2020 жылы зиянкестермен күресуге республикалық және жергілікті бюджеттен 1,5 миллиардтан астам қаржы бөлінді. Жәндіктердің таралу ошақтарын анықтау үшін мыңнан астам маман тартылды. GPS навигаторлары және трекерлерінің көмегімен шамамен 40 млн га ауылшаруашылық жерлерін бақылау жүргізілді. Химиялық өңдеуге 150-ге жуық арнайы техника - әуе кемесі мен жеңіл ұшақтар, шашыратқыштар және аэрозольдік газ генераторлары жұмылдырылды.
Қазіргі уақытта Жамбыл және Түркістан облыстарында мароккалық шегірткелерге қарсы химиялық өңдеу аяқталды, ал итальяндық прус және азиялық шегірткелерді жою жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар, тұрақсыз шегіртке зиянкестерімен күрес жұмыстары үздіксіз атқарылуда.
«Химиялық өңдеу оңтайлы уақытта жоғары биологиялық тиімділікпен жүзеге асырылады. Мамандардың дайындалуы және олардың жұмысын тиімді үйлестіру нәтижесінде ауылшаруашылық дақылдарына зиян келтіру, сондай-ақ көршілес елдердегі шегіртке зиянкестерінің бізге қарай өтуі байқалмайды», - деді А. Сапаров.
Бірінші вице-министр егін жинауға қызу дайындық жүріп жатқанын хабарлады. Атап айтқанда, элеваторлар мен астық қоймаларын дайындау жұмыстары басталды.
Республикада 189 лицензиялық астық қабылдау кәсіпорны бар, олардың жалпы сыйымдылығы шамамен 12,4 млн. тонна. Бұдан басқа, АШТӨ және лицензиясы жоқ астық қабылдау нысандары 14,7 млн. тонна астықты сақтау мүмкіндігіне ие. Осылайша, астықты сақтаудың жалпы көлемі 27 млн. тоннадан асады.
«Қазіргі уақытта барлық лицензияланған астық қабылдау кәсіпорны элеваторлардың материалдық-техникалық базасын дайындауға кірісті. Астық тазартқыш машиналардың, астықты кептіруге арналған жабдықтардың дайындығына және зиянкестерден залалсыздандыру шараларын жүзеге асыруға ерекше көңіл бөлінеді», - деді Айдарбек Сапаров.
Вице-министрдің айтуынша, елдің оңтүстік өңірлері егін жинауға кірісті. Картоп, көкөністер, бақша дақылдары мен күздік дақылдар жиналуда. Қазірдің өзінде 93 мың тонна бидай және 26 мың тонна арпа жиналды.
«ҚазАгро» холдингінің хабарлауынша, үстіміздегі жылдың 6 айында агроөнеркәсіптік кешенді несиелеуге 211 миллиард теңге бөлінген. Атап айтқанда, көктемгі егіс және егін жинау жұмыстарын несиелендіруге 82 млрд. теңге, ауылшаруашылық техникаларын жаңартуға 48 млрд.теңге бөлінді, сонымен қатар жалпы құны 5,8 млрд.теңгеге 10 ірі инвестициялық жоба енгізілді.
«Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы аясында 17 млрд. теңгеге 4 мыңнан астам микрокредит берілді, оның жартысын ауыл кәсіпкерлері алды.
Бірінші жартыжылдықта Холдингтің жұмысының нәтижесінде ауылдарда 3,8 мың жұмыс орны құрылды.
Мемлекет басшысының тапсырмасымен Холдинг өз қызметін оңтайландыру бойынша белсенді жұмыс жүргізуде: еншілес ұйымдардың саны жетіден үшке дейін қысқартылды.
Сондай-ақ, фермерлердің өтініші бойынша кепіл саясатына қойылатын талаптар жетілдірілді. Енді олардың қамтамасыз етілуі өтімділіктің ең жоғары коэффициентімен бағаланады. Сонымен бірге, Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры кепілге қойылған жерлерге және басқа мүлікке өтімділік коэффициенттерін арттырды, болашақта қарыз алушының меншігіне айналатын кепілге қойылған мүлікті қабылдайды.
Пандемиядан зардап шеккен қарыз алушыларға кейінге қалдырылған төлем ұсынылады. 9,5 млрд.теңге сомасына 3378 қарыз алушының кейінге қалдыру өтініші мақұлданды. Бұл ауылдық жерлерде 9 мыңнан астам жұмыс орнын сақтап қалуға мүмкіндік беріп отыр.