14 Наурыз, 2019

Қайта оралған Зиданнан қайыр бар ма?

1660 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Зиннедин Зидан «Реал Мадридке» қайта оралды. Естеріңізде болса, Зизу 2015-2018 жыл аралығында «Реал Мадрид» клубын жаттықтырып, қатарынан 3 рет Чемпиондар лигасын, 1 мәрте Ла Лиганы жеңіп алған еді. Бұдан бөлек, бірқатар кубокқа ие болды. Алайда былтырғы мамырда күтпеген жерден «корольдік клубтан» кететінін мәлімдеген-тұғын. Енді, үш тараптан – Чемпиондар лигасы, Испания кубогы, ел біріншілігінен үміт үзген тұста, Зидан сүйікті командасын құтқаруға қайта оралды. 

Қайта оралған Зиданнан қайыр бар ма?

Шыққан тегі алжирлік Зин­недин туралы сөз болғанда ре­сейлік комментатор Василий Ут­киннің мына сөзі еске түседі. «Зи­дан – адам емес, антилопа! Қандай керемет!» Зизуды бұдан артық сипаттау қиын. Шын мәнінде, француз өзі ой­на­ған командасына жаңа леп пен ерік-жігер сыйлайтын. Ке­йін бапкерлікке келгенде де шәкірт­терін алаңда барын салуға баулыды.

Бір қызығы, алғаш рет Зидан «Реалға» бапкер болып келгенде де осылай команданы құтқару үшін жан ұшырып жеткен-ді. Естеріңізде болса, клуб президенті Флорентина Перес бас бапкер Рафаэль Бенитестің нәтижелеріне көңілі толмай, оны қызметінен кетірген-тұғын. Сол маусымда команда тізгінін ұстаған Зизу келе сала Чемпиондар лигасын жеңіп айды аспанға бір-ақ шығарғаны есімізде.

Келесі жылы тағы да Чем­пион­дар лигасында топ жарып, ел біріншілігінде үздік шық­ты. «Реал­дың» қатарынан үшінші рет «қос құлақты кубокты» басына кө­теруіне осы Зизудың сіңірген ең­бегі өлшеусіз.

Зидан «Реал Мадридтен» дер кезінде кете білді. Кез келген ко­манданың жеңіс Эвересіне шық­қаннан кейін босаңдық танытатыны белгілі. Мұндай жағдайда клуб­қа серпін беретін жаңа адам ке­рек. Мұны Зизу жақсы түсінді. Ол өз шешімін «Қажет кезде «Реал­­дан» кеттім. Екі жарым жыл ішін­де көптеген кубокқа ие бол­­дық. Бәл­кім, ойыншылар да өз­ге­рісті қажет еткен шығар», деп тү­сін­­дірді. 

Кей басылымдар Зизудың бас­­шылықпен келісе алмады деп жазғаны есімізде. Бұған негіз бар секілді. Өйткені Зидан келе сала клуб басшылығына үш талап қойған. Испаниялық AS газетінің деректеріне сүйенсек, біріншісі – үздік «жұлдыздарды» командаға әкелу. Басылымның сөзіне сенсек, Зизу құрамға Килиан Мбаппе, Эден Азар, Пол Погба секіл­ді ала доптың шеберлерін ша­қы­руды жөн көреді. Сондай-ақ Марсело секілді қыр-сырын жақ­сы білетін футболшыларды клубта қалдыруды сұраған.

Екінші талап – толықтай ер­кін­дікке ие болу. Яғни, команданы жасақтау барысында қабылдаған шешімдеріне басшылықтың араласпауын өтінген. AS газеті, мә­се­лен, Зизу бұған дейін шабуылшы Гарет Бейлді сатылымға шығару қажеттігін айтқанын келтіреді. 

Бұдан кейін француз жалақы мәселесін де шешіп алуды жөн көрген сыңайлы. AS ба­сы­лы­мының хабарлауынша, Зин­недин шамамен жылына 20 миллион еуро төлеу қажеттігін айтқан екен. «Реал Мадрид» клубының пре­зиденті Флорентино Перес аталған талаптардың бәріне келіс­кен көрінеді. 

Мұның қаншалықты рас екені әзірге белгісіз. Әйтсе де, анық бір нәрсе бар. Зидан «Реалды» жаңадан жасақтап, келесі жылы оны үздіктер бәйгесіне қайта қосуы тиіс. Осы тұрғыдан алғанда, француз бірқатар қиындықтарға тап келуі мүмкін. 

Біріншіден, команданың бас­ты жұлдызы – Криштиану Ронал­ду «Ювентус» клубына ауы­сып кетті. Енді, португалдық ша­буыл­шының қайта келуі екіта­­лай. Оның үстіне, КриРо туриндік­тер­дің сүйікті ойыншысына айналып үлгерді. 

Бұрын «Реалдың» ойыны негізінен осы Роналдуға бе­йім­делген болатын. Роналду кеткен­нен кейін гол соғу міндетін өзіне алуы тиіс Гарет Бейл де, Карим Бен­зема да артылған үмітті ақта­мады десек қателеспейміз. 

Ендеше, ең әуелі Зидан «Реал­дың» шабуыл шебіне голды қос-қостап соғатын футболшы алуы тиіс. Әрі оны командаға ым-жы­мын білдірмей байланыс­тыру қажет. Әлбетте, ешкім Ронал­дуды алмастыра алмайды. Бірақ тәжірибелі ойыншы дәл қазір Мад­ридке ауадай қажет.

Зизудың Мадридте кездесетін екін­ші қиындығы – команда негізін құрайтын Марсело, Рамос, Бен­зема, Модричтің жасы 30-дан асып кетті. Начо, Бейл, Кросс келесі жылы 30-ға келеді. Жа­ңа­дан келгендер жоғарыда аты аталған ойыншылардың орнын алмастыруға деңгейі жетпей тұр. Демек, Зидан жазғы трансферлік кезеңде бірқатар «жұлдызды» ко­мандаға шақыруы қажет. 

Сондай-ақ Зидан «Реалға» так­тикалық өзгеріс жасауы қажет. «Корольдік клуб» үш мәрте «қос құлақты кубокты» басы­на көтерсе де, Зиннединнің такти­калық шеберлігіне күмән келтір­гендер аз болған жоқ. Оның үстіне, мадридтіктер Еуро­пада атой салғанымен, Пире­ней түбегінде жиі мүдірді. Ел бірін­шілігінде бітіспес қарсыластары «Барселонаға» есе жіберіп, бір-ақ мәрте ішкі чемпионатта топ жарды. Әлбетте, мұның бәрі «Реалдың» жеңісі мен Зиданның же­тістігіне бір мысқал дақ түсір­мейді. Алайда Зидан енді үш тарапта күресуге барын салуы тиіс. 

Зизу шешуі тиіс ақырғы мәселе – жанкүйер талабы мен Перестің көңілінен шығу. Екеуі де қателікті кешірмейді. «Барселонаға» қарсы тұру қиын» деп ағынан жарылған Хуанде Рамосты көп ұзамай қуып жібергені есімізде. Биылғы маусымда дәл осы каталондықтардан 1-5 есебімен ойсырай ұтылғаннан кейін Хулен Лопетеги қызметінен кетті. Оның орнына келген Сан­тьяго Солари де ізашарының ке­бін кигені белгілі. Ендеше, Зи­дан алдағы маусымда команданы қайтадан жасақтап ғана қоймай, жеңістер жылнамасын жалғастыруы қажет.

Абай АСАНКЕЛДІҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»