Спорт • 02 Тамыз, 2019

Құралбек Ордабаев: Қазақ футболының болашағынан үлкен үміт күтемін

977 рет
көрсетілді
18 мин
оқу үшін

Құралбек – қазақ футболының ардагері, әйгілі қақпашы. Қазақ КСР-нің еңбек сіңірген жаттықтырушысы. КСРО спорт шебері. Өткен ғасырдың 70-жылдары «Қайрат» футбол командасының сапына қабылданып, аталмыш клуб қақпасын 12 жыл (1971-1982) қорғаған әйгілі футболшы. Әсіресе, 11 метрлік айып добын қайтаруда одан асқан шебер болмаған. Кезінде КСРО құрамасының белді футболшысы және киевтік «Динамоның» шабуылшысы, «Алтын доп» иегері, КСРО чемпионатында 211 гол соққан атақты Олег Блохинның өзі Құралбек ағамыз жайлы былай деген екен: «Менің «Спартак», «Торпедо», тағы басқа командаларға соққан добым есімде. Бірақ маған «Қайратқа» гол соғу өте ауыр болды. Өйткені команданың қақпашысы Ордабаевтан өте алмадым. Құралбек пенальти қайтарудың асқан шебері еді».

Міне, біздің Құрекеңді мықтылардың өзі мойындаған. Сол сияқты осы жылдары Одақ көлеміне тарайтын үлкен беделге ие «Советский Спорт» газетінің 1973 жылғы сәуір айының 24-і күнгі санында қазақ қақпашысы Құралбек жайлы: «...алматылық «Қайраттың» қақпашысы Құралбек Ордабаев биылғы көктемнің өзінде командасын пенальтиден төрт рет жеңіске жеткізді. Ол «Пахтакор» және тбилисилік «Динамомен» кездесулерде ерекше көзге түсті. Әсіресе, мәскеулік «торпедошылармен» болған ойында екі рет 11 метрлік соққыны қақпасына дарытпады» деп жазыпты. Яғни 1973 жылы бір маусымда 16 пенальтиді қайтарып, КСРО чемпионатында «пенальти қайтарудың хас шебері» деп атанған Құралбекті Одақ жанкүйерлері толық мойындады.

Құралбек Ордабаевпен бірге ойнаған футболшылар да оның пенальтиден бөлек ойын кезінде «тоғыздыққа» көзделген допты қалай қағып жіберетінін тамсана айтады. Кезінде Құрекеңмен бірге бір командада доп ойнаған Сейілда Байшақов: «Одақ біріншілігінде тең түскен екі команда жеңімпазды пенальти арқылы анықтайтын заман болды. Сондай сәттерде біз Ордабаевқа сенім артамыз. Ол бізге үнемі жеңіс сыйлайтын. Тіпті қарсыластарымызбен тең түскен жағдайда Құралбекке сеніп, алдын ала жеңіске жететінімізді біліп отырушы едік. КСРО-ның атақты шабуылшылары біздің қақпаға доп дарыта алмай, пұшайман болған сәттерін талай рет көрдім» дейді.

Сонымен... қазақ футболының шежіресін парақтасақ, Құралбек Ордабаев «Қайрат» қақпасын 185 рет қорғаған екен. Ол «Қайратқа» алғаш келген 1971 жылы Халықаралық теміржолшылар одағының кубогын жеңіп алды. Біз бүгінде мерейлі 70 жасқа толып отырған әйгілі қақпашымен сұхбаттасқан едік.

Құралбек Ордабаев: Қазақ футболының болашағынан  үлкен үміт күтемін

– Құралбек Досжанұлы, футболға қалай тап болдыңыз һәм аяқ добына деген құш­тар­лық бала кезіңізден пайда болды ма?

– Мен 1949 жылы 6 тамыз күні туыппын. Үйіміз Шымкент қаласының шетінде тұрды. Бір от­­басында екі қыз, төрт ұл бол­дық. Кешке өрістен мал қай­татын кезде көшенің балалары жиналып алып, футбол ойнаймыз. Әр көшенің өз командасы бар. Киімдерімізді шешіп, екі бөлек үйіп, жерқақпа жасаймыз да, доп тебеміз. Қасымызда «Қошқар ата» өзені ағып жатады. Ойыншылардың көбі менен үлкен ересек балалар-тын. Олар өздері жүгіріп, тер шығару үшін кішкентай мені қақпаға тұрғызады. Алда-жалда қақпаға доп жіберіп алсам, ағаларым жа­залайды. Олардан қорқып қақ­паға доп жібермеу үшін жанымды саламын. Менің болашақ қақпашылық кәсібім осылай басталды. Ол кезде 12 жастағы бала едім...

Мал аяғы ауыл шетіне ілік­кенде допты тастай салып, сиыр­ларға жүгіреміз. Кейде доптың қызығына батып, қара терге түсіп жүргенде біздің үйдің сиырлары мені күтпей өздері үйге мөңіреп барып қалады. Ондай кезде әкейден ұрыс естіп, сөгіс аламын. Әкей жарықтық «доп ойнаған тозады, асық ойнаған азады» деп менің доп тепкенімді қаламады. Мені доп ойнаудан тиып, бақылауға алу үлкен апама тапсырылғандықтан, ол кісі төргі бөлмеге қамап, өзі есіктің аузында ұршығын иіріп, жіп есіп отыратын. Бәрібір сыртқы терезенің жақтауын ашып, қашып кете беруші едім...

– Алғаш рет кәсіби футболға қалай қадам бастыңыз?

– Көшенің жабайы футболынан қанаттанған соң кешік­пей мектепішілік жарыстарға қатыса бастадым. Одан мек­тепаралық жарыстарға шықтым. Ол заманда футболдан әр­түр­лі деңгейдегі жарыстар өте көп ұйымдастырылатын. Сөй­тіп жүр­генде 1968 жылы Шым­кент­тегі «Металлург» клубы ша­қырды. Менің кәсіби футболға бет бұруым осы кезден бас­талды. Одақ чемпионатының «Б» класында өнер көрсететін «Ме­таллург» клубы көршілес Өзбекс­тан, Тәжікстан республикалары және өзіміздің Жамбыл, Қызылорда облыстарының командаларымен өзара біріншілік ұйымдастыратын.

«Металлург» спорт клубының жаттықтырушысы Виктор Пля­цунов дейтін адам еді. Осы кісі бірден «сенің қақпашы болуға икемің бар» деп бағыт сілтеді. Осы бапкердің көмегiмен қақ­пашы болу үшін тұп-тура бір жылымды сарп еттім. Нәтиже жаман болған жоқ. Екі жылдың ішінде әжептәуір қақпашы болып қалыптастым. 1970 жылдың қараша айында мені Ташкенттің «Пахтакор» футбол клубы негізгі құрамына шақырды. Шынымды айт­сам, «Пахтакорға» барғым келді. Өйткені Ташкент елге жа­­қын, барып-келіп тұруға қо­лайлы.

Кешікпей Алматының «Қай­рат» футбол клубынан да шақырту келді. Тіпті сол кездегі қазақ спортының қайраткер-бас­шысы Қаркен Ахметов аға­мыздың өзі іздеп үйге келді бір күні. Бірақ мен Өзбекстанға бүй­регім бұрып тұрғанын айттым. Сөйтіп нақты төрелік айту әкейге жүктелді. Әкей: «Қазақ баласы өзбек намысын қорғамайды» деп шорт кесті. Ақыры, 1971 жылы алматылық даңқты команданың сапынан табылдым.

қақпашы

– Сіз «Қайраттың» құра­мына қа­былданған 1971 жылы атал­мыш клуб өз тарихында тұң­ғыш рет халықаралық «Темір­жолшылар кубогын» жеңіп алды. Осы жарыстың басы-қасында болдыңыз. Ен­деше кубок иегері атанған сәт­тегі ойын өрнектерін тағы бір еске түсіріп, әңгімелеп берсеңіз?

– Өзіңіз атап өткендей «Қай­рат» футбол командасының ең жоғары жетістігі 1971 жылы халық­аралық «Теміржолшылар кубогын» жеңіп алғаны. Бұл клуб тарихындағы ең жоғарғы жетістік. Біз алғашқы ойында Чехословакияның «Локомотив» командасын өз алаңымызда 4:1, сыртта 1:0 есебімен жеңдік. Екі ойында да менің әріптесім Вик­тор Шведков «Қайраттың» қақпасын күзетті. Келесі айналымда Болгарияның «Славия» командасынан 1:3 есебімен жеңіліс таптық. Осы оқиғадан кейін бап­керлер қарымта кездесуде қақ­паға мені қоюды шешіпті. Менің үлкен футболдағы карьерам осыдан басталды. Қарымта кездесуде болгарларды 3:0 есебімен жеңдік. Футболшылар: Евгений Пиуновский, Юрий Севидов, Владислав Маркин бір-бір голдан соқты.

Финалдық кездесу тіпті қи­ынға түсті. Қарсыласымыз анау-мынау емес, Румынияның азулы «Рапид» командасы. Ойын бас­талмай жатып, көптеген футбол мамандары жеңісті алдын ала румындықтардың қолына ұстатып қойды. Ол да мүмкін еді, өйткені «Қайрат» атты команданың бар-жоғын ешкім білмейтін. Алайда біз намысқа тырысып, сыртта 1:1 есебімен тең ойнап, Алматыда 1:0 есебімен басым түсіп, кубокты жеңіп алдық. Осы тарихи жеңістен кейін, біздің бәрімізге «КСРО спорт шебері» деген атақ берді.

– Құралбек аға, сіз 1973 жы­лы бір маусымда қатары­нан 16 пенальтидің добын қай­тарып, КСРО чемпионатында «пенальти қайтарудың хас шебері» атанған екен­сіз. Осы оқиға жайлы айтып көрсеңіз?

– 1973 жылы КСРО футбол тарихында «тең ойын болдырмау» туралы ереже қабылданды да, жеңісті 11 метрлік пенальти арқылы шешуді енгізді. Осы жылы мен тең ойын болған сәттерден 11 метрлік пенальти­ден 16 допты қайтардым. Әсі­ресе есімде қалғаны: осы жы­лы 11 тамыз күні Мәскеуде жер­гілікті «Динома» командасымен ойнадық. Осы команда құрамында танымал футболшы кейін КСРО құрамасы сапында ойнаған Александр Минаев дейтін ойыншы бар-тын. Сол күні Александрдың туған күні екен. Тағы да ойын нәтижесі теңескендіктен, 11 метрлік пенальти тебілетін болды. Мәскеуліктер туған күнінің құрметіне оған алғашқы доптың кезегін ұсынды. Мәскеулік ойыншы 11 метрде тұрған допты шірене тепті. Мен оны сарт еткізіп ұстап қалдым. Осы бір доптың арқасында біз жеңдік. Менің «Қақпашы Құралбек» деген атағым аспандап кетті.

– Футбол ойынында қақ­пашы­ның басқа ойыншылардан қандай айырмашылығы бар?

– Қақпашының басқа футбол­шылардан айырмашылығы өте көп. Өйткені қақпашы допты ұстамаса, ол допты артыңда тұрған қақпа ұстайды. Ондай жағдайда қақпашыға ұяттың жүгі артылады. Доптың жылдамдығы 130-180 шақырым/сағатқа дейін барады. Енді осындай көз көр­мейтін жылдамдықпен ұшып келе жатқан допты ұстау үшін ше­бер­ліктің өзі аздық етеді. Се­зім, өлшем, математикалық есеп, жылдамдық, т.б. өте көп так­тикалық ойламдар қажет. Алыстан ұрылған доптың ұшып келе жатқан жылдамдығын тез есептеп үлгеруің керек, соған сай жылдамдықты сәйкестендіріп құлауың қажет. Қазір тек қақпа­шыларды баптайтын жеке бапкерлер бар. Біздің кезде ондай жоқ еді.

– Қазіргі ұлттық құрама са­пында ойнап жүрген қақпа­шыларға көңіліңіз тола ма?

– Өкінішке қарай төл чемпионатымызда өнер көрсететін қақпашыларға көңілім тола қоймайды. Қақпашы артындағы қақ­паны сезе білуі керек. Ал біздегі қақпашылар қақпа­дан сәл ұзап шығып кетсе, алақ­тап қақпаны іздей бастайды. Ойынның одан әрі өрбуіне қарау жайына қалады. Ал қақ­­пашы деген қақпаны сезе білуі керек, қорғаныстағы әріп­тес­терін үйлестіре білуі керек. Ойын­ды оқып тұруы керек. Айна­ласындағы қорғау­шыла­рына нұсқау беріп, қауіптің алдын алуы керек. Бір сөзбен айтқанда, стратег болуы қажет...

– Қазіргі футбол мен сіздер­дің кездегі футболдың қандай айырмашылығы бар?

– Біздің кездегі футбол деге­німіз – жетпісінші жыл­дардың ойындары болып есептеледі. Ол заманда футболшылар және олар­дың бапкерлері, сондай-ақ футболдың маңында жүрген басшы-қосшылардың барлығы білім мен ғылымға, одан қалды жаңашылдыққа өте-мөте мән беруші еді. Сондықтан да болар, күнделікті газет-журналдарды үзбей оқитын едік, футбол әле­мін­дегі үздік үлгілерді естіп-біліп, сіңіріп алуға тырысатынбыз.

Осы орайда сіздің қойған сұрағыңызға қатысты айтарым, біздің кездегі футболдың қазіргіден бірінші ерекшелігі: жетпісінші жылдары Алматы қаласындағы орталық стадионда «Қайрат» ойнаған кезде көрермендер лық толып отыратын. Отыз мың адамдық алып стадионда бос орын болмайтын. Олар өз командасына шынайы жанашырлық танытып, ықылыс білдіретін. Ойыншылар жанкүйерлердің осындай ықы­ласынан күш-қуат алатын. Со­ның себебі шығар «Қайрат» өз алаңында өте сирек ұтылатын.

Екінші ерекшелік: біздің кезде намысшылдық дейтін ұғым жоғары болды. Кеңес заманын қанша жаман десек те, оның идеологиялық жұмысынан үйренетін дүние көп. Біздің ойынға партия, комсомол жастар ұйымы қатты мән беретін. Әрбір ойынды келіп көріп, оған баға беретін. Футболшыларға ойын алдында елге беделді партия қызметкерлері келіп, ақыл айтып, жігер сыйлайтын.

Үшінші ерекшелік: біздің кезде футболшылар мен жан­күйерлер арасында кездесулер өтіп тұратын. Осындай қауы­шу­лар үстінде ескертулер айтылатын, біз сын-ескертпелерден қорытынды шығаруға тырысатынбыз.

– Кіммен кездесуші еді­ңіз­дер?

– Алматыда жұмыс істеп тұр­ған зауыт-фабрикалар, жеңіл өнеркәсіп комбинаттары көп болатын. Осы өндіріс орын­дарының жұмысшы қауымымен жүздесетінбіз. Кездесуден соң олар түгелдей келіп, біздің ойын­ды тамашалап, қызу қолдау көр­сететін. Одан кейін аптасына бір рет міндетті түрде театрға барушы едік. Концерт не­месе спектакль көретінбіз. Қа­зір осылардың бірде-бірі жоқ. Бол­ған күннің өзінде баянды емес...

– Сонымен, қысқасы біздің қазіргі футболға нақты не жет­пейді?

– Әлем футболының шеберлік деңгейі күн санап емес, сәт санап өсіп барады. Олар «Қазақстанның футболы қалып қойған екен, күте тұрайық» демейді. Біздің футболға не жетіспейді дегенге өз басым намыс жетіспейді деген болар едім. Қазіргі футболшылар үшін елдік, ұлттық ұғымнан гөрі ақша бірінші орында. Біздің кезде ондай ұғым болған жоқ. Алған азын-аулақ жалақымыз күнкөрісімізге жететін. Қазіргі жігіттер ақша үшін өзін өсірген-жетілдірген командасын тастап жүре береді. Бір жерде тұрақтап, еңбек етіп, шеберлігін шыңдамайды, «қайда ақша көп» деп алаңдап тұрады. Сондықтан да олардың шеберлігі тұрақсыз.

Одан соң сырттан шақы­рылған бапкерлер вахталық әдіс­пен ақша табу үшін келеді. Кәсіби футболда тіл мәселесі деген ұғым бар. Ал бапкерлер аудар­машы арқылы жұмыс істейді. Ол мүлдем қате. Футболға жанды тіл керек. Бапкер біреуді алдауы керек, біреуге ұрысқан ұнайды, екінші біреудің жанды жеріне сөзбен әсер ету керек. Осындай нәзік дүниелерді тіл білмейтін бапкер қалай іске асырмақ. Бапкер деген ділмар-шешен, психолог-ұстаз болуы керек. Мысалы өз басым Қазақстандағы барлық футболшыларды, бапкерлерді жатқа білемін. Кімнің деңгейі қандай, жұмыс сапасы нендей – көкейімде сайрап тұр. Үнемі анализ жасап отырамын.

Құралбек Ордабаев

– Түсінікті... қазіргі футболды дамыту үшін не істеу керек сонда?

– Футболды дамыту үшін ішкі чемпионаттың деңгейін көтеру керек. Ол үшін легионерлерге шектеу қоймасақ, жергілікті ойын­шылар өспейді. Біздің премьер лигада оншақты команда ойнайды. Оның жеке-жеке бапкерлері бар. Жаман болсын, жақсы болсын, осылардың басын қосып, семинар-кеңес өткізіп тұру қажет. Оларды тыңдауымыз керек, ойларын білуіміз керек. Осының бәрін жинақтап ұлттық құраманың бапкері бағдарлама жасап, ғылыми негізде жұмысты жүйелесін.

Қазір әркім әр жерде шашырап жүр. Қысқасы, бізде футболды ұйымдастыру шарасы әлі толық жүйеленбеген. Тағы бір оғаш дүние, қазір футбол алаңында доп теуіп жүрген қазақ жігіттері сәл жетістікке жетсе, мастанып, кеуде көтеріп шыға келетін ауруы тағы бар. Кезінде бізді де мақтады. Бірақ жұлдыз дертіне шалдыққан жоқпыз.

– Құреке, біздің футбол тоқ­саныншы жылдары Азия құрлығында өнер көрсетті, артынан Еуропа лигасына өтті. Осы оқиға жайлы нендей ой айтасыз?

– Мен Қазақстан футбол федерациясына басшы болып жүрген жылдары біздің құрама Азия құрлығында ойнайтын еді және көптеген жетістіктерге қол жеткізді. Атап айтқанда, 1998 жылы еліміздің футболдан жас­тар құрамасы Азияда үздік шығып, әлем чемпионатына қа­тысты. Ал 2000 жылы біздің футзал құрамасы Гватемалада өткен әлем біріншілігіне қатысты. Фут­болдан қыздар құрамасы Азияда алғашқы бестікке кіріп үл­герді. Қысқасы, ептеген нәти­же бар еді. Бірақ қазіргі феде­ра­циядағылар осының бірін де ес­кергісі келмейді. Мен оларды да түсінемін. Бірақ тарихты сызып тастай алмайсыз, солай емес пе?!

Бірақ өз басым қазақ фут­болының болашағынан үлкен үміт күтемін. Еуропадан үйре­не­тін нәрсе өте көп. Басқасын айт­пағанда, бапкерлерімізді атақ­ты клубтарға тәжірибе алмасу үшін жіберіп, оқытып алсақ, ұтылмас едік.

– Біз болашақ футболшыларды Бразилияда оқытқан жоқпыз ба?

– Ол да дұрыс шығар. Бірақ мынаны білген жөн. Біздің балалар Бразилияда оқығанымен «бразилец» болып өзгермейді. Мен білетін екі топ оқып келді. Осылардан жарқ етіп шыққан бір ойыншыны байқамадым. Менің ойымша, Бразилияға кеткен ақшаға одан да аймақтарда мектеп ашып, футбол-интернатын салу керек еді. Әрбір аймаққа футбол базасын салмайынша, футбол ешқашан өркендемейді.

 Әңгімелескен

Бекен ҚАЙРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»