11 Ақпан, 2019

Заманауи графиканың айшықтары

1275 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Ә.Қастеев атындағы өнер музейінде заманауи дижиталды графика өнерінің айрықша көрмесі ашылды. Есімдері сурет әлемінен гөрі журналистикада қалыптасқан Алена Веселова мен Надежда Беседина бұл бағыттағы төл туындыларын музей кеңістігінде алғаш рет ұсынып отыр. 

Заманауи графиканың айшықтары

Компьютерлік графика – бұ­қаралық ақпарат құралдарында дара мәнге ие болғанымен, жоғары өнер ретінде толық та­нылмаған құбылыс. Әм­бебаптық, айқындылық, ықшам­дылық осы­нау өзекті саланың бас­ты ерек­шелігі. Өнер иелері бейне­шілдікке мәтіндер арқылы бой­лаған, сондықтан әдебилік – олардың графикасының ортақ ерек­шелігі. Екеуі де бір техни­када жұмыс істей отырып, түбе­гейлі қарама-қайшы бейнелер жасайды.
Қос автордың туындыларын бір арнада тоғыстырған көрме екі бөлімнен тұрады. Алена Ве­селованың шығармашылық жұ­мыстары «Векторлар», ал На­дежда Бесединаның көрмесі «Дара есім» деп аталыпты. 

Надежда Бесединаның не­гіз­гі мамандығы сәулетші. 90-жыл­дардың соңында ол өзін су­ретші-аниматор ретінде сынап көреді. Аниматорлар то­бы­ның құрамында «Алдар көсе», «Здравствуй, детка!», «Ле­ген­ды степей» сынды мульт­хи­кая­лардың жасалуына, отан­дық телеарналардағы түрлі бағ­дар­ламалардың анимациялық безендіру жұмыстарына қаты­сады. Әсіресе, «Газета KZ», «Точ­ка KZ», «АЛАУ Казахстан», Forbes Kazakhstan сияқты басылымдарда суретші болып қыз­мет атқарған жылдары өнер ие­сін шығармашылық еркіндікке же­телепті.

Алена Веселова болса, бұл іспен жиырма жылдан астам әуестеніп келеді. Алайда тылсым өнерге деген қызығушылығы бала жастан оянған. Ол жастайы­нан жанына жақын болған дизайн мен өнер әлеміне жан   дүниесімен еніп кеткенін айтады. Табиғатынан сезімтал Але­на өз графикалық парақтарын өмірге, әлемге, адамдарға деген ыстық ықыласпен, махаббатпен толтырады. Оның композицияларында сүйікті қаласы Алматының әсем көріністері, таныс көшелері көрерменге қалыпты күйінде емес, арман секілді, әдеби метафора, жұмбақ графикалық белгі, шифр­ланған нышан сияқты елес береді. 

Көрме біздің заманауи әлем қандай деп толғанған талғампаз көрерменді мінез-құлқы, темпе­р­аменті мен көзқарасына қара­мастан ой тереңіне тартады. 

Арман ОКТЯБРЬ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ