Қазақстан • 18 Қаңтар, 2020

2019 жылы индустрияландыру бағдарламасы аясында 76 жоба іске қосылды

379 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Индустрияландыру арқылы ел экономикасын әртараптандыру бағытын Тұңғыш Президент – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев 2010 жылы айқындап берген еді. Содан бергі кезеңде еліміздің өңдеу өнеркәсібі кәсіпорындары 70 трлн. теңгенің өнімін өндірді. Бұл туралы Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің баспасөз қызметі хабарлады.

2019 жылы индустрияландыру бағдарламасы аясында 76 жоба іске қосылды

Оның 44 триллионы - 2015-2019 жылдары іске асырылған екінші бесжылдық үлесінде. Еңбек өнімділігі бір адамға 35,3 мың АҚШ долларына жетті. Индустрияландырудың екінші бесжылдығы үшін қорытынды кезең болған 2019 жылы жалпы сомасы 360,6 млрд теңгеге 76 жоба іске қосылды. 6 мың тұрақты жұмыс орны ашылды.

Еліміздің индустриялық-инновациялық дамуында машинажасау - басым бағыттардың бірі. Индустрияландыру бағдарламасы шеңберінде саладағы өндіріс көлемі 3 есе артты. 2018 жылы оның көлемі 1 трлн теңгеден асты. 2019 жылы 19,2% көлемінде өсім болып, 1 трлн 180 млрд теңгенің өнімі өндірілді. Өткен жылдың өзінде 7 жаңа жоба іске қосылды. Соның бірі – Қостанайдағы «Кировец» тракторларын шығаратын зауыт. Оған салынған инвестиция көлемі 7,3 млрд теңге. Өндірістік қуаты – жылына 700 трактор шығарады.

Тау-кен өндіру саласына келсек, өткен жылы түсті металл кендерін өндіру көлемі 17,5% өсті.

Жеңілдетілген несиелер беруді қарастыратын «Қарапайым заттар экономикасы» бағдарламасының қабылдануы өңдеу өнеркәсібі саласы үшін қосымша өсім драйвері болды. Бағдарлама аясында бөлінген 600 млрд теңге қаржының 400 млрд теңгесі өңдеу өнеркәсібі саласын дамытуға бағытталды. Бизнесті жеңілдетілген несиемен қаржыландыру нәтижесінде 2025 жылы 16 мыңдай тұрақты жұмыс орны ашылып, бюджетке түсетін салық 1,1 трлн теңгеге артуы тиіс. «Қарапайым заттар экономикасы» өнімдерінің импорттық үлесі 59%-тен 37%-ке дейін азаяды.

Жеңіл, жиһаз, құрылыс материалдары өнеркәсібін дамыту бойынша жол карталары әзірленіп, қабылданды. Отандық мақта талшығын өңдеуді арттыру мақсатында 2019 жылғы желтоқсанда Шымкентте «Alliance» сауда-өнеркәсіп компаниясы» жіп иіру фабрикасы ашылды. Жобаны Қазақстанның инвестициялық қоры мен Өзбекстанның «Alliance Textile» жеңіл өнеркәсіп кәсіпорындары қауымдастығы бірлесіп іске асырды. Жоба аясында алғашқы кезеңде 120 жаңа жұмыс орны ашылып, мақта талшығын өңдеу көлемі жылына 6 мың тоннаға жетеді.

Арнаулы экономикалық аймақтарды дамытуға үлкен көңіл бөлінуде. Осы мақсатта 2019 жылғы сәуірде «Арнаулы экономикалық және индустриялық аймақтар туралы» заң қабылданды. Бұл бағытта Qyzyljar арнаулы экономикалық аймағының құрылуы маңызды оқиға болды. Онда экспортқа бағдарланған заманауи өндіріс орындары іске қосылып, 3 мың жаңа орны ашылады. Бұл – тамақ өнімдері, құрылыс материалдары, жиһаз, электроника және машина жасау өнімдері өндірісін қамтитын Қазақстан мен Ресейдің шекаралас аймақтарында орналасқан жалғыз арнаулы экономикалық аймақ.       

Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі 4.0  Индустриясы қағидатына көшу барысында отандық өндірушілердің бастамаларын белсенді түрде қолдайды. 2019 жылы 102 өңірлік өнеркәсіп кәсіпорындары үшін 4.0 Индустриясы элементтерін енгізу және автоматтандыру стратегиясы бойынша әдістемелік ұсынымдар әзірленді. Қажетті экожүйе құруға бағытталған цифрлық трансформациясын қолдау шаралары қабылданды.