Қазақстан • 07 Ақпан, 2019

Рудныйда жол қауіпсіздігін бақылайтын құрылғы орнатылды

456 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Еуразиялық Топ (ERG) құрамындағы Соколов-Сарыбай кен байыту өндірістік бірлестігінің бастамасымен Рудный қаласының көшелеріне «Жаяу жүргінші торы» деп аталатын екі ақпараттық-ескертпе құралы орнатылды. Кен алыбының бұл бастамасы қаладағы жол қозғалысы кезінде жүргіншілер қауіпсіздігіне септесу мақсатынан туған еді.

Рудныйда жол қауіпсіздігін бақылайтын құрылғы орнатылды

– Қала жолдарының жаяу жүргіншілер көбірек өтеді деген тұсында қозғалыс тетіктерін орнаттық. Жүргінші тетіктің әрекет ету аумағына енгенде дабыл жарығы жанып, түнгі уақыттың өзінде айнала күндізгідей жап-жарық болып кетеді. Сол себепті көлік жүргізушілері жүргіншіні көріп, жылдамдығын азайтады, – деп түсіндірді Рудный қалалық ТКШ, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің бастығы Олжас Өмірзақов.

Жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатындағы бұл игі іске «жасыл технологияның» көп көмегі тиді. Құралға орнатылған жарықтандыру қондырғысы қуат жинақтай алатын күн батареяларымен жұмыс істейді. «Жаяу жүргінші торы» ақпараттық-ескертпе құралы – автомобиль жолын кесіп өту кезінде адамның қауіпсіздігі үшін әзірленген сынама жобасы болып табылады. Күн батареялары мен камералар даңғыл жолда болып жатқан барлық іс-әрекеттерді 100 пайыз бақылауға мүмкіндік береді. Бүгінде екі құрылғы сатып алынды. Инфрақызыл тетігі бар бір құрылғы қаланың тұрғындар көп жүретін орталық көшесінде іске қосылса, екіншісі жөндеу-механикалық зауытына қарама-қарсы беттегі өнеркәсіп кәсіпорындары тұрған аумақта орнатылып жатыр.

«Жаяу жүргінші торы» ақпараттық-ескертпе құралы – облыс қалалары мен аудандарындағы жолдарда алғаш орнатылған сынама нұсқа. Оның жұмысы қажеттілікке қарай түзетіліп, жетілдіретін болады. «Жаяу жүргінші торының» қызметін сараптау үшін Рудныйға осы жаңалықтың авторлары «ANGEL ZEBRA» ЖШС қызметкерлері Данияр Ахаев пен Әлихан Рахымбеков арнайы келмек. Олар құрылғыларда кемшін тұстар болса, анықтап, түзететін болады. Қанатқақты жобаны Қазақстанның басқа да қалаларында қолданысқа енгізу үшін ол қатесіз жұмыс істеуі керек екен. Қалалық полицейлер осы қалпының өзінде құрылғы жаяу жүргіншілердің қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының азаятынына сенімді.

Жобаны жүзеге асыруға Eurasian Resources Group пен Қостанай облысы әкімдігінің арасында жасалған өзара ынтымақтастық меморандум аясында 14 миллионнан астам теңге бөлінді. 15 жылдан бері өндіріс пен облыс әкімдігі арасында осындай ынтымақтастық жалғасын тауып келеді. Меморандум шеңберінде бөлінген қаржы өңірдің инфрақұрылымы мен әлеуметтік-экономикалық дамуына жұмсалып, талай игі істер жүзеге асты. Жол қозғалысын реттеудегі жаңа жоба соның бірі ғана.

Нәзира ЖӘРІМБЕТ,

«Egemen Qazaqstan»

 РУДНЫЙ