Қоғам • 17 Шілде, 2019

Құр бейнеттен тұратын ескі әдістен құтылған жөн

392 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жуырда ғана Алматы облысы Қа­расай ауданында орналасқан «Оң­түстік агропаркінде» Егістік күні өтті. Сол шарада агробизнес­пен айналысып, оның қиын­дық­тары­мен бетпе-бет келіп жүрген іс­кер аза­мат­тар осы саланың бір­қа­тар мәсе­ле­лерін ортаға салған еді. Үкі­меттің кеңейтілген отыры­сы біз­дің көте­ріп жүрген мәселе­лері­міз­бен үн­дес шыққанына қуанып отырмыз.

Құр бейнеттен тұратын  ескі әдістен құтылған жөн

Бұған дейін де ауыл шаруа­шылығын ғалымдармен тізе қоса отырып дамыту мәселесі айтылған. Бір ғана мысал – құрылғанына көп бола қоймаған, аумағы 1,5 мың гектарды алып жатқан біздің «Оңтүстік агропаркі» инновациялық техно­логияларға, ғалымдардың зерт­теу­леріне сүйене отырып, өнімділікті үш есе арттырды. Яғни, ғылым мен ауыл шаруашылығын бірік­тіру нақ­ты нәтиже берді. Бұл та­бысқа біз Егіншілік және өсімдік, Өсім­дік­терді қорғау және карантин, су шаруашылығы ғылыми-зерт­теу инс­­титуттарымен бірлесіп қол жет­кіз­дік. Осындай интеграциялану ар­қылы аг­ропаркте жерді тиім­ді пай­далануға болатынына көз жеткіздік.

Сондықтан еліміздің әрбір ау­да­нында осындай агропарк­тер қажет. Жергілікті шаруалар ғалымдардың тәжірибесіне, жаңа технологияларға сүйене отырып, егістіктер мен бақшалардың өнім­ділігін арттырып, жерді тиімді пайдалануға қол жеткізеді. Керек кезінде кеңес алып тұрады. Сол кезде ғана ауыл шаруашылығы алға жылжиды. Құр бейнеттен тұратын ескі әдістерден бас тарту керек. Қазіргі таңда агробизнестің өзіндік құпиялары көп. Агробизнеспен айналысуды қолға алған еті тірі азаматтар осының бәрін білгені жөн.

Тұқымның, жердің сапасын жақсарту керек. Себілетін ұрық­тарды сауықтырып барып қол­дан­баса, онда төгілген тер далаға ке­теді. Қазір дүние жүзі органи­ка­лық өнім алу үшін барын са­лып жатыр. Ал бұл мәселеде біз­дің мүм­­кіндігіміз, әлеуетіміз өте жо­­ғ­а­ры. Тек соны пайдалана білу қажет. Егіс алқаптарында улы хи­ми­­кат­­тардың орнына биология­лық тәсіл­дер арқылы зиянкестермен, арам­шөп­тер арқылы өте тиімді күресуге болады. 

Ауыл шаруашылығын дамы­тудың 90%-ы техникаға тәуелді. За­манға сай технологияларды пай­даланып астықтың түсімін, көк­өніс­тердің өнімділігін әлдеқайда арт­тыруға болатынын көріп отырмыз. 

Мемлекет басшысы: «Ауыл шаруашылығы – басшылығының арасында сабақтастық жоқ жалғыз сала. Біз осы уақытқа дейін қаншама бағдарлама қабылдап, қаншама уәде тыңдадық! Әрбір министр сол қабылданған бағдарламасының дұ­рыс екенін дәлелдеп бақты. Ал қазір қолымызда не бар? Құрғақ уәделер ме?» деп мәселені төтесінен қойды. Яғни, Президент ауыл шаруашылығы еңбеккерлерінің мемлекеттік қолдау талаптарының жиі өзгеруіне байланысты ша­ғым­дарының да орынды екенін айт­ты. Мысалы, Егістік күнінде 28 жылда 18 ауыл шаруашылығын қолдау тетігі өзгергенін, оның кері салдары туралы аграрлық бизнес­пен айналысып жүргендер атап көр­сеткен болатын. Мұндай өзге­ріс­тер субсидия алуда, дұрыс ин­нова­циялық шешім қа­был­дауда қиын­дықтар тудырып, агро­биз­нестің тар­тым­дылығы мен табысын тө­мендетеді, кәсіпкерлердің ертеңгі күн­ге деген сенімін жоғалтатыны да рас. 

Ең бастысы, аграрлық ғылыммен айналысуға ден қойған жастардың құлшынысы мен қызығушылығын жоғалтып алмауымыз керек. Ауыл шаруашылығындағы талантты жас­тарды қалайда осы салада ұстап қалу керек.

Абай САҒИТОВ,
ҰҒА академигі, «Оңтүстік агропаркінің» директоры
АЛМАТЫ