Экономика • 25 Қараша, 2019

«Сарыарқа» газ құбыры биылғы 31 желтоқсанда пайдалануға беріледі

371 рет
көрсетілді
9 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың сайлауалды бағдарламасында Энергетика министрлігінің алдына қойылған міндеттерінің бірі – елорданы, еліміздің солтүстік және орталық өңірлерін газдандыру мақсатында «Сарыарқа» магистралды газ құбырын салудың бірінші кезеңін уақтылы аяқтау болды.

«Сарыарқа» газ құбыры биылғы 31 желтоқсанда пайдалануға беріледі

Жобаны іске асыру үшін «АстанаГаз ҚМГ» компаниясы құрылды. Оның акционерлері – «Самұрық-Қазына» қоры және «Бәйтерек» холдингі.

Экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия өткен жылғы тамыз айында қаржыландыру схемасы мен шарттарын мақұлдады. Осылайша, 80,3 млрд теңге «АстанаГаз ҚМГ» АҚ жобалық компаниясының жарғылық капиталын қалыптастыру жолымен, 85 млрд теңге – «БЖЗҚ» АҚ облигациялық займы және 102 млрд теңге – Еуразия даму банкі мен «Қазақстанның даму банкі» АҚ облигациялық займы есебінен беріледі. Құрылыстың бас мердігері – «ҚазҚұрылысСервис» компаниясы.

Энергетика вице-министрі Мұрат Жүребеков Үкіметте өткен баспасөз конференциясында ҚР Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың Бес әлеуметтік бастамалары аясында «Қызылорда – Нұр-Сұлтан» бағыты бойынша «Сарыарқа» магистралды газ құбырын салу жобасын іске асыру барысы туралы айтып берді.

М. Жүребеков бүгінде «Сарыарқа» магистралды газ құбырын Нұр-Сұлтан қаласына дейін салу аяқталу сатысында тұрғанын айтты.

Айта кету керек, газ құбырын салуға 1 700-ге жуық маман және 1000 бірлік арнайы техника тартылған. Бүгінде газ құбырының желілік бөлігінің 100%-ы немесе 1061,3 км дәнекерленіп, салынған. Газ құбырының 963 км немесе 91% сыналды.

Бұған қоса, газ құбыры-бұр­малары мен бес автоматтан­ды­рылған газ тарату стансасын, газ өлшеу стан­сасын және басқару пунктін салу жұмыстары атқарылуда.

«Жалпы, жұмыс кестеге сәй­кес жүр­гізіліп жатыр, биылғы жел­тоқ­сан­да магис­тралды газ құбыры, бес авто­маттандырылған газ тарату стансасы, газ өлшеу стансасы және бас­қару пунк­тін қоса алғанда, барлық нысанның құры­лысы аяқталады. Газ құ­бы­рын пай­далануға беруге қабыл­дау биылғы 31 желтоқсанға жос­парланған», деді вице-министр. 

Оның айтуынша, магис­тралды газ құбырының Нұр-Сұл­­тан қаласына дейін салын­уы газ құбыры бойын­дағы 171 елді мекенді газбен бір­тін­­­деп қамтамасыз етуге жол аша­ды, сондай-ақ Нұр-Сұл­тан қаласы мен газ құбыры трасса­сы­ның бойындағы басқа да елді ме­кендердің экологиялық жағ­дайын жақсартуға мүмкіндік береді.

«Сарыарқа» газ құбыры жобасын іске асыру шағын және ор­та биз­несті дамытуға, соны­мен қатар, магистралды газ құбы­ры бойындағы өңірлердің инфрақұрылымын дамы­туға мультипликативті әсер бе­ре­ді. Бұ­дан өзге, отын ретінде та­би­ғи газды қолдану атмосфераға шығарылатын лас қалдықтарды азайтып, халықтың қолайлы өмір сүруіне әрі қоршаған орта жағдайын жақсартуға ықпал етеді», деді вице-министр.  

Нұр-Сұлтан қаласына газ қашан келеді?

Энергетика вице-министрі Мұрат Жүребеков Нұр-Сұлтан қаласын магис­тралды газ құбы­рына қосу кезең-кезең­мен жүргізі­летінін айтты. Нұр-Сұл­тан қала­сын­да газ тарату же­ліле­рінің құ­рылысы 2025 жылға дейін салу мер­зімі­мен үш кезекке бөлінген. 

Біріншісі – 2019-2021 жылдары. Алғаш­қы тұтынушылар келе­сі жылыту маусымында газ­ға қосылатын болады. Олар: Көк­тал-1, Көктал-2, Оңтүстік-Шы­ғыс тұрғын үй алаптары, сондай-ақ ЖЭО-1 және ЖЭО-3. Бірінші кезегі 2020 жылы беріледі.

Екінші кезек мерзімі – 2021-2023 жылдары. Шығыс және Оңтүс­тік-Шығыс газ тарату пункт­тері қосы­ла­ды. Интернацио­наль­­ный, Ми­чури­но, Котельная аудандары газбен қам­тамасыз етіледі. Сонымен қа­тар, Приго­род­ный, Family Village, Gar­den Village  шағын аудандары жә­не халық­аралық әуежай қазандығы қосы­лады.

Үшінші кезек – 2023-2025 жылдары. Ильинка, Өндіріс, Кір­піш зауыты, ЖЭО-2 газға қосы­лады.

«Алғашқы газ тұтынушылар келе­сі жылы қосылады, бірақ бұл жұмыс жылдам бітпейді, ол ұзаққа созылатын кезеңмен жүр­гізілетін процесс», деді вице-министр.

 Қарағанды облысын газ құбырына қосу

Қарағанды облысының әкім­дігі автоматтандырылған газ тарату стансаларынан желілерді Қара­ғанды, Те­міртау және Жез­қазаған қалаларына тартуды және тарату желілерін салуды қарас­тырған.

Қарағанды облысында газ тарату желі­лерін салу үшін респуб­ликалық бюджеттен бұл жылға 2,4 млрд тең­ге бөлінді. Оның ішінде 1 млрд тең­ге – Қарағанды және Жезқазған қа­ла­ларына, 400 млн теңге Теміртау қа­ласына ар­налған. 

Қарағанды қаласы бойынша 2019 жылға жоспарланған 43,4 шақырым құбырдың 38,9 шақы­рымы немесе 90%-ы қойылды, оның 28,9 шақырымы немесе 66,5%-ы дәнекерленді;

Жезқазған қаласы бойын­ша құбыр (барлығы – 29,6 шақы­рым) 100% қо­йыл­ды, оның 19,7 шақырымы немесе 66,5% -ы дәнекер­ленді;

Теміртау қаласы бойын­ша құбыр (барлығы – 30,1 шақы­рым) 100% қойылды, оның 16,8 шақы­рымы немесе 56% дәнекерленді.

Қарағанды облысының әкім­­дігі жыл соңына дейін Жез­қаз­­ған қа­ласында 148 үйді, Теміртау қа­ла­сында 100 үйді және Қарағандыда 150 үйді газға қосуды жоспарлап отыр.

Қарағанды облысы әкім­дігінің мәлі­мет­терінше, жалпы, І ке­зекті аяқ­тау 2020 жыл­дың мамыр айына жос­парланған.

 Ақмола облысын газдандыру

Ақмола облысында бірінші кезекте Аршалы және Целиноград аудан­дарындағы 20 елді мекенде газ тарату жүйелерінің құрылысы жоспарланған.

Бүгінде әкімдік 13 жоба­ның жоба­лық-сметалық құжаттама­сының 8-іне мем­­л­е­кеттік сарап­тама­ның оң қоры­тын­дысын ал­ды, олар бойынша мердігерлік ұйым­дар­ды анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Қалған бес жобаның жобалық-құжат­тамалық құжаттамаларына мем­­лекеттік сараптама қорытын­ды­сын алу мерзімі – 2019 жылғы қа­раша.

«Елбасының бес әлеуметтік бас­­тама аясында берген тапсыр­ма­сының бірі – бұл бесінші бастаманы Энергетика министрлігі орындады деп айтуға бола­ды. Өткен айда біз «алтын дәнекер­леу» рәсіміне қатыстық. Яғни, Нұр-Сұлтан қаласына магистралды газ құбырын тартуда оның соңғы жігі дәне­керленді», деді Энер­гетика вице-министрі.

Газ бағасы қалай белгіленеді?

Баспасөз мәслихатында Мұрат Жүре­беков Нұр-Сұлтан қаласын газдандырудың бірінші кезеңі аясында газ бағасын белгілеу мәселесі туралы да айтып берді.  Оның айтуынша, тұтынушылар үшін түпкі баға астанада үш негізгі факторға байланысты түзі­леді. Біріншісі – жер қойнауын пайдаланушылардан (яғни газды өндірушілерден) сатып алу бағасы, ол бойынша батыс кен орындарынан, Теңіз газдан, сон­дай-ақ Ақтөбе кен орны топтамасынан газ алу жоспарланған. Сатып алу бағасын Энергетика министр­лігі Ұлттық экономика министрлігінің Табиғи монополияларды реттеу комитетімен бірлесіп реттейтін болады.

«Екінші бөлігі – газ тасымалдау. Газ «Бейнеу – Бозой – Шымкент» газ құбы­ры арқылы тасымалданатын болады. Онда біздің тариф анық­талғанымен бұл жаңа газ құбыры. Бағаға әсер ететін үшінші фактор, газ тара­ту желілеріне жұмсалатын шы­­ғындар. Олар бюджеттен қар­жыландырылады. Сондықтан ықпалы аз болады. Тек желілерге қызмет көр­сету тарифі болады. Бағаға ық­пал ететін негізгі фактор – 267 млрд тең­ге қаржы жұм­сал­ған жаңа газ құбы­рының тарифі», деді Энергетика вице-министрі.

М.Жүребековтің айтуынша, пай­далануға берген соң құрылыс ұйы­мы газ құбырын әрі қарай пайдалану үшін «Интергаз Орталық Азия»-ның бас­­­қаруына тапсырады, бұл компания «ҚазТрансГаз» ұлттық опе­раторының еншілес құрылымы.

«Одан соң компания Ұлттық эконо­­мика министрлігінде та­рифін қор­­ғайтын болады. Та­риф бекі­тіл­­ген соң елордадағы көтер­ме баға­сы анықталады, соны ескеру­мен тұ­­ты­нушы үшін бөл­шек баға­сы есеп­­те­леді. Біздің газ құ­бы­ры пай­да­лануға бері­летін күнді күт­пей­тінімізді айтқым ке­леді. 13 қара­ша күні Премьер-Ми­нистр­дің төраға­лығы­мен кеңес өтті. Жұмыс тобы құ­рыл­ды, ай соңына дейін газ бағасы бойын­ша нұсқалар ұсынылатын болады», деді ол.

М.Жүребековтің айтуынша, газ бағасы көмірден арзан болмайды, дегенмен, газ елорда мен басқа облыс­тарда энергияның дизель, мазут деген сияқты басқа баламалы көздеріне қарағанда, арзан болады. 

«Бізде делдал жоқ, бағаны жер қой­­науын пайдаланушылардан «Қаз­ТрансГаз» АҚ ұлттық операторы сатып алып, халыққа жеткізеді. Біз қазір­­дің өзін­де тұтынушыға осы бағаны анықтау үшін шаралар қабылдап жатырмыз. Бүгін бізде бағаның көптеген нұсқалары бар. Айта кетерлігі, ең тө­менгі баға нұс­қасы таңдалады. Біздің мақ­сатымыз – ба­ғаны халық үшін қолжетімді және ар­занырақ ету», деп қорытындылады сөзін Энергетика вице-министрі.