Өткеннің тағлымы – келешектің кемелдігі
Бейсенбі, 24 мамыр 2012 7:49
Нұратада Сейітқұл әулие, Әйтеке би бабаларымыз рухы асқақтады
“Батыр болсаң жауға найзаң тисін, Бай болсаң елге пайдаң тисін!” деп кесік айтыпты қазақтың Әйтеке биі. «Егер осы екеуін жасамасаң жұрттан бөлек үйің күйсін» деп және түйіпті. Әділ сөз, соңы қатал үкім сияқты көрінгенімен тарих сахнасына аттың үстінде шыққан көшпенді халықтың ұлт болып ұюы, біреуге бодан болып найзаның ұшында кетпеуі үшін де осындай пайымдау, ақиқатын айту керек-ақ еді.
Бейсенбі, 24 мамыр 2012 7:49
Нұратада Сейітқұл әулие, Әйтеке би бабаларымыз рухы асқақтады
“Батыр болсаң жауға найзаң тисін, Бай болсаң елге пайдаң тисін!” деп кесік айтыпты қазақтың Әйтеке биі. «Егер осы екеуін жасамасаң жұрттан бөлек үйің күйсін» деп және түйіпті. Әділ сөз, соңы қатал үкім сияқты көрінгенімен тарих сахнасына аттың үстінде шыққан көшпенді халықтың ұлт болып ұюы, біреуге бодан болып найзаның ұшында кетпеуі үшін де осындай пайымдау, ақиқатын айту керек-ақ еді.
Қазақ халқы өзіне қорқау қасқырдай тиген қалмақ сияқты тарих бетінен жоғалмай, тамырын сақтап қалса ең алдымен қол бастаған хандары мен елдің қамын жеген билеріне тікелей қарыздар. Тарихты бағаламайтын халықтың ертеңі жоқ. Мұны Елбасымыз да ұдайы айтып келеді. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары Ордабасы биігінде үш биді ұлықтаған салтанатты жиында да атап көрсеткен болатын.
…Сондай даналардың ішінде дәуірдің үш кемеңгері деп танылған Әлібекұлы Төле бидің, Келдібекұлы Қазыбек бидің, Бәйбекұлы Әйтеке бидің орны бөлек. Барша қазақ баласы аттарын ардақтап, айтқандарын жаттаған осы үш бабамыздың ел алдындағы еңбегіне, халық қамын жеген қасиетті ісіне сөз жеткізіп баға беру қиын-ақ. Халық болып сақталғанымыз, міне, бүгін егемен ел атанып, тәуелсіздік туын тігіп отырғанымыз, тіпті басқасын былай қойғанда ата-баба жерінде басымыз аман, бауырымыз бүтін жүріп жатқанымыз үшін бүгінгі ұрпақ осындай аталарымыздың әруағының алдында бас иеді деген болатын Нұрсұлтан Әбішұлы.
Төле бидің мәңгілік қоныс тапқан жері Ташкент шаһары. Қаз дауысты Қазыбектің әз сүйегі Қожа Ахмет Ясауи кесенесінде. Тарихи зерттеулер Әйтеке бидің қабірі Өзбекстандағы Навои облысы, Нұрата қаласында екендігін анықтаған.
Етекте малы, төскейде басы қосылған туысқан елміз дегенімізбен Өзбекстан мен Қазақстан өз алдына жеке тәуелсіз мемлекет. Баяғыдай жорғамен тайпалтып барып, туысқанмен қауышуды тәуелсіз елдің заңы көтере бермейді. Әйтсе де Қазақстан Президенті көрші ел басшысымен келісе отырып, қазақтың қадірлі биінің кесенесін жаңғырту мәселесін түбегейлі шешіп берген. Құжаттарды дайындау ісімен Қазақстанның Өзбекстандағы сол кездегі өкілетті елшісі Зауытбек Тұрысбеков айналысқан. Бұл да оңай жұмыс еместігі белгілі. Кесенені салу, абаттандыру жұмыстарына көптеген азаматтар қатысты. Хал-қадерлерінше жәрдем берді. Қазақтың жүрегіне оқтай батқан осы олқылықтың орнын толтырғаны үшін ол азаматтарға мың алғыс. Әйтсе де жүктің ауырын Махамбет ақын айтқандай көтерерге кәтепті қара нар керек. Ол міндетті “Шымкент-мақта” ЖШС президенті, Оңтүстіктің өркендеуіне бір адамдай еңбегі сіңген ел ағасы Шаһарбек Усманов мойнына алған. Әлемді қаржы дағдарысы дендеп, кәсіпкерлердің пейілі емес қолы қысқарып жатқан шақта өзіне қанша қиын тисе де Шаһарбек аға бүкіл қазақ жұрты болып күткен тарихи кешеннің құрылысын аяғына дейін жеткізді. Жақында алаш баласына сауын айтып, Сейітқұл әулие мен Әйтеке би бабаларға арнап ас берді.
Әйтеке – әлім тайпасының төртқара тармағынан. Түп-тұқиянын тарқатар болсақ, Әмір-Темірдің бас кеңесшісі Ораз қажының бесінші ұрпағы. Бүкіл парсы, өзбек, қырғыз, қазақ жұрты ардақ тұтқан Сейітқұл әулиенің үшінші ұрпағы. Әбілқайыр ханға дейін Кіші жүздің сөзін ұстаған қазақтың биі. Есім хан тұсында Самарқанды билеген Жалаңтөс батырдың жақын туысы.
Нұратадағы Әйтеке би кешені Өзбекстан Республикасындағы тарихи-мәдени ескерткіштердің алтын қорын молайтатын, байытатын сәулетті дүние болыпты. Зиярат етуге келген халықта есеп жоқ. Қазақстанның Астана, Алматы қаласы, Оңтүстік Қазақстан, Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау, Батыс Қазақстан облыстарынан келген қонақтарды былай қойғанда, Өзбекстанда қазақтар жиі қоныстанған өңірлерден де ат шалдырып келіп жатқандардың қарасы мол.
Баба рухына зиярат жасалып, құран оқылғаннан кейін Сейітқұл әулие, Әйтеке би бабаларымыздың қазақ тарихындағы орны және болашақ ұрпақтарға тәрбиелік мәні жөнінде пікір алысылды.
Салтанатты басқосуды Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ғылым докторы, академик Әбдрахман Омбаев жүргізіп отырды.
Қызыл террордың заманында ащы суға тойып алып, көзі қанталаған шолақ белсенділер осы қорымды трактормен сүріп таста деп пәрмен бергенде осы Нұрата қаласының имамы Нәсреддин ақсақалдың аталары “Сейітқұл баба, Әйтеке бидің моласын тегістер болсаң бізді де қоса көм” деп трактордың алдында кесе-көлденең тұрған екен. Солай аман алып қалыпты.
Сондай текті тұқымның тұяғы Нәсреддин имам әруақтарға дұға бағыштады.
Жиында Навои қаласының хокимі Тұрсынов Қабыл Бекназароғлы қазақ-өзбек бауырластығы жөнінде айта келіп, Әйтеке би кешені екі туысқан халықтың ортасына орнатылған алтын көпір екендігін жеткізді. Парламент Мәжілісінен осы жиынға депутаттар Розақұл Халмұрадов, Шалатай Мырзахметов, генерал-полковник Сәт Тоқпақбаев қатысып, бүгінгіге өнеге болар бабалар тағлымынан сыр шертті.
Қазақстанның Өзбекстан Республикасындағы елшісі Бөрібай Жексембин сөзін бүгін баршамыз біздің бауырлас екі мемлекетіміздің достық, ынтымақтастық тарихындағы ұмытылмас, айрықша маңызды сәттің куәсі болып отырмыз, деп бастады. – Олай дейтініміз, қазақ халқының әйгілі перзенті, ұлтымыздың атақты билері Төле би, Қазыбек бидің үзеңгілес серігі Әйтеке би бабамыздың басына, марқұмның жатқан жері Өзбекстанның Науаи облысы Нұрата қаласында зәулім мемориалдық кешен салтанатты түрде ашылып отыр. Бұл ұлағатты іс-шара Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тікелей тапсырмасы мен қамқорлығы арқасында қолға алынып, бауырлас Өзбекстан тарапының ізгі ниетті қолдауы және тамыры терең туысқандық тілектестігі нәтижесінде жүзеге асып отырғандығын айрықша атап өткім келеді. Сондықтан да бұл қастерлі кесене – бауырлас қазақ және өзбек халықтарының туысқандық, достық қарым-қатынастарының айқын белгісі, жарқын рәмізі болып табылады.
Шын мәнінде, қандай ел болмасын, өткенін құрметтеп, бүгінін бағалай алмаса, ертеңгі болашағына сенімді қадам баса алмайды. Біздің халықтарымыз сан ғасырлардан бергі терең тарихында талай қиын-қыстау кезеңдерді, жаугершілікпен өткен аумалы-төкпелі замандарды бастан кешті. Елдің тағдыры таразыға түскен аласапыран уақыттарға тап келді. Алайда әрдайым еркіндік пен азаттықты аңсаған бабаларымыз «қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған» бейбіт заман үшін жан аямай күресіп, тек қана ұлы жеңістерге ұмтылды. Солардың қатарында біздің асыл бабамыз, қара қылды қақ жарған әйгілі би, жаужүрек батыр, Әйтеке би бабамыздың есімін әрқашанда зор құрметпен, шынайы мақтанышпен атаймыз. Әйтеке би халқымыздың шежіресіндегі шешуші сәтте үш жүздің басын қосып, ұлттық тұтастығымызды нығайтуға өлшеусіз үлес қосты, деді елші.
Жамбасы көрші елде тигенімен Әйтеке бидің туып өскен, кіндік қаны тамған жері – Қызылорда облысында баба атын асқақтатып, ұрпақ санасында мәңгі орын алатындай жұмыстар қолға алынған. Ол жайлы Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Ержан Уайысов пен Арал ауданының әкімі Нажмиддин Мұсабаев бастаған азаматтар егжей-тегжей баяндап берді. Осындағы мұражайға естелік сыйлықтар табыс етті.
Бір өңірдің ғана емес, қалың қазақтың сөзін ұстап жүрген, Маңғыстау облысы ардагерлер кеңесінің төрағасы Өмірзақ Озғанбаев баба ғибраты жөнінде тағлымды ойлар айтты.
Ақтөбе облысы, Әйтеке би аудандық мәслихатының хатшысы Ақан Ермағанбетов, Өзбекстан Республикасындағы Қазақ мәдени орталығының төрағасы Марат Үкібаев сөз алып, Нұрата ауылындағы Абай Құнанбаев атындағы орта мектептің 8-сынып оқушысы Элмира Бөкеева бабасына арнап өзі жазған жүрекжарды өлеңдерін оқыды.
Жиынды “Әйтеке би” мәдени-тарихи орталығының президенті Шаһарбек Усманов қорытындылады.
– Ата-бабаларымыз сан ғасыр күресіп, сол жолда талай батырларымыз шейіт кеткен Тәуелсіздіктің ақ таңы арайлап атқаннан бергі 20 жылдан астам уақыттың ішінде дос сүйсінетіндей қыруар шаруалар атқарылды. Елбасымыз сынды сарабдал саясаткердің басшылығымен қоғамымыздың қай саласы болмасын гүлденіп келеді, – деді ол.
Осыдан бірнеше жыл бұрын еліміздің Өзбекстандағы сол кездегі Төтенше және өкілетті елшісі Зауытбек Тұрысбековтің тікелей қолдауының арқасында ұлт тарихындағы аса қадірлі тұлғалар Сейітқұл баба, Әйтеке би кесенесінің алғашқы кірпіші қаланып еді. Міне, осы арада біздер бауырлас Өзбек елінің Президенті Ислам Каримов мырзаға ата-бабамыздың кесенесін жаңғыртуға деген талпынысымызға шын ниетімен қолдау білдіргені үшін алғыс сезімімізді білдіреміз. Міне, осыдан бірнеше жыл бұрын тілектес жандардың қолдауымен бабаларымыздың әбден тозығы жеткен кесенесін заман талабына сай жаңғыртуға бірнеше азамат болып кіріскенбіз. Құдай қолдап, ол шаруамыз да оңынан айналды. Кесененің айналасын абаттандыру мен басқа да шаруалардың барлығын осы аралықта жүзеге асырып үлгердік.
Енді міне, бүгін «Сейітқұл баба – Әйтеке би» бабаларымыздың кешенінің құрылысы толық аяқталды. Мұражай экспонаттармен жабдықталып, кесене, мешіт, мұражай, қонақ үйі, айван, үлкен қақпа керемет көркем есте қалатындай мәдени-тарихи ескерткішке айналды. Қолға алған шаруамызға барынша қолдау көрсеткен ақ ниетті жандарға Алланың нұры жаусын, – деп сөзін түйіндеді Шаһарбек Усманов.
Басқосу соңында Төле би ауданының құрметті азаматы, қадірменді ақсақал Құдайберген Оңғаров бата берді.
– Осы асқа барша қазақ баласы жиналғандығы бәрімізді қуантады, – дейді белгілі заңгер, ұлтымыздың шынайы зиялыларының бірі Бекет Тұрғараев. – Әйтеке би өз тұрғыластарымен қазақтың Жеті жарғысын қабылдауға зор еңбек сіңірген тұлға. Ел шетіне жау тигенде найза ұстаған батыр, жаймашуақ заманда ел сөзін ұстаған кемеңгер би болған. Өткенді бағаламай, бүгіннен бақыт іздеу мүмкін емес. Сондықтан, ұлтымыздың тарихын түгендеуде келелі істерді қолға алған Елбасымызға елдің атынан рахмет айтамыз. Бабалар ғибраты елдік мәселелерге күні кешегідей қызмет ете беретініне тағы да көзіміз жетіп отыр. Төрт құбыласы түгенделіп жатқан алаш жұртына құтты болсын айтқымыз келеді.
Бабалар рухы ұлықталған ас тағлымы осындай ой түйгізеді.
Бақтияр ТАЙЖАН,
“Егемен Қазақстан”.
Алматы – Самарқан – Навои – Нұрата – Алматы.