100 • 18 Қараша, 2019

«Еңбекші қазақ» газеті: Қазақстанда қандай газеттер болды?

1652 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Қазақстанда қандай газеттер болды?» мақаласы 1925 жылы «Еңбекші қазақ» газетінің №324 санына шыққан.

«Еңбекші қазақ» газеті: Қазақстанда қандай газеттер болды?

І  «Қазақ» (Орынборда)

1917 жылға шейін ұлт жырын жырлады. 17-ші жылы большевикке қарсы тұрды. Басқарушылары – алашшылдар. Алаш тілегі – кеңес тілегіне қайшы тілек. «Қазақ» газетінің баспасөз күнінен сыбаға алуға хақы жоқ (1912-1918 жылдарда).

ІІ «Сарыарқа» (Семейде)

100% таза алаштың газеті. Кеңес үкіметіне қарсы сөз таратып, қазақтың қалың бұқарасының көзін бояды. Колчакқа намаз оқыды. Жазушылары: Ғаббасов, Бөкейханов, Тұрғанбаев, Әуезов, тағы басқалар. Бұл газет адмирал Колчак газеті (1917-1919 жылдарда).

ІІІ «Жас азамат» (Қызылжарда)

Бас жазушылары: Мағжан, Кемеңгеров, тағы бірнешеуі. Бұ да Колчактың, оған тілектес алаштың газеті (1917-1918 жылдарда).

ІV «Бірлік туы» (Ташкенде) 

Басқарушысы – Мұстафа Шоқаев. Қазір шет мемлекеттерде қашып жүр. 18 жылы Жетісу, Сырдария елдерінің үстінде ұлы соғыс болғаны бесіктегі балаға мәлім. «Бірлік туы» сол қанды соғыста ақтардың сусыны болып жүрді (1917-1918 жылдарда).

V «Тіршілік» (Ақмола үйезінде)

Ақмола үйезінде большевиктер атынан шықты. Өмірі аз болып, басқарушыларын Колчак тұтқынға алып, Омбыға айдап әкетіп, газетті жауып тастады. Газеттің аяқ алысы коммунисшілдік еді (1917-1918 жылы).

Октябрь төңкерісінен кейін кеңеске қарсы газеттердің бәрі де өлді. Осы күнгі шығатын газеттер төмендегілер:

  1. «Еңбекші қазақ» (Орынборда)

Қазақстан орталық комитеті мен аймақтық партия комитетінің атынан шығады.

  1. «Ақ жол»

Түркістаннан қосылған екі облыстың ревкомының, партия комитетінің атынан шығады.

  1. «Қазақ тілі»

Семей губком, губатком атынан.

  1. «Бостандық туы»

Ақмола губком, губатком атынан.

  1. «Кедей туы»

Бөкей губком, губатком атынан.

  1. «Қызыл ту»

Оралдан.

  1. «Жұмыскер тілі»

Гурьев жұмыскерлері атынан.

  1. «Ауыл Қостанай»

Губком, губатком атынан.

  1. «Еркін қарақалпақ»

Қарақалпақ автономиялы облыс атқару комитетінің, партия комитетінің атынан.

  1. «Кедей»

Ақтөбеде.

  1. «Жас қайрат»

Аймақтық жастар комитетінің атынан.

Бұл Октябрьден кейін шыққан газеттердің жақсы-жаманын тексермей, тура айтқанда, бәрі де «Правданың» балапаны.

Осы газеттердің бәрі де ағасы «Правданың» ізіне түсіп, шын коммунизм жолымен шарлап, қазақ еңбекшілерін оятып, сезімдендірер деген үміт күшті. Әрине, бұл тілек шет жағалап орындалып келеді. Бірақ алда әлі таудай жұмыс бар.

Қазақ газеттері! Газет болсаңдар, тар өткелден еңбекшілерді алып өткен «Правдадай» болыңдар!

Сәбит

 

Соңғы жаңалықтар