Бас редактор Нұрлан Оразалин мен оның бірінші орынбасары Ержұман Смайыл бәрімізді жылы шыраймен қарсы алып, әй-шәйға қараған жоқ, газеттің қайнаған қара қазанына салды да жіберді. Күні кеше Шераға – Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбайұлы басқарып, қайта түрленген газет редакциясындағы жігіттердің барлығымен де әріптес әрі сыйлас жолдас-досқа айналған біздер, шынын айтсақ, бір үйдің баласындай тату-тәтті болып, білек сыбана жұмысқа кірістік. Сол уақытта газетте 120-дан астам адам қызмет етті-ау деймін. Бір Қайнар Олжайдың өзі опырып жазатын. Нури Муфтахтар сын мақалаларды төгілтіп, Нұртөре Жүсіптер оймақтай оймен ғана баршаны ойландырып тастайтын дүниелерді жазып, оқырмандарды аузына қаратқанда, оhо, кілең жүйріктер дүбірі саған да қамшы салдырмай тұрмайтын.
Көп ұзамай белгілі қайраткер азамат Уәлихан Қалижанов газетке бас редактор болып келгенде де еліміздің бас басылымы өз биігінен түскен жоқ. Еркін тақырыптарды ізденіп жазып, өткір мәселелердің ақиқатын айтуда өзіндік қолтаңбаларымен көзге түсті. Әйгілі екі қайраткер қаламгер – Ш.Мұртаза мен К.Смайыловтың өзара жазысқан хаттары газет бетінде үсті-үстіне жарияланып, жұрттың көкейінде кептелген сұрақтардың мән-мағынасын билік тарапына жеткізіп айтуда керемет әсерлі болды, сонымен бірге қазақ журналистикасында үлкен жаңалық, ерен шығармашылық ізденістер мен тапқырлықтың арқауына айналды. «Егеменнің» арқасында көптеген шетелде болып, ел мен жер таныдық. Журналистік бай тәжірибе жинап қана қоймай, азамат болып қалыптасқанымызға да тигізген ықпалы зор болды. Айтары жоқ, ол кезде «Егемен» журналистердің ел-жұртқа тез танылып, абырой-атаққа қол жеткізуіне мүмкіндіктер әперді.
«Егемен» газетінің бір бақыты сол, оның тұрақты оқырмандарының көп болуы. Мәселен, бір ғана «Көшедегі пақырды әкім бол деп шақырды» деген мақаламызға сан ондаған хат алғанымыз да есімізде. Барған жеріңде көтермелеп айтып жатады. Тағы да «Батыр Бақтыораз» деп, 1941 жылы 26 маусымда атақты А.Гастелло емес, жанып бара жатқан әскери ұшағымен жаудың танк коллоннасының тас төбесіне шүйлігіп құлап, қайталанбас ерлік жасаған капитан А.Масловтың экипажының құрамында Бақтыораз Бейсекбаев деген қазақ ұшқышының болғанын анықтау үшін «Батыр жолы – бауыр жолы» экспедициясымен Қазақстанды шарлап, Мәскеу, Минск архивіне сұрау салып, іздестірген күндерді қалай сағынбайсың? Сол уақытта бас редактор Уәлихан Қалижанов пен «Атамұра» корпорациясының президенті, қайраткер Мұхтар Құл-Мұхаммед көп жыл дерегі беймәлім болып келген батырды іздестіріп, табуға орасан еңбек сіңіргенін әрдайым құрметпен айту парыз. Батырдың түпкі дерегін де таптық. Есімін қайта жаңғырттық. Ержүрек жауынгерге «Ресей Федерациясының Батыры» және «Қазақстанның Халық Қаhарманы» деген атақтар берілді. Боздақ жауынгер Б.Бейсекбаев туралы оннан астам деректі-зерттеу мақала жаздық «Атамұра» кітап шығарып берді. Алматыда батыр рухына ас беріліп, Республика сарайында ақындар айтысы өткізілді. Осы істің басы-қасында болып, батыр даңқы үшін миллиондаған қаржысын аямай жұмсаған қолы ашық азамат Мұхтар Құл-Мұхаммед екенін айту парыз.
Жалпы, отандық бас басылымның тізгінін ұстаған азаматтардың қай-қайсысы болсын ұжым бақыты мен абыройы үшін барын беруге даяр тұратын еді. Ерағаң – Ержұман Смайыл ағамыз тап осы биікке көтерілген бас редактор болды. Сол Ерағаңның тұсында ғой. Алматы. Түс қайтқан мезгіл еді, бір топ жаңатастық жұмысшы мен белсенді адамдар бас редактордың кең кабинетіне баса-көктеп кіріп, тура мағынасында «жаулап» алды. Оу, бұл не? Сұрақ қоюға шама келтіретін түрлері жоқ. Кабинет еденіне төселіп жатқан кілемнің үстіне жайғасқан 12 адамның ә дегенде айтқаны мынау: «Жаңатаста жағдай қиын. Айлап, жылдап адал жалақымызды ала алмай отырмыз, зауыт жұмысшылары темір жол рельсінің үстінде аштық жариялап жатыр. Әкімдік шарасыз, Үкімет үндемейді...». Сол себепті, «Егемен Қазақстанға» Шерхан Мұртаза ағамыз Премьер-Министрдің атына қаратып «Ашық хат» жазуы керек. Ол мақала газеттің ертеңгі нөміріне жариялануы қажет. Олай болмайынша, біз бас редактордың кабинетінен шықпаймыз!» деп талапты төтесінен қойды. Шераға зейнеткерлікке шықса да редакцияда емін-еркін жүретін, шолушы болып қызмет істейтін. Ерағаң тез арада Шерағамен телефон арқылы хабарласып, жағдайды тәптіштеп түсіндірді. «Шераға, мына жұрт сізді күтіп отыр!» деді.
Аздан соң Шераға да келді тас-түйін болып, қабағынан қар жауып. «Не болып қалды? Бұл кісілер кімдер?» деп бәріне бадырайып қарады. Шерағаның сесінен тайсалды ма, олар орындарынан атып тұрып, кезек-кезек жылы амандаса бастады. Жазушыға бұл Қаратау жұмысшыларының өмірі жақсы таныс. Кезінде кенші жұмысшылары туралы «Қара маржан» кітабын жазып, бұл өндіріс тақырыбына арналған туындысымен Мемлекеттік сыйлыққа ие болған. Атақ-даңқы аспандаған ағамыз «айта беріңдер» дегендей иек қақты. Ұмытпасам, Жандарбек Қалмырза есімді бас көтерер азаматы мән-жайды әбден иін қандырып түсіндіре бастады. Өзінің көңіл күйін бірден сездірмейтін қайраткер кісі жаңатастық бауырлардың жанайқайын да, талаптарын да үнсіз ғана тыңдады. «Аға, сізге сеніп келдік. Басқа барар жеріміз жоқ, шыдамымыз таусылды», деген сөздерін естіді. «Ал мен жазайын. Газетке басу-баспауды мен шешпеймін», деген Шераға сөзін іліп алған бас редактордың: «Жазыңыз, басамыз!» деген дауысы сенімді естілді. Ертеңгі газет бетінде Шерағаның Үкіметке ашық хаты жарияланды. Ақиқат тұрғысында қатты-қатты сөздер жазылды. Дабыл қақты. Үкімет төрағасы Н.Балғымбаев сол күні Жамбыл облысына барып, Жаңатас жұмысшыларының жанайқайының себеп-салдарын өз көзімен көріп, мәселелерді қысқа мерзімде шешуді тікелей өз бақылауына алатынын мәлімдеді. Сең қозғалды. Түйткіл бірте-бірте тарқатыла бастады.
Төл басылымның 80 жылдығына байланысты хронологиялық-тарихи жинақ шықты. «Егеменнің» еңбекторысы Жанболат Аупбаевтың өзі басы-қасында болып, жинақтап, жетекшілік жасады. Тарихи газеттің 1919 жылдан бергі нөмірлерінің бірін қалдырмай қарап, әр мақаланың атауы мен қандай мәселені көтергенін қысқаша жазып, соның бәрін араб әрпінен аударуға аса бір зиялы әрі ұқыпты жан Зияда Ижановты көмекке шақырды. Түбі қызылордалық Зияда ағамыз ескі архивтік материалдарды аудара жүріп, назар аударуға қажетті мақалалардың бәрін оқып шықты. 30-жылға қарай газет латын әліпбиіне ауысады. Сол кезеңдегі нөмірлерді біз оқып, мұқият сүзгіден өткіздік. «Егеменге» келген ізі бар, шыққан ізі жоқ» делінетін журналистің бірі Әділ Дүйсенбек ағамыз да осы деректі кітапты шығаруға көп еңбек сіңірді. Мұндай жинақ бұрын-соңды болмаған еді. Бұл да бір игілікті іс болды.
Басылымның басшысы болған кезінде Сауытбек Абдрахманов, қазақ мәдениетіне танымал тұлға, терең білімдар азамат отандық бас газеттің бағын ашу жолында көптеген тың идеяларды жүзеге асырды. Абыройын көтерді. Газетті жаңа сипатта жандандырып, мазмұнын танымдық және көркемдік деңгейде түрлендіре отырып, таралымын 200 мыңға жеткізді. Шынымды айтсам, «Егемен Қазақстан» газетінде өткен 11 жылдан астам уақытты таразы басына тартсам, менің есейіп, шыңдалып, ел арасында, әріптестер ішінде шама-шарқымызша кеңінен танылған ең бір қимас әрі бақытты кезеңдерім деп санаймын. Қазақтың «Көргенді жерден шыққан екен» деп аса бір мағыналы әрі астары терең ойлы сөзі жиі болмаса да, қайсыбір жағдайларға байланысты айтылып жатады. Сол сияқты қазақ журналистикасында «Егемен Қазақстанда» қызмет еттім» деген бірауыз сөздің қадір-қасиетін қолына қалам ұстаған жандар баяғыдан-ақ түсініп, бағасын беріп қойған.
Біз біршама уақыт жетекшілік жасаған Алматы бөлімшесінің редакциясына сәті түскенде Салық Зиманов, Ғайрат Сапарғалиев, Серік Қирабаев, Манаш Қозыбаев, Жұмағали Ысмағұлов, Әбдімәлік Нысанбаев, Камал Смайылов, Зейнолла Қабдолов, Сұлтан Сартаев, Камал Ормантаев, Қалмұқан Исабаев, Төрегелді Шарманов сияқты ғұламалар мен жайсаң жандардың арнайы бас сұғып, аман-саулық сұраса отырып халықтың тағдырын арқалаған мәселелер жайында ой бөлісіп, болмаса, редакция өтінішіне сәйкес жұрт күткен тақырыптарда мақалалар жазған кездерін де ұмытпай, сағынышпен айта жүреміз. Қазақ Үкіметін кезінде 14 жыл басқарған Бәйкен Әшімов ақсақалдың да арнайы телефон шалып, газетке шыққан мақалалар туралы пікір айтып жататын шақтарды да құрметпен еске аламыз. Әрқайсысы бір ұлттың, адамзаттың тағдырын ойлайтын тұлғалар-тын. Олардың газет бетінде тауып айтқан бір- ауыз сөзінің салмағы атан түйеге жүк болғандай еді-ау.
Иә, біз – осындай ұлы тұлғалармен жүздесіп, сырласып, тұтас дәуірдің жылнамасы мен заман тарихын бірлесе жазу бақыты бұйырған ұрпақпыз. Ал «Егемен» осылайша көптің де, көктің де қалауымен ел газеті атанып, жүз жасап жатыр...
Мейрамбек ТӨЛЕПБЕРГЕН,
Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері
ТАРАЗ