Басылым басшылары • 15 Желтоқсан, 2019

Басылым басшылары - Тәмимдар САФИЕВ (02.1920-04.1920)

289 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

“Социалистiк Қазақстанның” (“Егемен Қазақстан”) елу жылдық мерекелiк арнаулы қосымшасында (1970 жыл, желтоқсан) көптi көрген көнекөз қарт журналист Мерғали Ешмұхамбетовтiң “Ұшқыннан” жалын лаулайды” деген естелiгi шығып, онда автор 1919 жылдың соңына таман Орынборға келiп Кирревкомның кезектi мәжiлiсiне қатысқанын жазған едi.

Басылым басшылары - Тәмимдар САФИЕВ  (02.1920-04.1920)

Сонда мынадай сөйлемдер бар: “... Кирревкомның залына көп адам жиналды. Ревком мүшелерi, басқа да қызметкерлер көп-ақ. С.Меңдешев мәжiлiстi ашып, қысқаша сөз сөйледi. “Ендi газетсiз болмайды, Совет үкiметiнiң саясатын елге түсiндiрiп, ол саясатты iс жүзiне асыру үшiн халыққа үгiтшi, жаршы болатын құрал керек”, дедi ол... Көп ұзамай баспасөз секциясы құрылды. Оған және газет редакциясына үй-жай берiлдi. Редакциялық коллегия құрылды, қателеспесем, редколлегия бастығы Тәмимдар Сафиев болып тағайындалды. Бұл кiсi қазақша, орысша жақсы мағлұматы бар адам екен. Бөкейде 1918 жылы газет шығаруға қатысқан, басқа жауапты  қызметтерде болған. Осы күнi Москвада тұрады, орысша-қазақша сөздiктi шығаруға атсалысты. Қазiр қарақалпақ әдебиетiмен, энциклопедия шығару iсiмен шұғылданып жүр деп естимiн. Редколлегия мүшелiгiне Бернияз Күлеев, Әмiрғали Меңешов, Тұнгашин (кiшiсi) және басқалары (есiмде қалғандары) тағайындалды. Кирревком мүшелерiнен бiрер адам өттi. Мен және Әмiржан Қаратаев әдеби қызметкер болдық”.

“Ардагердiң қателесуi әбден мүмкiн, деп жазады” әрiптесiмiз Тiлекқабыл Боранғалиев осының алдында ғана өзiмiз сөз етiп кеткен мақаласында (“Ұшқынның” редакторы болдым...” 1997 ж. 22 ақпан), өйткенi Бернияздың шақыруымен қызметке қырдағы ауылдан жаңа ғана келген жас Мерғалидiң “Ұшқынның” алғашқы  нөмiрлерiне тiкелей кiм басшылық жасағанын бiлмеуi айып емес. Әсiресе, мұны елу жылдан кейiн еске түсiрген жағдайда”.

Демек бұл кiсiнiң де Х.Есенбаевпен бiрге “Ұшқынның” алғашқы нөмiрлерiнiң шығуына тiкелей басшылық жасағанына күдiк келтiруге болмайды.

Архивте Бөкей губерниялық партиялық тазалау жөнiндегi комиссия отырысының 1921 жылғы 14 қарашадағы хаттамасы сақталған. Онда 1919 жылғы қарашадан РК(б)П мүшесi Т.Сафиевтiң “ұлтшылдықтың тұрпайы түрiн көрсете жүрiп партиялық жұмыста белсендiлiк танытпағаны үшiн” сыннан өткiзiп, қайыра қабылдау құқымен партиядан шығарылғаны (БқОМА, 19 қор, 1-тiзбе, 207 iс, 28-парақ) айтылған.

Т.Сафиев 30-шы жылдары Қазақстанның құрамындағы қарақалпақ округiнiң ресми басылымында еңбек еткен деген дерек бар. Кейiн Мәскеуге кетiп, сонда тұрған. 70-шi жылдары қайтыс болған сияқты. Бiрақ нақты уақыты белгiсiз.