Аймақтар • 16 Шілде, 2019

Қытай айнасының құпиясы

524 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Семей – көне тарихқа бай жер. Қаладағы Ф.М.Дос­тоев­ский атындағы әдеби-мемориалдық музейде жа­қында ғажайып бір көрме өтті. Келушілердің назарына 200-ден астам экспонат ұсынылды. Олардың басым бөлігі кі­таптар, журналдар, фотоаппараттар мен сағаттар коллекциясы. Десек те бұл жәдігерлердің ең қызығы қытайдың сиқырлы айнасы болып тұр. Айна адамдарға тура қарамай қашқақтай береді. Мұны Семейдегі «Прииртышье» өлкетану қоға­мының төрағасы Марат Сасанов былайша түсіндіреді:

Қытай айнасының құпиясы

– Өздеріңіз білесіздер, біздің өлкетану қоғамымыздың мүшелері Шығыс Қазақстан тарихын жете зерттеумен айна­лысып келеді. Мен бұл айнаны Семей қаласының маңынан, шамамен 20 шақы­рым жерден таптым. Айнаның ортасы тесілген болып шықты. Тіпті айна адамдар жерленген қорымнан алынған деген нұсқа да бар. Сиқырлы айнаны қабірге салмас бұрын, оны кейін ешкім пайдаланбауы үшін арнайы тесіп, бұзғанын байқадық.

Марат Сасановтың айтуынша, бұл сиқырлы айнаға шамамен 1000 жыл болған. Себебі онда қытай иероглифтері анық көрінеді. Қоладан жасалған, пішіні қисықтау келген.

Айна арқылы қабырғаға күн сәулесін түсіргенде, қа­быр­ғада артқы жақта орна­ласқан суреттер немесе жазбалар пайда болады екен. Сол үшін де оны тылсым дүниелермен байланыстыратын көрінеді.

Көрмені дайындау барысында музей қызметкерлері көне бұйымның өзге де си­қырлы қасиеттерін бай­қаған. Олар экспонатты жіп­ке ілгенде сиқырлы айна жан-жаққа жылжып, бет жағы­мен бұрылмаған екен. Айта кету керек, музейге жыл сайын ХІХ ғасырдың түрлі дүниелері түсіп жатады. Бұл музей Федор Достоевский мен Шоқан Уәлихановқа қатысты тың деректерді сақтап отыр.

 

Раушан НҰҒМАНБЕК,

«Еgemen Qazaqstan»

 СЕМЕЙ