты болып келеді.  Жапырақтары қарама-қарсы орналасқан. Сағақтары ұзын жұмыртқа тәрізді сопақша келеді, жиектері бүтін бір сурет дерсіз. Жоғарғы жағынан қарағанда жапырақтары жасыл түсті, екі жағынан да кішкене қара нүктелері бар әспетті кейпі елестейді. Гүлдері  майда, сыпырғыш тәрізденіп жиылған, қызғылт күлгін түсті.

Мамыр айынан бастап, тамыз айы аралығығында гүлдейді. Оның жер бетіндегі бөлігін гүлдеген кезінде жинап алады. Дүрия даланы бұрқыратып, әдемі жұпар  исімен жан дүниеңді қытықтап, сезіміңді тербеп, өзгеше әсермен баурап алады. «Киікоты сиреп, төменнен үркіп, тауға шығып кетіпті». Талантты жазушы ағамыз Мархабат Байғұтов «Қорғансыз жүрек» кітабындағы «Киікоты» әңгімесінде айбарлайды. Көңіліндегі әдемі сезімді бедерлеп жеткізеді. «Төменнен яғни адамдардан үркіп, тау басына еріксіз шығып кеткен аң да, құс та бар. Мысалы, біздің республиканың символы болып жарияланған Теңбіл Барыс. Арқарлар мен таутеке, тауешкілер. Киігіміз сол. Құстан: ұлар, кекілік...

«Енді жан-жануарларды қойып, өсімдік те тауға қарай қашатын болыпты. Киікотының шипалы қасиетін біліп алған келімсектер оны баудай түсіріп, отап жатыр екен» -деп жазады кемел жазушымыз Шерхан ағамыз жуықта «Егемен Қазақстан» құрастырған бір томдық  «Намыс найзағайы» жинағында. Шіркін, Қаратаудың етегінде бүлкілдеп аққан Балықшы бұлағының басында аңқылдай жеткен жалбыздың бұрқырап мұрын жарған аңсар иісі келеді екен. Жанымыздағы жолсерік  Серік Нарымбетов деген азаматтан сұрағанбыз:

   - Бұл жерде Киікоты өсе ме?

  - Мына Көктөбенің беткейінде  көп, деген.

Тау басында жүргенімізді сонда білдік. Сәл көтерілгеніміз сол, иісі бұрқырай Киікоты алдымыздан шықты. Көктөбеден бұлақ басына түсерде бір тал  Киікотын естелікке алып, күнделік дәптеріміздің бір бетіне салып қойдық. Жарықтық, иісі бұрқырап, тау басынан бізбен бірге келеді. Киікотының гүлі.

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,

«Егемен Қазақстан»  

 Түркістан облысы

 Суындық асуы

 Созақ ауданы