Облыс нарығында «Лавра» деген атпен белгілі май сапасының жоғарылығымен дүкен сөрелерінде көп жатпайды, тұтынушы оны іздеп жүріп алады. Енді «Промбаза-7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры арқылы 1 миллиард 700 мың теңге инвестиция салып, тазартылған май өндіруді қолға алды. Бұл облыстағы тазартылған өсімдік майын өндіретін алғашқы қуатты май зауыты болып табылады. Соңғы жылдары Қостанай облысында өңдеу өнеркәсібі шикізаттың алдына шыққан болатын. Әдетте, ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдеу кәсіпорындары көбіне Қостанай қаласының айналасына орнығатын. Міне, енді сол өңдеу кәсіпорындарының бірегейі облыс орталығынан алыс Федоров ауданынан орын тепті. Бұл қара топырақты құнарлы өңірде күнбағыс та, зығыр да егіледі. Соңғы жылдары облыстағы егін алқаптарын әртараптандыру жылдам жүріп жатыр. Диқандар бидайдың алқабын азайтып, нарықта бағасы қымбат әрі өтімі жақсы майлы дақылдарға бет бұра бастаған.
– Жаңа май зауытының инфрақұрылымы облыс бюджеті есебінен мүмкін болды. Ауданға келіп тұрған газ құбырына жалғанысымен зауыт толық жұмыс істей бастайды. Газ құбырын өндіріске жалғау ғана қалды. Газбен қатар өндіріске су да керек, ол да облыс басшылығының көмегімен шешімін табатынына сенімдіміз, – дейді «Промбаза-7» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Мұхамеджан Ақұлов.
Зауытта май екі желі арқылы өндіріледі. Бұрыннан жұмыс істеп тұрған желіде тұтынушыға таныс «Лавра» майы өндіріледі. Ал екінші жаңадан орнатылған желіде сығылған май одан әрі тазартылады. Мұхамеджан Ақұловтың айтуынша, тазартылған май тек экспортқа артуға бағытталған. Кәсіпкер өнімді өткізуден ешқандай қиындық болмайтынын да айтты. Тазартылған өсімдік майына Қытайда да, Ресейде де, өзге елдерде де сұраныс жоғары. Зауыт шикізатты облыс өңіріндегі, көрші Ресейдің іргелес шаруашылықтарынан сатып алады. Күнбағыс күнжарасынан мал жемі дайындалады. Жаңа май зауытын облыс әкімі Архимед Мұхамбетов аралап, инвестициялық жобаның іске қосылуға дайын екенін көрді. Жаңа зауыт толық қуатына көшкенде мұнда 30 адам жұмыс істейтін болады.
Май зауыты ашылған күні Федоров ауданы орталығына көгілдір отын да келді. Село ішіндегі газ құбырларының өткен жылы басталған құрылысының бірінші кезеңі аяқталды. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов селоға газ беру салтанатына қатысып, тұрғындарды қуанышымен құттықтады.
– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың «Бес әлеуметтік бастамасы» аясында Федоров селосын газбен қамтамасыз етіп отырмыз. Осыдан екі жыл бұрын үлкен магистральды газ құбырының құрылысы аяқталған болатын. Рудный қаласынан басталған 68 шақырымдық құбыр Қашар кенті арқылы Федоров ауданына жеткізілген еді. Енді өткен жылы Федоров селосының ішіне құбырлар жүргізіле бастады. Мұның барлығы Президентіміздің қамқорлығы арқасында мүмкін болып отыр. Газ адамдар тұрмысын көріктендіріп, әл-ауқатын жақсартады, – деді Архимед Бегежанұлы.
Федоров селосында келесі жылдың мамыр айында газ құбыры құрылысының екінші кезеңі, ал күзге қарай үшінші кезеңі толық аяқталады.
– Ауылдастардың қуанышында шек жоқ. Газ деген рахат ғой, әрі таза, әрі жылы, әрі арзан. От жағудың бейнетінен арылатын болдық. Елбасына, облыс, аудан басшыларына, газшыларға үлкен рахмет! – деп, ақжарма қуанышын білдірді Федоров селосының тұрғыны Рысалды Есмұхамбетова.
Ауданда 3000 абонент – 12 мың адам көгілдір отынның игілігін көреді.
Сол күні аудан орталығындағы Мәдениет сарайы федоровтықтарға лық толды. Ауданның құрылғанына 90 жыл толу мерекесі атап өтілді. Елбасы «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласында: «Уақыт пен кеңістіктің көкжиегі тоғысқан кезде ұлт тарихы басталады» деген болатын. Федоров ауданының тарихы да ел, өңір тарихының бір бөлшегі. Осы мерейлі мерекеге байланысты салтанатты жиында аудан әкімі Тәуба Исабаев өңір тарихын, аға ұрпақтың ерлігі мен еңбегін баяндап берді. 1928 жылы құрылған ауданның бай тарихы бар. Бұл өңір ұжымдастырудың, аштықтың, саяси қуғын-сүргіннің, соғыстың алапат қасіреті мен қиындықтарын бастан кешті. Тың және тыңайған жерлер игерілді. Бұл ауданнан 2 Кеңес Одағының Батыры, 12 Социалистік Еңбек Ері шықты. Федоров ауданының диқандары биыл гектар айналымын 16,5 центнерден келтіріп, 500 мың тонна астық жинады.
Қазір ауыл дамудың жаңа жолына түсті, Федоров ауданы да солардың қатарында. Жыл сайын ауыл шаруашылығымен қатар өндіріс, өңдеу өнеркәсібі өсіп келеді. Мемлекеттік бағдарламалар жүзеге асып жатыр. Өңдеу өнеркәсібі ауылды әлеуеттендіреді, жолдың түзеліп, газ, су құбырларының келуі туған жерді ажарландырады.
Нәзира Жәрімбет,
«Егемен Қазақстан»
Қостанай облысы,
Федоров ауданы