Әдебиет • 18 Қазан, 2019

Мәскеуде шыққан мәнді шығарма

525 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Әдебиеттің салқар көшіне ілесіп, таланты мен қабілетін қаламына қатар түсірген жазушы бағзыдан бері қанша уақыт сарқылса да есті оқырманның ойында һәм жүре­гінде қалады. Бұл хат танитын бәріміздің іштей ғана біліп, мойындайтын шындығымыз. Бір-бірінің көңілін тап­қан оқырман мен автор да табиғаттары тым бөлек жан­дар емес. Оған дәлел: қазақтың бұрынғы баба, би тілінің құнарын сақтап қалған жазушының бірегейі, қара сөзден құйын тұрғызған Рахымжан Отарбаевты оқушылардың дені рухты һәм мінезді келеді. Әлқисса, «шағын әңгімелерінде үлкен ой айта алатын кесек жазушы» Рахымжан Отарбаев творчествосынан игі бір істің cүйінші хабарын құлағымыз шалды.

Мәскеуде шыққан мәнді шығарма

Мәскеу қаласында жазушы, драматург Рахымжан Отар­баевтың екі томдығы таяуда ғана «Художественная литература» баспасының бас редакторы Георгий Пря­хиннің аудармасымен орыс тілінде жарық көрді. Жур­налистер үйінде өткен «Шың­ғыс ханның көз жасы» және «Бас» шығармаларының тұсаукесеріне мәскеулік жазушылар мен әдебиетшілер, Қазақстанның Ресейдегі ел­шілігінің өкілдері және жазу­шының ұлы Ермерей Отарбаев қатысты. «Восточный экспресс» баспасынан шыққан қос томдық Қазақстанның Ресей­дегі елшілігінің қол­дауы­мен шығарылып отыр.

Әдеби кештің алғашқы сөзін алған «Художественная ли­тература» бас­па­сының бас редакторы Георгий Пряхин Қазақстан Республикасының Ресей Фе­де­рациясындағы Тө­тенше және өкі­летті елшісі Иман­ғали Тасмағам­бетовке кітап­тың жарыққа шығуына ұйыт­­қы болғаны үшін алғысын білдірді.

«Рахымжан Отарбаев бізге Қазақ­станды жаңа қыры­нан танытты. Мен оның шығар­маларын оқи бастағанда тарихы тереңге бойлаған, миф пен мис­тикадан тамыр тартатын мүл­дем басқа Қазақстанды көрдім», деді Г.Пряхин. «Кітаптарында ұтқыр мақал-мәтелдер жиі ұшырасады. Оның болмысы ғана асау емес, жазу стилі де асау», – деп ойын тарқатты.

Г.Пряхин Р.Отарбаевтың шығар­машылығымен мәскеу­лік оқырмандар жақсы таныс екенін атап өтті. Бұдан бұ­рын «Шыңғыс ханның көз жа­сы» хикаяты «Роман-газета», «Юность», «Литературная газе­та» басылымдарында жария­лан­ған. Отарбаевтың туған же­ріне барған сапарын ерекше сағынышпен еске алған аударма авторы Батыс Қазақ­станның тылсым табиғаты мен Орал өзенінің жағасындағы пейзажды тебірене отырып жеткізді. «Рахымжан – өз елін ерекше сүйетін дана адам. Меніңше, ол әрқайсымыздың көзкөр­ген танысымыз емес, орыс халқы­ның досы», деп сөзін түйіндеді Г.Пряхин.

«Роман-газета» журналы­ның бас редакторы Юрий Коз­лов Рахымжан Отарбаевтың жинағында ұлт мінезін бай­қағанын тілге тиек етті. «Ра­хым­жан өте ашық мінезді еді. Онымен әңгі­мелескен кез келген адамның оған қызығу­шылығы ауып отырады. Ол әр­қашан басқаларды түсінуге тырыс­ты, – деді Ю.Козлов. – Отарбаевтың шығар­машылық еңбегі бір әдебиеттің көл­емі­не сыймады, оның кеңіс­тігі ана­­­ғұрлым үлкен. Шығарма­ларының ғұ­мыры мәңгілік боларына сенімім кәміл. Міне, бұл Рахымжанның болмысы мен өмірінің ақтауы іспетті».

Қазақстанның Ресейдегі елшілігіндегі кеңесші уәкіл Жанар Колбачаева халық­тар арасындағы мәдени һәм әдеби өмір­дің байланысын сөз ете келе: «Кітап дүкендерінде ұлт­тық әдебиетке деген қы­зы­ғушылық бар. Халық басқа ел­дің мәдениетін біл­гісі келеді. Осы тұрғыда бү­­гінгі алғаш рет жа­рыққа шық­қан қос томдық мәдени құбылыстың жарқын бір үлгісін көрсеткендей», деп атап өтті.

Қазақ жазушысының Мәс­кеу­­де жарық көрген қос том­­дығы ха­қында ойда қалған аз­ды-көпті сұрақ­тарымызды қалам­гердің ұлы Ермерей Отар­баевқа жолдаған едік.

– Екі томдықты орыс ті­ліне аудару­ға ұсыныс кім­нен болды?

– Екі томдығын әкем өзі дайындап кетті. Аудар­тып, бас­паға дайын етіп, Мәс­­кеудегі агенті, досы Г.В.Пряхин­ге та­быс­таған еді. Қос томдығы шы­ғар алдында өмір­ден өтті.

–Аударма жұмыстары қашан бас­талды? Қанша уақыт кетті?

– Аударма жұмысын өзі қадағалады. Атырауда жол­ма-жол аударма жасатып, Ал­матыдан Халиолла деген аудармашыны көшіртіп алдырып, жағдайын жасап, көркем аудармасын жасатты. Әкем соңғы жылдары қатты асығыс режімде жұмыс істеді. Айналасын да солай дөңгелентті.  Білуімше, жылдың үстінде уақыт кетті.

– Қанша данамен шық­ты? 

– Ресми 500 дана. Олар әлемдік нарыққа көшіп кеткен ғой. Кітап өтсе, қайта басып шығара береді.

– Бұл жазушының орыс тіліндегі нешінші кітабы?

– Әкемнің бұған дейін «Художес­твен­ная литература» баспасынан 2 кітабы шыққан. Елімізде де орыс тілін­дегі кітап­тары басылып, тез таралды.

– Аударма қай деңгейде жасалды деп ойлайсыз?

– Аударма өте жақсы дең­гейде деп ойлаймын. Тұсау­ке­серде сөйлеген орыс әдебиет­ші­­лері де осылай бағалап жат­ты.

– Екі томдық басқа тілдер­­ге аударыла ма?

– Екі томдық әкемнің екі романы ғой. Және әңгімелері. Олардың бәрін өзі таңдап, өзі жасақтап кеткен. «Бас» Қа­зақстанда басылмаса да шетелде басылды. Әзербайжан, Түр­кия әкем бар кезде басып­ шығарса, өмірден кеткен соң Германия мен Моңғолия, міне Ресей жариялап отыр. Ал «Шың­ғыс ханның көз жасы» тари­хын жақсы білесіз деп ойлаймын.

– Орыс оқырмандары қа­лай қа­был­дап жатыр?

– Ресей сыншылары өте жоғары деңгейдегі дүниелер деп қабылдап жатыр. Әкем Рахымжан Отарбаев Ресейде өз оқырманын тапқан жазушы.

– Кітаптың Қазақстандағы тұсау­кесе­рі қашан өтпек?

– Елордамыздағы Ұлттық академия­лық кітапханада 18 қазан күні өтеді.

– Әңгімеңізге рахмет.

 

Әңгімелескен

Маржан ӘБІШ,

«Egemen Qazaqstan»