Экология • 18 Қараша, 2019

Мысықтабандап мия жұлғандар көбейді

637 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мия өсімдігінің Қазақстанда 5 түрі кездеседі. Атап айтқанда, есек мия, ақ мия, жалаң мия, қы­­зыл мия, миятамыр. Қызыл мия және миятамыр түр­лерінің тамырында гликозид, сахароза, эфир майы, органик, қышқылдар, минерал тұздары бар. Қызыл мия тамыры косметология­да тері дақ­тарын кетіру үшін, сонымен қатар терінің қар­таюының алдын алуға қолданылады. Ең бас­ты­сы, мия тамыры түрлі аурулардың алдын алу­­да таптырмайтын «табиғат құдіреті» болып табы­лады.

Мысықтабандап  мия жұлғандар көбейді

Алайда, сол «сұлулық сиқы­ры»­ қазақ сақарасында өссе де, бүгінде мия тамыры заңсыз сау­да­ның құрбаны болып, талан-та­ражға түсуде.

Ал Қытайда мия тамырының адамды жасарту қасиеті 3000 жыл бұрын дәлелденген. Бұл елдің дәстүрлі медицина саласында мия тамырынсыз бірде-бір дәрі жасалмайды. Тамақ дәм­деуіш қоспаларға да мия тамы­ры қосылады. Тіпті шикізат тап­шылығынан Қытай билігі 2008 жылдан бастап мия тамырын баж салығынсыз тасымалдауға рұқ­сат берген.

Косметологияда көші ілгері­леп отырған Оңтүстік Корея да мия тамырларын ұдайы қолдану­шылардың қатарында. Алайда, шикізат тапшылығынан олар мия­ны бүгінде қолдан өсіруге көшкен. Осындай үрдіс көршілес Өзбекстанда да қолға алынған, арнаулы мамандандырылған шаруа қожалықтары мия өсімдігін қолдан өсіреді. Бұл елде мия тамырын заңсыз тонауға тыйым салынған.

Қазір газдалған тәтті сусын­дардың адам ден­сау­лығына зиян екенін жиі айтамыз. Алайда, бұл сусындардың құрамына қант қоспай-ақ, мия тамыры арқылы емдік қасиетін күшейтуге болады. Тәттілігі жағынан бұл өсімдік қанттан 50 есеге артық саналады.

Ал қызыл мия тамырын ха­лық медицинасында көп­теген ауру­ларды емдеу үшін, мәселен, стресс ал­ғанда және күрделі операциялардан кейін, іріңді жараларды, ұмыт­шақтық, қалқанша без ауруларын емдеуге ұдайы қол­данған екен.

Қытайда, Кореяда, АҚШ-та мия тамырына деген сұраныс қы­зып тұр. Соның кесірінен аза­­мат­тарымыз өз жеріміздегі дәрілік шөптерді аяусыз жұлып, арзан ақшаға саудалайды. Мия та­мырынан пайданың көзін тап­қандар, оны жөн-жосықсыз қазу барысында тағы бір нәрсені ес­кер­мейді. Мәселен, мия – таби­ғи жабайы өсімдік. Оның айна­ласында еліміздің Қызыл кітабына енгізілген жойылып кету қаупі бар өзге өсімдіктер де болуы әбден мүмкін. Сондықтан мия тамырына жасалған әрбір қас­күнемдік қазақ жерінің құтын қашыр­ғанмен бірдей екенін естен шығармаған жөн.

Бұл күндері көршілес шет мемлекеттерде қызыл мия тамырына деген үлкен сұраныс артып отыр. Сол себепті республи­ка­да бұл жаппай жиналады. Бұл үде­ріс әлемдік нарықта осы ши­­кі­зат тапшылығының артуы­мен және негізгі жабықтаушы ел­дер­­­дің (ҚХР, Иран, Ауғанстан, Өз­бекстан) қызыл мия тамырын сыртқа шығаруды шектеуімен түсіндіріледі.

Қызыл мия тамырын бақылау­сыз, ретсіз дайын­даудың салда­рынан оның жабайы өсетін тара­лымы құриды, табиғи экожүйе­лерге нұқсан келтіріледі, бұл бола­шақта отандық фармацев­тика өндірісін шикі­затпен қам­тамасыз ету тапшылығына әкеп соғады.

Қазiргi таңда қазақ жерiнде бос жатқан жерге бiр­жақты қарау үстем болып отыр. Сол бос жатқан жерде не­ше түрлi емдiк және дә­рiлiк өсiмдiктер бар. Бiр ғана мия өсiмдiгi соңғы бiрнеше жылда түп-тамырымен қо­па­рылып, Қыт­айға сатылып келеді. Қытай әлемдiк фар­мацевтика саласында ұлы төңкерiс жасап жатыр. Ненiң есебiнен? Негiзiнен, Қа­зақстан, Моңғолия секiл­дi ел­дердiң табиғи дәрумендерге бай дәрiлiк өсiм­дiк­тері есебi­нен. Қа­зақстанның дәрiлiк өсiм­дiк­терiнiң есе­бiн алып, оны көз­­дiң қарашығындай сақтап, отан­дық фармацевтика­да оларды пайдаланып, таби­ғи бай­лығы­мызды дұрыстап игеру­дiң кешендi бағдар­ла­масын жасау­­дың реті келген сияқты.

Дегенмен еліміздегі сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген санатқа жатқызылған өсімдік түрле­рін әкету міндетті түрде лицензиялаумен жүргізі­леді. Ли­цен­зия беруді тиісті құ­зыр­лы органдар жүзеге асы­рады. Бұл мәселені де, қазіргі таңда туындаған жағдай­ларды есеп­ке алып, қайта қарастырған жөн деп есептеймін.

Соңғы жылдары арзан табыс­ты көздегендер мия тамырын ас­қан айуандықпен жұлып, техникамен жерді жыртып, қопарып, тамырын жинап, заңсыз саудалауға көшіп отыр. Бұны экологиялық терроризм деп баға­лауға болады. Осындай келеңсіз жағдайлар Алматы облы­сының Іле, Еңбек­шіқазақ және Балқаш аудандарын­да өршіп тұр. Сирек болса басқа аудандарда кез­­деседі. Бұл мәселе құзырлы органдар та­рапынан бір­­неше мәрте көте­ріліп, оның алдын алуда бірқатар ша­ралар да жасалды. Дегенмен мәселені мемлекеттің мой­нына ғана жүктей салған болмас. Мұн­да өзектілік әр адам­ның бұл әрекетке бармастан бұрын сана­лы ойланбауында. Елге-жерге деген сүйіспеншіліктің сарқылып, азаматтық рух­тың әлсірегені байқалады. Бұл қас­күнем­діктің артында «4-5 жылда мия тамырының мүлде жойы­­лып кетуі мүм­кін бе?» деген сұрақ төңірегінде ойлан­­байтындар тұр.

Сондықтан да, Қазақ елінің баға жетпес байлығы қызыл мия­­­­ны талан-таражға салмай, топы­­­рақтың, жердің құрылымын бұз­бай, жүйелі ғылымға негіздел­ген бағдар­ламаға сәйкес игерген жөн. Баба­ларымыздың «ақ найзаның ұшы­мен, ақ білектің күшімен» бола­шақ ұрпақ үшін қор­ғап қалған ұлан ғайыр даласын экологиялық тұрғы­дан табиғи тепе-теңдігін, тұрақтылығын сақтау, қорғау тек экологтардың ғана емес, барша елім, жерім деген Қазақ­станның әрбір азаматының борышы еке­нін естен шы­ғар­майық, ағайын.

 

Қонысбек БАЙЕДІЛОВ,

Алматы облысы бойынша экология департаментінің басшысы

 

ТАЛДЫҚОРҒАН