Ал, осы айтуға тіл жетпейтін жаңа ғасырдың адам баласына зияны да жетіп артылады. Бойына бойкүйездік біте бастаған адамдар қауымы осынау қауіптің алдын алу тұрмақ, оған мән беріп, сақтану деген ойына кіріп-шықпайды. Әрине, көпке топырақ шашуға болмас, дегенмен бойкүйездер санатының анағұрлым көп екеніне күмәнім жоқ.
Мұнымен не айтқым келеді, алдымен-денсаулық. Қимыл-қозғалысы азайған қоғамда ағзаның ауруы көбейеді. Күніне кемінде 20 минут жаяу жүрмеген адам семіздік, қан қысымы, қандағы қант мөлшерінің көбеюі сынды ауыр сырқаттарға бейімделе бастайды. Ал, біздің көз алдымызда үйінен көлікпен шығып, жұмысында отырып, кешке көлікпен қайтатындар толып жүр. Үйдегі әрекетті электр ара, электр тескіш, кескіш, жуғыш, пісіргіш, қосқыш пен айырғыштар жасап жатыр, қысқасы, үйде де көп қозғалыс жоқ.
Бүгінгі компьютерлер, түрлі смартфондар, цифрлық технология- бұлар мәселенің келесі жағы. Олардан шығатын электромагниттік импульстер, радиациялық толқындар адам ағзасын улаушы бірінші фактор, бұдан соң көз көруінің нашарлауы, ас қорыту мүшелерінің жұмысының бұзылуы, жүрек, бауыр, түрлі секрециялық бездерге зиянды әсері осылай жалғаса беретін залалдардың бір бөлігі ғана. Бұдан әрі бұл құралдардың тәуелділік шақыратын факторы да анықталды. Әсіресе, кәмелетке толмаған, ақыл-ойы қалыптасып бітпеген жас буынға келетін бірден-бір қауіп.
Келесі мәселе, бүгінгі отбасылардың, әсіресе, аудан орталығы, қала типті елді-мекендер тұрғындарының ауласында мал ұстаудан бас тартуы. Бұл соңғы уақытта белең алып бара жатырған қоғамдық көрініс. Отбасының ері мен жұбайы, тіпті балаларының дене еңбегімен айналысуының басты мүмкіншілігі болып отырған бұл қарекеттің азаюы алаңдайтын жайт екені сөзсіз. Себебі, бұл алдымен әлеуметтік мәселе, содан соң денсаулық, одан әрі тәлім-тәрбие, ұлттық болмыс, таным-түсінік. Қоғамымызға бүгін аса қажет мәселелерді түгел қамтып отырған осы бағыттың бәсеңсуі жақсы емес екенін көзі қарақты оқырман түсініп-ақ отырады.
Түгел қамтитыны, әуелі отбасына кіріс. Шығыны да жоқ емес, дегенмен, пайдасы басым. Көбейте алсаң, қанеки, шағындап ұстағанның өзі сойсаң-ет, саусаң-сүт, мінсең-көлік, сатсаң-пұл. Қызметіңнен алған айлығыңа қосымша болары сөзсіз. Енді пайдасы, сол малдың қамы, жайлайсың, күтесің, суғарасың-осының бәрі қимыл-қозғалыс. Бойыңда қан жүгіріп, қуатың қайтпайды, үнемі сергек, ширақ жүресің. Тағы бір пайдасы «аузын үріп, аяғын сипаған» ақ-адал малыңның өнімі, бүгінгі күннің тілімен айтсақ, экологиялық таза азық.
Мені толғандыратын тағы бір мәселе, бұрынғы жасөспірім атқа мінетін, осындай жазғытұрым уақытта тай үйрететін. Мал ұстаған қазекемнің баласы үшін ең қызық уақыт осы көктемнің аласапыраны. Бәсіресіне тиген тайын дайындап, үлкендердің көмегімен үстіне қонған балаға тайды бастықтыру міндет пен жігіттік ерлік, ал, тулағанына шыдамай түсіп қалу немесе қорқып міне алмау- ездік пен қорқақтықтың үлгісі. Осыны түйсініп өскен ауыл баласы өзін де өзі бір сынайтын тұсы осы. Осылайша ауылдың әр тұсынан андыздап тайға мінген балалар ауыл шетіне жиналып, жаңа тайлар үйрететін, өзара келісіп, қашықтық белгілеп тай жарыс жасайтын. Мұны айтып отырғаным, осындай жасынан ат жалын тартқан балалар шымыр, қайратты, денсаулықтары мықты боп келетін. Әбжілдік пен икемділікке қатар шынықтыратын атқа міну өнері денсаулықты шыңдаудың нағыз ұлттық түрі. Міне, біз бүгін мықты болудың осы бір тетігін жоғалта бастадық.
Ауылдың жасөспірім балалары шөпке шығатын. Салмағы, шамамен 15-20 келі тартатын төртбұрышты тайланған шөпті айырдың басына іліп, ақырын жылжыған көлікпен жарыса жүгіріп, іркілмей лақтырып, әп-сәтте тиеп жататын. Әскерге баратын шақта әбден шаруаға араласқан ауыл балалары шыныққан, шымыр сарбаз боп тұратын.
Ал, қыздарға анасының бітпейтін үй тірлігінен тиер үлес аз болмайды. Ауыл іргесіндегі өзен бойына барып киім кіршіктеу, иінағашпен су тасу, киіз басу, келі түю сынды түрлі ауыл «спорты» олардың да сәмбіталдай бой түзеп, әсем, сұңғақ өсуіне сеп болатын. Бүгінгі қоғам осынау дене еңбегін әбден азайтып, денсаулықтан ақсап тұр. Шамамен айтар болсақ, 5 адамның 3 қан қысымы, 1 қант ауруы, енді бірі артық салмақтан азап көріп жүр.
Тоқталар түйін, бүгінгі қоғамға жаяу жүру, таңғы жүгіру, қызмет қатынасына велосипед пайдалану, түрлі жаттығу, шынығу залдарына бару, спорттың жаздық, қыстық түрлерімен айналысу, атқа міну, төрт түлік ұстауды тезірек қолға алу керек. Көпті кіналаудан аулақпыз, осы айтылғандарды ұстанатын ағайын да баршылық, бірақ көп емес. Бұл әрине, менің ғана пікірім. Ал, Сіз қалай ойлайсыз, оқырман?
Қаршыға ЕЛЕМЕСОВ,
БҚО Шыңғырлау ауданы