Абай • 28 Қаңтар, 2020

Абайтанудың жаңа кезеңіне жол ашады

294 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Egemen Qazaqstan» газетінде ұлы ақын, дана ойшыл, қазақтың жаңа тарихи дәуірдегі реалистік жазба әдебиетінің атасы Абай Құнанбайұлы жайлы «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты көлемді мақаласы жарыққа шықты. Абайды әлемге танытқан М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің профессор-оқытушылар құрамы мен студенттері мақаладан өз бойларына рухани азық алды.

Абайтанудың жаңа кезеңіне жол ашады

Президент өз мақаласында: «Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы На­зар­баев «Болашаққа бағдар: ру­ха­ни жаңғыру» атты мақа­ла­­сын­­да қоғамдық сананы қайта тү­ле­ту­дің маңыздылығы ту­ра­­лы айтты. Ұлттық сананы сақтау және оны заман талабына бейім­деу мем­ле­кет­тік маңызы бар мә­се­­­леге айнал­ды. Өйткені сананы жаңғырту арқы­лы ХХІ ғасыр­да еліміздің тың сер­пін­мен дамуы­на жол ашамыз», деді.

Расымен де, қазақ халқының ұлт ұстазы Абай (Ибраһим) өз хал­қы­мен бірге жасап келе жа­тыр.  Асыл сөз өлмейді. Асыл сөз айта алған адам да, асылы өлмек емес. Кезінде Абайдың шығармашылық өмірін құнттап, кейінгі ұрпақ үшін алтын сандыққа салып, аманат қып, беріп кеткен М.Әуезов өзінің атағы әлемге жайылған «Абай жолы» роман-эпопеясында: «Алтын терек, арсыға құлаш ұрған ардақты азамат, сен өлмейсің! Еліңнің жалғыз жан, ең соңғы ұлы ма, қызы ма, ең кейінгі нәсілі бірде-бір жан болса, соның да кеудесінде сенің атың бірге кетеді. Сенің тірлігің бірге жасайды, сенің нұрың бірге жарқырайды! Алдың жарқын, өзің солай сеніп ең...  Ана жұртың сені өлді демейді...» деген болатын.

Мемлекет басшысы мақалада азаматтарға, әсіресе жастарға мем­ле­кетін қастерлеудің мән-маңызын түсіндіру қажет екенін, осы ретте тағы да Абайдың мұрасына зейін қойған абзал екеніне ерекше тоқталып өтті.

М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік уни­вер­си­тетіндегі абайтанушы ғалым Ме­кемтас Мырзахметұлы же­тек­­шілік ететін «Мұхтартану» ғылыми-зерттеу орталығы М.Әуезовтің мұражай үйіндегі Мүр­сейіт қол­жа­збасына сүйеніп, қазақ әдебиеті тарихында тұңғыш рет Абайдың «Китаб тасдиқ» шығар­ма­сының транскрипциясын жасап шықты. Бұл Абайтану тарихында үлкен орын алар ғылыми жаңалық деп білемін. Біз осы кезге дейін аталмыш шығарманың түп­нұсқасын оқымай, қазіргі қазақ тіліндегі аудармасын оқып кел­генбіз. Себебі Мүрсейіт қолжазбасынан бері қарай Абайдың «Китаб тасдиқ» шығармасының түпнұс­қа­сы қазақ оқырманына жетпеген. Ақиқатында, Абай «Китаб тасдиқ» шығармасын шағатай тілінде жазған. Шағатай тілі әр кезде мұсылман-түрки, яки қадымша, яки китаби тіл деп аталып келген. Қазақтың әдеби тілін түрлендірген Абай тек «Китаб тасдиқ» туындысын осылай өзгеше тілмен жазған. Себебі «Китаб тасдиқ» – көркем шығарма емес, ғылыми еңбек яки трактат. Ал шағатай – бүкіл түрік жұрты мың жыл бойы қолданған ғылыми һәм әдеби ортақ тіл. Ол стилмен кезінде Жүсіп Баласағұни, Қожа Ахмет Ясауи, Насреддин Рабғузи, Сәйф Сараи, Қадырғали Жай­ла­йы­рилар жазды.

«Китаб тасдиқ» – осы күнге дейін бағы ашылмай келе жатқан туынды. Оның бағы ашылуы үшін ең әуелі оның түпнұсқасы жария­лан­уы керек еді. Түпнұсқасыз мә­­тін­­тану ісі толыққанды бо­ла ал­майды. Түпнұсқа сонау бая­ғы архив сөрелеріндегі Мү­рсейіт қол­жаз­басының ішін­де шаң басып, жетімсіреп жат­қан еді. Содан бері шығарма А.Бай­тұрсынұлының жаңаша араб әліпбиімен де, кейінгі латын һәм кирилл алфавитімен де жарыққа шықпай, елеусіз боп қалған болатын. Ал біз оқып жүр­ген қазақша тәржіма мәтінге өз аты қойылмай, осы күнге дейін «38 қара сөз» деп аталып келген еді. Енді Абайдың ең басты шығармасына өз атын беріп, өзі жазған түпнұсқа тілде ел-жұрт­қа жеткізу керек, бұл ұлы да­­ныш­пан­ның 175 жылдық ме­рей­­тойы қарсаңында баға жетпес зор сый­лық болар еді деп ойлаймыз.

Мемлекет басшысы мақала­сын­да айтқандай Абай хакім бүгінгі біздің де шын мәнінде «өлмес, өшпес тұрғыласымыз» екені анық.

 

Дария Қожамжарова,

М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры, ҰҒА академигі

 

Шымкент