Аймақтар • 06 Тамыз, 2019

Сырға толы сасандо

399 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Ұлттық құндылықтарымызды насихаттау мақсатында Алматыдағы Ықылас атындағы халық музыкалық аспаптар музейінде ұйымдастырылған танымдық бағдарламалардың бірінде руханият ордасының қорында сақталған аспаптар кеңінен таныстырылды.

Сырға толы сасандо

Музейдің аға ғылыми қыз­мет­кері Нұрлы Ибадулли­наның айтуынша, музей қорында ұлттық музыкалық аспаптармен қатар түркі халықтары, сондай-ақ әлемнің 40-тан астам елінің музыкалық мәдениетімен таныстыратын 1200-дей экспонат бар. Экспозициялық зал­дар­да ар­хеологиялық қазба жұ­мыс­­тары барысында табылған музы­калық аспаптар, қазақ өнерінің бастауында тұрған Махамбет, Құрманғазы, Ақан сері мен Біржан салдың, Жам­был, Динаның, Абай мен Шә­кәрім­нің, Ахмет Жұбанов пен Нұрғиса Тілендиев, т.б. әнші-жыршылардың, күйші-ком­позиторларға тиесілі болған 70-ке жуық аспаптардың түпнұс­қалары, сондай-ақ бірнеше ғасыр­лық тарихы бар әлем халық­тарының музыкалық ас­паптары қойылған.

Екі ел арасындағы достық­тың нышанындай музейге Индонезия елі тарапынан сыйға тартылған сасандо, ангклунг, гамелан, генданг және ребаб музы­калық аспаптарының ға­сыр­дан-ғасырға жеткен тағы­лым­ды тарихы бар екен. Сасан­до аспабының тарихынан мәлі­м­ет беріп өткен музейдің ғы­лы­ми қызметкері Айтолқын Шой­манованың айтуынша, Индонезияның Нуса-Тенгара елді мекенінің шығысындағы Роте тұрғындарына бұл ас­пап VІІ ғасырдан бастап бел­гілі болған. «Тербелетін» немесе «ды­бысты аспап» мағынасын­дағы аспаптың атауы «сасанду» диалект сөзінен қалыптасқан әрі ертегіге бергісіз аңызбен де сипатталады. Ертеде Роте аралында Санггуан есімді бір бала өмір сүрген деседі. Жолдан шаршап, пальмира ағашының түбіне қалжырай кеткен оның түсіне әуені әуезді аспап кіреді. Ояна кетсе әлгі әуен өңіндегідей елжіретеді. Сырлы әуеннің си­қыры баурап, қайтадан маужы­рап ұйықтап кетсе керек-ті. Әуенге бар ынтасымен берілген ол дыбыстарды қайта жаң­ғыр­тып, тез арада пальмира жапырақтарынан ортасында ішектері бекітілген музыкалық аспап жасап шығады. Орын­даушы бұл аспаптың ішектерін ар­фа­да немесе какапиде ой­на­ған­дай шертеді. Сасандо аспа­бы 28 немесе 56 ішекті (қосар­лы ішектер) болып келеді.

Ал ағаштан жасалған қос­түтік­ті тілшелі үрмелі бала­бан­ның (кейде баламан) тоғыз ойын саңылауы бар. Әзер­бай­­жан, өзбек және кейбір Сол­түстік Кавказ халықтарында қолданылады. Әзербайжанда балабанды дюдюк деп те атайды. Құрылысы мен дыбысталуы армянның дудук, грузиндердің дудки аспаптарымен ұқсас келеді. Айтолқын Шойманова атап өткеніндей, аспаптың дыбысы жұмсақ әрі қанық келеді. Балабан, негізінен, өрік, жаңғақ, тұт немесе алмұрт ағаштарынан жасалады. Зығыр немесе зәйтүн майымен майланып, ұзақ уақыт кептіріледі. Дайын аспаптың беткі жағынан 8, қарсы жағынан 1 ойын саңылауын жасайды. Мүштігі нақты өлшем бойынша қамыстан жасалған. Оның бір жағы жаншылғандықтан, кейде балабанды «ясты балабан» – жайпақ балабан деп те атаған.

 

АЛМАТЫ