Қоғам • 27 Наурыз, 2020

Генералмен кездесу

1070 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Осыдан 21 жыл бұрын, яғни 1999 жылдың маусым айы болатын. Астаналық басылым - «Ақшам» газетінде қатардағы қызметкер едік. Төтеден тапсырма түсті. Облыстық өлкетану және тарих музейінде армия генералы, Кеңес Одағының Батыры, тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш Қорғаныс министрі Сағадат Нұрмағамбетовпен кездесу өтеді екен. Ұмытпасам, шараны ұйымдастырушы Сарыарқа ауданы әкімінің орынбасары Оразкүл Асанғазы.

Генералмен кездесу

Бардық. Қауышу тым салқын басталды. Сағадат Қожахметұлының көңіл-күйі пәс. Қасымда фототілші Қайырбек Мұқашев қария. Қайракеңнің туған жері Ақмола өңірі-тін. Нақтырақ айтқанда, Сағадат ағаның жерлесі. Жарықтық жаман аппаратын генералдың тұмсығына тіреп тұрып сарт-сұрт еткізеді. Онысы ана кісіге ұнап тұрған жоқ. Қайракең қызық адам, сарт еткізіп фотоға тартқан соң, түсірген нысанасына елжіреп қарайтын әдеті бар. Бұл жолы да сөйтті. Әдеттегідей елжірей қарап еді, генерал оған түнеріп қарағаны. Көздері түйісе кетті. Қайыркең жұлып алғандай: «Танымай тұрсың ба, мен Қайырбекпін» деп бастап, көп жыл бұрын Сағадат Қожахметұлымен ауылда кездескенін, тағы бір қызық оқиғаларды тізбелеп шұбырта жөнелді. Генералдың да көкейіне бір елес түскен болуы керек, түнеріп отырған жүзі жадырап, қарқылдап күліп жіберді. Осылай жайнап, жадырап сала бердік...

Бір әредікте біз бейбақ тыныш отырмай: «Сағадат мырза, қазақтан шыққан тұңғыш генерал кім?» сұрақ қойдық. Сауалым ұнамады. Жарықтық бетіме ожырая қарап, бірдеңе айтпаққа түнеріп келе жатыр еді, Оразкүл апам: «Бұл жігіт те офицер оқуын оқыған, моңғолдан келген қандасымыз», - деп көлденең түсе қалғаны. Қолбасшының жүзі қайтадан жадырып шыға келді. Маған қанағаттанарлық жауап берді.

Кездесу соңында шағын дастархан мәзірі әзірленген екен, мені қолымнан жетектеп апарып, оң тізесінен орын берді. Әлгіндегі қаңтарда жауған қардай, шөккен нардай қаһарынан түк те жоқ, кәдімгі қазақтың қарапайым қариясына айналып шыға келді. Көңілденіп отырып музей басшысынан «Соғыс аяқталған соң еліме келіп (Ақмола облысы Ақкөл ауданының тумасы екен), осы музейдің қорына офицерлік планшетім мен жеке қаруымды тапсырған едім, солар бар ма?» деп сұрады. Ешкім жауап бере алмады.

Қысқасы, маған білсін дегендей қазақ офицерлері жайлы көпке белгісіз әңгімелер айтты. Содан есімде қалғаны: 1942 жылы көктемде Ақмола қаласында тек қазақтардан құралған 106-атты әскер дивизиясы жасақталған екен. Оның саяси жетекшісі болып Ақмола облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Сағадат Құлмағанбетов тағайындалыпты. Аталмыш дивизия Харьков түбіндегі шайқаста бірі қалмай жойылған. С.Құлмағанбетов 33 жасында опат болыпты.

– Осы Сағадат аға менің ауылдасым еді, керемет тұлға болды. Менің атымды осы кісіге ұқсасын деп «Сағадат» қойған. Айтпағым, Құлмағанбетов қазақ арасынан алғашқы болып «генерал» дәрежесі берілетін орынға отырған тұлға, - деді.

Соңында фотоға түсуге ұсыныс жасадым. Бірден келісті. Көпшіліктен шеттеу, алыстан бізді бажайлап тұрған полковникті өзіне шақырды. Үшеуіміз фотоға түстік. Сол жерде Сағадат Қожахметұлы әлгі полковникті қолынан ұстап тұрып: «Мына жігіттің аты Асылбек Меңдіғалиев. Қорғаныс министрлігі менің атымда «Жас ұлан» әскери мектебін ашып, соның қамымен келген бетім. Асылбектің әкесі Аманша Меңдіғалиев екеуміз ІІ Дүниежүзілік соғыста бір окопта жатып, қатқан нанды бөліп жеген қандыкөйлек достармыз. «Жас ұлан» мектебіне осы жігітті басшылыққа тағайындаттым. Өйткені, досым Аманша нағыз ержүрек майдангер еді. Оны Кеңес Одағының Батыры атағына ұсынды. Бірақ ол досыма бұйырмады» деді.

Мына фото жоғарыдағы кездесуден қалған бір белгі істетпес.

Соңғы жаңалықтар