Ғалымдардың бұл бастамасының технологиясы әзірленіп, өндірістік жағдайдағы сынақтан табысты өтті. Ноу-хаудың мәні магнит-электр өрісі мен тербеліс толқындарының әсерінен күкірттен, металдардан және тұздардан толығымен тазартылған ашық фракциялардың үлкен шығуымен (кемінде 92%) көмірсутек шикізатының терең өңделуі болып табылады. Бұл реттегі тиімділіктің мысалы – көмірсутектердің иондалған сумен өзара әрекеттесуі әсерінен бастапқы шикізаттың сутекті салмағы кем дегенде 4%-ға артады. Сутектендіру және көмірсутек спирттерінің түзілу технологиялық процесі үшін одан сутегі мен гидрототықты алу өнімнің қосымша массасын береді.
Мұнай-химия, мұнай өңдеу және энергетика салалары үшін революциялық технология дәстүрлі технологиялық тізбектен бірнеше буындарды жоюға алып келіп, жоғары сапалы отындар өндірісін бірнеше есе арзандатады, ең маңыздысы – энергетикалық және экологиялық қауіпсіздіктің заманауи талаптарына жауап береді.
Ұлттық инженерлік академия ғалымдарының феноменалдық ашқан жаңалығын сенсация деу аздық етеді. Бұл жаңалық мұнай өңдеу саласында төңкеріс жасады. Ендігі жерде су «қарсыластан» процестің одақтасына айналды.
Осындай жаңалық ашқан бірнеше сала ғалымдарының бірлесіп қандай жұмыс атқарып, қалай жетістікке жеткені жайлы айтқым келеді. Шығармашылық топтағы әрқайсысының ерен еңбегі, бағындырған шыңы бар танымал ғалымдар. Мұнда әркім өз бағытымен айналысты. Бірақ бәрі бір бағытта, топ болып жұмыс істеді және шын мәнінде, үлкен ізденіс, жылдар бойы жасалған еңбек нәтижесін көрсетті.
Мұнай өңдеу саласындағы проблемалармен қазақстандық ғалымдар 40 жылдан астам уақыт айналысып келеді. Бұл мәселеде әр ғалым өз технологияларын жасап, көптеген ғылыми мақала жазылды. Әлемдік ғылымда мұнай өнімділігін 1-2% арттыру үлкен жетістік саналады.
Мақалаға арқау болып отырған ғалымдар мен мұнай саласының инженерлерінің жаңа технологиясымен 2017 жылы «Мұнай және газ» журналы таныстырды. Бұдан бұрын бұл баяндама ЭКСПО-2017 аясында өткізілген «Болашақ энергиясы: инновациялық сценарийлер және оларды жүзеге асыру әдістері» WSEC инженерлер мен ғалымдардың бүкіләлемдік конгресінде тыңдалды. Айта кету керек, Ұлттық инженерлік академиясы конгрестің бастамашысы және негізгі ұйымдастырушыларының бірі болды, оған 60 елден 1500-ден астам ғалымдар мен инженерлер, оның ішінде ғылым, техника, энергетика және экология саласындағы Нобель сыйлығының 6 лауреаты қатысты.
Жылдар өткен сайын қазба байлығы мұнайды жер астынан шығару қиындап барады, себебі бұрынғыдай жер астынан өз қысымымен атқылап, шапшып шығып жатқан мұнай жоқ. Сондықтан қазіргі мұнай-газ кен орындарының көбінде тұтқырлығы және парафині жоғары, «ауыр» мұнай өндірілуде.
Менің ойымша, бұл – энергия тасымалдағыштарды өндіруге жұмсалатын шығындар «ауыр» мұнай жағдайында, тек қана көтеріле бермей, сонымен қатар айтарлықтай төмендетуге болатынын дәлелдеген ғалымдар мақтау мен жақсы сөздерді тартынбай айтуға тұрарлық.
Сөзімді ақсақалымыз Надир Кәрімұлы Надировтан бастайын. Ол химия ғылымдарының докторы, профессор, академик, ҰИА бірінші вице-президенті, 1200-ден астам ғылыми еңбектің және 8 ғылыми жаңалықтың, 31 монографияның, 10 оқу құралының авторы, 250-ге жуық патенттің және өнертабысқа авторлық куәліктердің иегері, халықаралық деңгейде Қазақстанның мұнай ғылым саласының әкесі ретінде мойындалған тұлға. 40 жылдан астам уақыт бұрын, жас бола тұра, ол аса тұтқыр, төмен әлеуетті, аса ауыр битуминозды мұнай дәуірінің келе жатқаны туралы ой айтып, оның үлкен қорын игеру үшін дәстүрлі емес өндіру, тасымалдау және қайта өңдеудің жаңа технологияларын әзірлеу қажет екенін жеткізген еді. Ол қазақстандық битуминоздық мұнай кен орындарын және табиғи мұнай битумдарын игерудің экологиялық таза, технологиялық тиімді және экономикалық рентабельді тәсілінің барлық мәселелерін қамтитын бес томдық монография шығарды. Өзге сөздермен айтқанда, Нәдір Кәрімұлы өзінің ғылыми ізденістері арқылы біздің ғылыми жаңалығымызды дайындады.
Авторлардың бірі – Айсұлтан Абдулұлы Қалыбай, физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, академик, аспан механикасы және ғарыштық ұшу динамикасы саласының маманы. Айсұлтан Абдулұлын студент кезімнен жақсы білемін. Жоғары курстарда оқып жүргенде ғылыми семинарларына қатысып әлемдік ғылымдағы жетістіктер жайлы ақпарат алатын едік.
Футболда допты алып жүру «техникасы» деген ұғым бар, сол сияқты математика, тұтас ортаның механикасы, физика, химия ғылымдарында да зерттеушінің күрделі теңдеулермен жұмыс істеу «техникасы» деген ұғым бар. Талантты ғалым жас кезінде ҚазКСР Ленин комсомолы сыйлығының лауреаты атағын иеленді (1977 жыл). Еліміз тәуелсіздік алған жылдары Министрлер Кабинеті жанындағы Ұлттық аэроғарыш агенттігінің бірінші орынбасары, одан кейін бас директоры – ғарышты бейбіт мақсаттарда зерттеу және пайдалану саласындағы мемлекеттік басқарудың жоғары органының басшысы қызметтерін атқарды. 1999 жылдан бастап «ИнТ» Қазақстан – Ресей ғылыми-өндірістік бірлестігінің Директорлар кеңесінің төрағасы болды.
Ұшу динамикасы және жасанды аспан денелерінің баллистикасы саласындағы маман ретінде КСРО ҒА академигі С.А.Христиановичтің басшылығымен зымыран-ғарыш техникасының баллистикасын зерттеуге, зымыран-ғарыш техникасы қозғалтқыштарының от сынақтарына және олардың отындарына Кеңес уақытында қатысқан. Сондықтан отын мәселесін де жақсы білетін маман.
Сонымен қатар мұнай және отын-энергетика салаларындағы өз әзірлемелерін жүзеге асыру үшін 2008 жылы Мәскеуге барып, онда конструкторлық-технологиялық бюросы (КТБ) бар зерттеу орталығын құрды. КТБ 4 және 5 евростандарттың мұнай-химия өнімдері мен мотор отындарына көмірсутекті қосылыстардың вакуумдық – толқындық конверсиясының технологиялық желісінің конструкторлық-технологиялық құжаттамасының барлық пакетін әзірледі, оны қорғаныс-өнеркәсіп зауыттарында дайындауға және мұнай және энергетика салаларының өрт-жарылыс қауіпті кәсіпорындары жағдайында қолдануға Ресейдің Мемлекеттік рұқсат беру құжаттарының пакетін алды. Ең бастысы, осы технологияның жұмысқа қабілеттілігі алғаш рет дәлелденген тәжірибелік-сынақ желісі салынды.
Шығармашылық топтың келесі мүшесі – кванттық физика және кванттық генераторлар саласындағы жас әрі болашағы зор ғалым-зерттеуші, Калгари университетінің түлегі (Канада) Абылхайыр Қайратұлы Әбжали. Ол магнитэлектрлік толқын өрісінің акустикалық соққы-толқындық кернеу өрісімен резонанстық режімде өзара әрекеттесу заңдылықтарын ашып, негіздеді. Мұндай қойылымда бұрын ғылыми жаңалық ашуда қолданылған резонанстың кванттық-өлшемдік әсерін қолдану түгілі, тіпті ғылыми проблема да болған жоқ.
Ендігі автор ҰҒА академигі, ғылым, техника және білім саласындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ҰИА президенті Бақытжан Тұрсынұлы Жұмағұловтың ғылыми еңбектерінің бұл ғылыми жаңалыққа қосқан үлесі зор. Бақытжан Тұрсынұлының ізденістері мен әзірлемелері үдерісті «көзге көрінетіндей» етіп, басқару мен бақылауға мүмкіндік берді. Оның ғылыми зерттеулерінің өрісі – мұнай-газ өндіру саласындағы математикалық модельдеу мәселелері, осы саладағы технологиялық процестерді басқарудың ақпараттық жүйелерін құру болып табылады. Ол Қазақстан мен таяу және алыс шетелдерде жарық көрген
400-ден астам ғылыми жұмыс пен белгіленген тақырыптағы 11 іргелі монографияның авторы.
Б.Т.Жұмағұловтың әзірлеген математикалық модельдері мен олардың сандық шешімінің алгоритмдері зерттелетін құбылысты сипаттау үшін қолданылды. Вакуумды-толқынды технология тәсілімен мұнай өңдеудің гидродинамикалық процестеріне магнит-электр өрісі мен кернеуліктің соққы толқындарының өзара әрекеттесуін модельдеуге ерекше назар аударылды. Магнит өрісі мен соққы толқындарын есепке алу нақты объектіні зерттеуді жеңілдетіп, физикалық және математикалық үлгінің абстрактілік дәрежесін азайтып, мұнай өңдеуді есептеудің қабылданған гидродинамикалық әдістеріне түзетулер енгізуге мүмкіндік берді. Бұл зерттеулер мұнай шикізатының төмен температуралы вакуумдық-толқындық гидроконверсиясының жоғары тиімділігін көрсетті.
«Мұнай шикізатының төмен температуралы вакуумдық-толқындық гидроконверсиясы» терминінің мағынасын және мұнайды мотор отынына дейін терең бөлудің дәстүрлі тәсілдерінен ерекшеленетін технология ретінде қарастырылатын бұл ғылыми жаңалықтың маңызды ерекшеліктері бар. «Конверсия» (conversation) сөзі қазақ тіліне аударғанда «бір нәрсені бір нәрсеге айналдыру» деген мағынаға ие. Сондай-ақ мұнайға қатысты көмірсутекті қосылыстардың бірыңғай ұзын тізбегінің бензиннің, керосиннің және дизель отынының молекулаларын құрайтын көмірсутекті бірнеше тұтас қысқа тізбектеріне айналуын білдіреді. Бұл қысқа тізбектер көміртегі атомы электрондарының көміртегі атомымен, күкірт атомымен, металл атомымен, мысалы, ванадий және т.б. арасындағы электромагниттік байланыстардың үзілуі нәтижесінде пайда болады. Бұлардың сутегі атомдарының жетіспеушілігінен туындайтын айрықша ерекшеліктері бар.
Аталған байланыстардың үзілуі дәстүрлі түрде Жоғары температуралы (+450℃ және одан жоғары) термиялық өрістің, сутегі атмосферасында жоғары қысымды (гидрокрекинг кезінде 200 атмосферадан астам) және әртүрлі катализаторлардың, әсіресе қымбат платина төсенішінде жүзеге асады. Бұл термиялық процестер үшін күкірттің, металдардың және судың болуы катализаторларды уландырып, колонналардың ішіндегі жарылысқа әкелуі мүмкін. Температураның жоғары болуына байланысты шикізат көмірленеді және көмір қалың қабатпен монолит қабат жасай отырып, колонналардың қабырғаларына жабысады. Сондықтан дәстүрлі мұнай өңдеу зауыттары (МӨЗ) жоспарлы техникалық қызмет көрсетуге жылына екі рет кем дегенде бір айға тоқтайды.
Жаңалық авторларының технологиясы бойынша жоғарыда сипатталған процес керісінше жүзеге асырылады: тұтқырлығы мен айдау сорғыларына жүктемені азайту мақсатында шикізат қыздыру температурасы +70℃ және одан төмен. Бұл ретте су (12% - ға дейін) конверсия процесіне қатысады және сутектендіреді. Сондықтан бұл процесс гидроконверсия деп аталады. Көмірсутекті молекулаларды құрайтын түрлі атомдардың электраралық байланыстарын ескере отырып, біз оларға магнитэлектрлік өріске және жоғары қарқындылықтағы акустикалық толқынмен шаршы метрге шамамен төрт мегаватт жұмыс істеуге қабілетті резонанстық режімде әсер етеміз.
Мұндай толқын өрісінің генераторы 2 кВт сағат көзінен құны 50 теңге тұратын 25 тонна шикізатты қоректендіреді. Бір сөзбен айтқанда, бір тонна шикізатқа 2 теңге жұмсалады.
Гидроконверсияның сипатталған процесі моторлы отындар қоспасынан 92%-ға (және одан да көп) және кеме отынынан 12%-ға (8+4) тұратын түпкілікті өнімнің тоннасына жалпы 17кВт сағат тұтынады. Бұл ешқандай да фокус емес, тек нақты экономиканың жеке саласында қолданылатын қалыпты физика.
Қазақстандық ғалымдардың мұнай шикізатын гидроконверсиялау процесін зерттеумен терең айналысуына не себеп болды?
Халықаралық энергетикалық агенттіктің (ХЭА) жыл сайынғы есептеріне сәйкес көмірсутектердің барланған қорларының іс жүзінде барлық өсімі дәстүрлі емес мұнай шикізатының үлесіне тиеді: жоғары тұтқыр битуминозды мұнай, табиғи мұнай битумдары, сланец мұнайы, құрамында мұнай бар құм сияқты мұнай битуминозды жыныстар. Дәстүрлі емес мұнай шикізатының расталған әлемдік қоры шамамен мың млрд тоннаны құрайды. Әлемдік мұнай нарығына энергия тасығыштардың жыл сайынғы жеткізілімдерінің жалпы массасының шамамен 30%-ын дәстүрлі емес мұнай шикізаты құрайды, оның үлес салмағы жылына 3%-ға өсуде. Осыған байланысты ХЭА әлемдік мұнай өңдеу индустриясының технологиялық артта қалғанын және оның моторлы, кемелік және энергетикалық отындарды өндіру мақсатында дәстүрлі емес мұнай шикізатын тиімді игеруге қабілетсіздігін көрсетеді.
Әлемдік ресурстардың шамамен 70%-ын тұтынатын энергетикалық қауіпсіздік мәселелері бойынша экономикалық жағынан жетекші 26 мемлекет, оның ішінде АҚШ, Жапония, Корея және Еуроодақ елдері үкіметтерінің ресми консультанты ХЭА-ның осындай пессимистік болжамы бар. Осы болжамға жауап ретінде «Қазақстанның Үшінші жаңғыруы: жаһандық бәсекеге қабілеттілік» құжатындағы мәліметті келтіруге болады. Бұл – Нұрсұлтан Назарбаевтың 2017 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан халқына Жолдауы. Елбасы әлемде басталған Төртінші өнеркәсіптік революцияның айналымын көрсетеді. Оның басты мақсаты шикізатқа тәуелсіз, циклдік сандық қуатты экономикаға көшу. Шикізаттан тәуелді, циклдік емес даму модельдерін жаңа прогрессивті модельмен алмастыру.
Ғылыми жаңалық авторлары бұл құжатты Елбасының жеке тапсырмасы ретінде қабылдап оны орындау үстінде. Мұндай мақсаттың дәлелі ретінде авторлар технологиялық реакторларды іске асыратын гидроконверсия технологиясының даму барысын жария етіп отыр. Реакторларды сынау нәтижелерін келтірген, соңғы алынған өнімдерді, материалдық-техникалық шығындарды талдаған, материалдық-энергетикалық баланстар мен т.б. жинақтаған бес ғылыми мақаланы жариялады.
Бүгінгі таңда мұнай-газды өндіру саласы дамуының ғылымға негізделуі қажеттілікке айналды. Ашылған ғылыми жаңалық, жаңа технология еліміздің кен орындарында алғашқы сынақтан өтуде.
Энергоресурстарға әлемдік сұраныс ұдайы өсуде және күрделі алынатын қорлары бар кен орындарын пайдалану қажеттілігі кезінде мұнай компаниялары түбегейлі жаңа тәсілдер мен қағидаттарға негізделген мұнай өндірудің барынша тиімді технологияларын қажет етеді.
Себебі ауыр мұнай қоры дәстүрлі мұнайға қарағанда әлдеқайда көп. Әлемде ол оңтайлы технологияның жоқтығынан әзірленбейді. Сондықтан бізде әлемдік нарыққа шығудың жаңа мүмкіндігі пайда болып отыр.
Оның негізі қаланып та қойды. Мысалы, «АМОСО» компаниясы Ұлттық инженерлік академиямен бірлесіп, америкалық серіктесі «GALEXENERGY»-мен бірге ауыр, қалдық мұнай өндіру және зауыттық кен орындарын игеру технологиясын ұсынады. Бұл жобада өндірілген мұнайдың бір баррелінің өзіндік құны 30-35 АҚШ долларының орнына 4-5 АҚШ долларын құрайды.
Сонымен қатар «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ жақын арада Кенбай Шығыс кен орнының Молдабек учаскесінде біздің жаңа өнімдерімізді тәжірибелік-өнеркәсіптік сынақтан өткізеді.
Айта кету керек, бұл технология алғаш рет 2012 жылы Қырықмылтық кен орнында сынақтан өткізілді. Жаңа әдістің артықшылықтарының бірі – 70°С деңгейінде төмен температура, ал дәстүрлі МӨЗ-де 450°С және одан жоғары. Бұл жағдайда ауыр мұнай шикізатының барлық түрі, тіпті мұнай қалдықтары да бірдей дәрежеде өңделеді. Мұнай шикізатын тиімді өңдеудің жаңа дәуірі басталғанын нық сеніммен айта аламын.
Ғалымдарымыздың ашқан жаңалығы арқылы біз әлемде алғашқы болып көп нәрсені іс жүзінде жүзеге асыра аламыз.
Енді мұнай өңдеудің жаңа технологиясын қолданудың пайдасы мен артықшылықтарын қысқаша қорытындылайық. Ғылыми жаңалықтың жоғары пайдалы әсер коэффициенті (ПӘК) туралы айтуға бола ма?
Артықшылықтары айқын көрінеді.
Біріншіден, қайта өңдеуге дейінгі кәсіпорындар мен зауыттарда мұнайды құрғатудың күрделі, энергияны қажетсінетін процесі жойылады; керісінше, су өндірілетін мұнай өнімдерінің көлемі мен сапасын арттыру үшін қажетті компонентке айналады.
Екіншіден, бастапқы көмірсутекті шикізатты тұзсыздандыру, күкіртсіздендіру және деметализациялау процестерінің мағынасын жоғалтады.
Үшіншіден, гидротазалаудың, изомеризацияның және риформингтің заманауи қымбат процестері жойылады.
Төртіншіден, құрамына және тұтқырлығына қарамастан кез келген мұнай шикізатын тиімді өңдеу қамтамасыз етіледі.
Бесіншіден, мұнай шикізатының тұтқырлығы дизель отындарына дейін төмендеу, қату температурасы 20°С дейін төмендеу, ал қайнау температурасы 430°С дейін өсу нәтижесінде реологиялық қасиеттері жақсарады.
Алтыншыдан, көмірсутегі шикізатының ысырабы жойылады (қазіргі заманғы МӨЗ-де жоспарлы ысыраптар 3-тен 10%-ға дейін құрайды); ұсынылып отырған процесс кезінде өндірілетін отын көлемі иондалған судың көмірсутектермен өзара іс-қимылы есебінен ұлғаяды.
Жетіншіден, қазіргі уақытта МӨЗ-де қолданылатын жоғары температуралар (400-450°С) қажеттілігі болмайды, шикізаттың вакуумдық-толқындық гидроконверсиясы 70°с дейінгі температурада жүзеге асырылады.
Сегізіншіден, алынатын мұнай өнімдерінің сапасы айтарлықтай артып, ұзақ сақтау кезінде қайтымсыз болады.
Ақырында, мұндай дәлелдер жаңалықтың өміршеңдігін көрсетеді. Серпінді технологияны енгізумен үлестік күрделі шығындар 4-6 есе, ал пайдалану шығындары – қайта өңдеу қуаты мен тереңдігіне байланысты дәстүрлі МӨЗ-мен салыстырғанда 10-12 есе төмен болады.
Ғылым мен техниканың соңғы сөзіне сүйенсек, дұрысы қалай? Ұлттық инженерлік академиясының мұнай саласы үшін жасаған маңызды ашылулары қалай пайда болды?
– Ғылымдағы үлкен жаңалықтар аяқ астынан ашылмайды, жылдар бойғы қажырлы еңбекті, дайындық пен табандылықты қажет етеді. Ғалымдарымыздың турбулентті-толқынды молекулалық деструкция жолымен мұнайды терең конверсиялау бойынша теориялық және қолданбалы зерттеулері екінші мыңжылдықтың аяғында басталған болатын.
Жеке дара бір ғалымның ғылыми-өндірістік жаңалық жасауы сияқты ғылыми көпқырлылық уақыты өтіп кетті. Академияның ұжымы мақтан тұтатын ғылыми жаңалық ашу – ортақ мүддеге ұмтылған, ұйымшыл күш-жігердің ұжымдық жемісі.
Бұрын өндіріс қазіргідей ғылымның жетістігіне тәуелді емес еді. Сондықтан да ноу-хау «Made in Qazaqstan»-ның өндіріске енгізілуін асыға күтеміз.
Нұрлан ТЕМІРБЕКОВ,
физика-математика ғылымдарының докторы, профессор, ҰИА академигі, ҰҒА корреспондент мүшесі, ҰИА вице-президенті